- Негізгі бет
- Тағзым
- Талғат Бигелдиновпен қоштасу...
Талғат Бигелдиновпен қоштасу 12 қарашада өтеді
Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдиновпен қоштасу 12 қараша күні өтеді. Бұл туралы Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасай отырып хабарлады. Еске сала кетейік, Талғат Бигелдинов 10 қараша күні Алматыда 93 жасқа қараған шағында дүние салған еді.
Батырдың жаназасы 28 гвардияшы-панфиловшы атындағы саябақта, Зенков көшесі, 24-үйде орналасқан Қазақстан Республикасы әскері үйінде (бұрынғы Офицерлер үйі) шығарылады. Ол Кеңсай зиратына жерленеді.
Алматы ардагерлер кеңесі Жеңістің 70 жылдығын тойлау аясында Бигелдиновке ескерткіш орнатуды ұсынады. "Ұлы Жеңістің 70 жылдығына біз үлкен бағдарлама жасап жатырмыз, оған көптеген шара енеді, соның ішінде, Кеңес Одағы батыры атанған қазақстандықтарға ескерткіш орнату бар және әрине, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдиновке ескерткіш қою жоспарланып отыр", - деді Медеу ауданы бойынша ардагерлер кеңесінің төрағасы Ким Серікбаев. Оның айтуынша, Қазақстанда Талғат Бигелдиновке арналған ескерткіш жоқтың қасы, Ақтөбедегі ұшқыштар институтында ғана бюсті бар.
Талғат Бигелдинов 1922 жылы 5 тамызда Ақмола облысында дүниеге келді. Оның балалық және жастық шағы Бішкекте өтті. Болашақ ұшқыш 16 жасында аэроклубқа оқуға түседі. Кейін Саратовтағы, Чкаловтағы ұшқыштар мектебінде білімін жетілдіріп, біліктілігін шыңдады. 1943 жылдың қаңтарында Калинин майданына алынады, оған 296-дивизияның 800-ші шабуылдаушы авиациялық полкының Ил-2 шабуылдағыш ұшағының тізгіні беріледі. 1944 жылдың қазан айында Знаменка және Кировоград қалаларын жаудан азат етуде ерлік пен әскери шеберлік көрсеткені үшін және жаудың төрт ұшағын атып түсіргені үшін аға лейтенант Бигелдинов Кеңес Одағының Батыры атағы атанды. Осы уақытқа дейін ол әуеде 200-ге жуық әскери тапсырманы орындаған болатын. Даңқты ұшқыш Берлинді азат ету үшін болған ұрысқа да қатысты. 1945 жылдың 27 маусымында оған Кеңес Одағының Батыры атағы екінші рет берілді.
Аты аңызға айналған Талғат Бигелдинов барлығы 305 әскери ұшуды іске асырды. 2012 жылы авиация маршалы Александр Ефимов өмірден өткеннен кейін ол Кеңес Одағының Батыры атағын екі мәрте алғандардың арасында Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлігі үшін "Алтын Жұлдызды" иеленген көзі тірі жалғыз адам болған еді. ҚР Әуе қорғанысы күштерінің Ақтөбедегі әскери институтына даңқты батырдың есімі оның көзі тірісінде-ақ берілді.
Е. Қайрахан