Тарихшы Қамбар Атабаев дүниеден озды

Бүгін, яғни 8 қантар күні тарих ғылымдарының докторы, профессор, деректанушы ғалым Қамбар Атабаев дүниеден озды. 

Қамбар Атабаев 1947 жылы Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Амангелді ауылында дүниеге келген. Тарих ғылымдарының докторы (2000), профессор (2002).

1971 жылы ҚазПИ-дің (қазіргі ҚазҰПУ) тарих факультетін бітірген. 1971–74 жылдары Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы Аса орта мектебінде мұғалім болып жұмыс жасаған. 1977–84 жылдары қазіргі Тараз мемлекеттік университетінде оқытушы, 1984–89 жылдары қазіргі ҚазҰПУ мен ҚазҰУ-да (1989–93) доцент, сондай-ақ 1998–2002 жылдары осы университетте кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған.

«Мерзімді басылым Қазақстан тарихының дерек көзі (1870–1918 ж.)» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Ол ғылыми еңбектерінде деректанудың қазақ тіліндегі ұғымдары мен терминдерін жасап, ұлттық төл деректердің ерекшеліктерін анықтауға қомақты үлес қосты. Қамбар Атабаев деректануға арналған «Деректанудың теориялық мәселелері» (1999), «Қазақстан тарихының деректанулық негіздері» (2002) атты бірқатар еңбектердің авторы. 

Болат Мүрсәлім, журналист, алаштанушы: 

- Тарихшы, профессор Қамбар Атабаев ақсақал қайтыс болыпты деп естідік. Қамбар аға ҚазҰУ-де тарихтан дәріс оқып, деректану ғылымының дамуына көп үлес қосты. Үнемі қазақтың тарихына қатысты деректің бір бөлігі ауызша әңгімеде сақталған, сол деректерді ғылыми айналымға енгізудің әдістемесі жасалуы керек деп жүретін. Алаш қозғалысы тарихының дереккөзі қазақ баспасөзі екенін атап, сол тақырыпта докторлық қорғаған. 2000 жылдардың басында Орынборға барып, сол қаладағы "Қазақ" газетінің редакциясы орналасқан үй мен Қазақтың І және ІІ съезі өткен үйді тапқан ғалым еді. "Орынборда екі үй бар" деп, "Қазақ әдебиеті" газетіне 2005 жылы мақала жазып, Үкіметке осы үйлерге белгі қою туралы үнемі хат жазып жүретін. Кейіннен осы екі үйге Қазақ өкіметі ескерткіш тақта орнатты. Тақтаның ашылуына Қамбар ағаның өзін ешкім шақырмай, кіл ығай мен сығай барса да, ренжімей, "ең бастысы - ел біліп жүретін болды" деп қана қойып еді. Аңқылдақ, баладай сенгіш, өте кішіпейіл адам еді. Алды жарық, жатқан жері жайлы болсын! Артында қалған бала-шағасына Құдай ұзақ ғұмыр берсін!

Қамбат Атабаевтің "Сұхбат.KZ" бағдарламасына берген сұхбаты:

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/VvLaYcKKL4c","width":"450","height":"350"});

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Мәліметтер интернет беттерінен, пікір Болат Мүрсәлімнің фейсбуктегі жеке парақшасынан алынды

Сурет: abai.kz