- Негізгі бет
- Тағзым
- Түркістанда Мағжан Жұмабаевтың...
Түркістанда Мағжан Жұмабаевтың ескерткіші ашылды
Түркістанда қазақтың әйгілі ақыны Мағжан Жұмабаевтың ескерткіші ашылды. Ақынның өз атымен аталатын №15 мектеп-гимназиясының алдында бой көтерген тас мүсіннің ашылу салтанатына қала әкімі Әліпбек Өсербаев мен әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек, мағжантанушы-жазушы Жарасбай Сүлейменов пен заң ғылымдарының докторы, профессор Бекет Тұрғараев, Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Маралтай Райымбекұлы және бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысты, деп хабарлайды Массагет.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Шарада сөз алған қала басшысы игі іске мұрындық болған жандарға бараша түркістандықтар атынан алғыс білдіріп, аталмыш шараны рухани жаңғыру жолындағы қарымды қадам беп бағалады. Сондай-ақ, ұлы ақынның есімімен аталатын мектеп-гимназиясына жаңа ғимарат салынғанын, оның материалдық-техникалық базасының жаңғыртылғанын жеткізді. Бұдан соң «Солтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы, мағжантанушы-жазушы Жарасбай Сүлейменов бұл игі шараның маңызының ерекшелігін айта келе, Мағжанның жалынды жырларының ешқашан өшпейтінін тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің атынан мектепке компьютерлік сыныбы сыйға тартылғанын да атап өтті. Белгілі заңгер Бекет Тұрғараев болса келер жылы ақынның туғанына 125 жыл толу мерекесіне орай мектеп ұжымына Мағжан жырларын жатқа айтудан байқау өткізу жайындағы ұсынысын жеткізді. Ал, демеушілікті өз мойнына алатындығын айтты. Жиында белгілі әнші-сазгер Сауранбек Елеуов Мағжанның «Түркістан» өлеңіне жазған патриоттық рухтағы әнін орындаса, Мағжан Жұмабаев мектеп-гимназиясының шәкірттері ақын өлеңдерін үш тілде жатқа айтып берді.
Айта кетейік, аталған ескерткіштің бас демеушісі «Оңтүстік Жарық» коммуналдық мекемесінің президенті Нәби Айтжанов болса, мүсіннің авторы Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, профессор Азат Баярлин.
Т. Есқали