Қазақстан дизайнерлері одағын басқарған, теңге мен мемлекеттік рәміздердің авторы Тимур Сүлейменов 76 жасында бақилық болды. Ол бүгін, яғни 10 мамыр күні ұзаққа созылған сырқаттан көз жұмды. Естеріңізге сала кетейік, Тимур Бимашұлы Сүлейменов 1943 жылы 14 ақпанда дүниеге келген. Қазақ политехникалық институтын сәулетші-архитектор мамандығы бойынша бітірген. Қазақстан суретшілер қорының бас суретшісі болған шебер 1987 жылы Қазақстан дизайнерлер одағын құрып, содан бері оның президенті болған. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары Тимур Сүлейменов алғашқы теңгенің, мемлекеттік рәміздердің, Республикалық ұлан әскери формасының дизайнын жасауға жұмылдырылған суреткерлер қатарынан табылған. Алматыдағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқандарға арналған Бостандық таңы ескерткіші Тимур Сүлейменовтің жобасы бойынша жасалған. Марқұм туыстарының хабарлауынша, қоштасу 11 мамыр күні сағат 10-да Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Өнер мұражайында өтеді.