Юрий Гагарин әлемде алғаш рет ғарыш кеңістігіне сапар жасаған ең бірінші адам ретінде тарихта есімі мәңгі қалды. Ол полковник, Кеңес Одағының Батыры болды. 1961 жылы 12 сәуірде Байқоңыр алаңынан тұңғыш рет ғарышқа ұшып, жерді айналып, 1 сағат 48 минуттан кейін жерге қайта қонған. Қарапайым жігіт бір күнде есімі күллі әлемге танымал болып шыға келді.
Біз бүгін тұңғыш ғарышкердің алғашқы және соңғы махаббаты жайлы әңгімелейтін боламыз. Валентина Горячева мен Юрий Гагарин би алаңында танысқан. Ол кезде қара торы Валя Орынбор қаласында телеграфист болып қызмет атқаратын. Ал ешкімге таныс емес училище курсанты Юра болса қарапайым қызды бір көргеннен ұнатып қалады. Екі жыл бойы дос болып араласқаннан кейін Юрий өзінің сезімін білдіріп, шаңырақ көтереді. Осылайша жай таныстықтан басталған сезім ұшқыны, үлкен махаббатқа ұласады. Өзге жерде жүрген жігіттің ата-анасы келе алмағандықтан тойды екі мәрте тойлайға тура келеді. Алғашқы тойларын Орынборда атап өтсе, екінші рет Юрийдің туған жерінде тойлайды.
1959 жылы Гагариндер отбасында тұңғыш сәби дүние есігін ашады. Қызы Елена туылған соң, Юрий 3 мың адамға жуық үміткерлерден құралған ғарышкерлердің отрядына өзін ұсынады. Осылайша ол таныс емес істе бағын сынамақ болады. 1960 жылы КСРО ғарышкерлер отрядына алынады. Мәскеу қаласының маңындағы Жұлдыздар қалашығына келіп орналасады. Ғарышқа аттанардан бір ай бұрын екінші қызы Галина өмірге келеді. Кеңестік дәуірдегі қарапайым отбасы 12 сәуірден бастап, дүниежүзіне танымал болып шыға келеді. Журналисттер Юрий Гагарин есімін жарияға жар салып жаза бастайды. Оның отбасын, қос қыздарын суретке түсіруге талпынады. Ғарышкердің күнделікті өміріне адамдар қызығушылық таныта бастады. Ал Юрий болса, жұмыстан босай салысымен отбасымен қауышуға асығатын. Себебі үйінде асыл жары, қос қарлығашы күтіп отырды. Атағы жер жарған отағасына Валентина барынша жағдай жасады. Ол бала тәрбиесімен айналысып, үйбикесі болып, келген қонақтарды ілтипатпен күтіп алатын. Тұңғыш ғарышкердің жары күйеуінің атағына қарамай, қарапайым қалпын сақтап қалды. Оны атақ пен байлық өзгертпеді. Алайда бақытты отбасы, қуанышты балалар бір күнде бар бақытынан айырылды.
1968 жылы 27 наурызда Юрий Гагарин мен Владимир Серегин ұшақпен жаттығу кезінде қаза тапты. Қаза боларын сезгендей Юрий жарына қоштасу хатын қалдырыпты. «Егер бір жағдай болса, ең алдымен қайғыдан құса болма Валюша. Өмірдің аты өмір, ертең көлік басып кетпейтініне ешқандай кепілдік жоқ. Өтініш, қыздарды мен жақсы көргендей жақсы көр, оларды қорға. Оларды ақсаусақ етіп емес, өмірге қасқая қарсы тұратындай етіп тәрбиеле. Ал жеке өміріңді қалай дұрыс деп шешсең, солай өмір сүр. Ешқандай міндеттеме қоймаймын және олай істеуге құқым жоқ» деп жазып қалдырған екен. Осылайша тұңғыш ғарышкердің махаббат хикаясы мұңды аяқталады. Валентина Гагарина журналисттерге сұхбат беруден үзілді-кесілді бас тартты. Көзі тірісінде жер көкке сыйдырмай мақтаған басылымдардың кейбірі, ащы суға сылқия тойып, қазаға ұшырады деп қара күйе жаққанына төзе алмады.
Күйеуінің қазасына қабырғасы қатты қайысқан ол басқа күйеуге шықпады. Қыздарды өсіріп, аяққа тұрғызды. Әкелері қалағандай, аналары тәрбие берді. Ал ғарышкердің жары күйеуімен келіп қоныстанған үйінде ақтық демі таусылғанша тұрды. Биыл ол 85 жасында өмірден өтті.