Сұлтанғали Садырбаев өмірден озды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде "Қазақ халық ауыз әдебиетінен" дәріс оқыған, филология факультетіндегі "Қазақ фольклористикасы" ғылыми зерттеу кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Алматы облысы Жамбыл ауданының және Ақтау қаласының құрметті азаматы, атақты Сүйінбай ақынның шөбересі Сұлтанғали Садырбаев дүниеден өтті.

1951 жылы С. Киров атындағы Қазақ  университетінің филология факультетінің 1 курс студенті С.Садырбаев жазушы, ғалым М.Әуезовтің «Ақындар ағасы» романы бойынша оқырмандар конференциясында баяндама жасап, суреткердің алғысын алған. 1955 жылы «Абайдың эстетикасы» атты диплом жұмысына академик М.Әуезовтің жетекші болған екен. Академик жазушыдан бата алған С.Садырбаев фольклор саласында кандидаттық, докторлық диссертациясын табысты қорғады.    

Сексен екі жылдық ғұмырының жартысынан астам жылдарын оқу-ағарту, ғылым саласына арнаған Сұлтанғали Садырбаевтың өскелең ұрпаққа қалдырған мұрасы мол. Оның «Фольклор және эстетика», «Халық әдебиетінің тарихы негіздері», «Жамбыл және фольклор» атты монографиялары мен «Қазақ халқының ауыз әдебиеті», «Қазақ халық әдебиеті» оқу құралдары бар. Кезінде Жамбыл Жабаевтың мұражайын жабу жөнінде теріс пікірлерге 1956 жылы «Лениншіл жаста» «Жамбыл мұраларын қастерлей білейік» атты  өткір мақаласы тосқауыл қойды. «Сөздің пірі -Сүйінбай», «Жамбыл: адамзаттың ұлы жыршысы», «Қарасай батыр» деректі фильмінің сценарийін жазды. «Жамбылдың жастық шағы» фильмінің ғылыми кеңесшісі болды. Сүйінбай Аронұлының, Жамбыл Жабаев мұраларының зерттелуіне елеулі үлесін қосты.

Массагет ұжымы ұлағатты ұстаздың туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.

Суреттер:www.kaznu.kz

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева