Аңыздың бәрі әдемі басталып, әдемі аяқтала бермейді. Кезекті кейіпкерімізді зерттеу барысында, қазақ өнеріне жанашыр бір азаматтың айтқаны көкейімде тұрып қалды. Өзің үшін. Жазбай-ақ қой, деген. Бірақ сол сөзі не ары кетпей, не бері лықсымай, аңыз тағдыр жазылмайтындай көрінді. Алайда әуел баста таңдаған тақырыбым маза бермей қойды Әйгілі актер Асанәлі Әшімов жары Майра апамыз дүниеден өткен соң (1993 жылы) бейітінің басына анасы Тәжіханды, баласы Сағиды және бірнеше кісіні ертіп келіп, құран бағыштапты. Кеңсайдағы кілең ығай мен сығайдың қатарында жатқан Майра Шәкенқызының жанынан Асанәлі аға екі орын алып қойыпты. Кейін Майраның жанына шешеміз екеумізді жатқызасыңдар, депті. Сонда Сағи: Ал менің орным қайда?, деп сұрапты. Асағаның түрі қудай болып: Тәйт! Бұл жерге сен жатпайсың! Сенің өмір шырағың алда! деп тыйып тастапты. Бірақ сол екі орынға араға алты жыл салып, Әшімовтің екі ұлы жайғасыпты. 1999 жылдың басында үлкен ұлы Мәди, қазан айында Сағи бірінің артынан бірі өтіпті өмірден Асағаның анасы Тәжіхан апа 2001 жылы қайтыпты Бұл жолдар арқылы ұлы актердің жан жарасын қайта тырнағымыз келмейді. Бірақ біз сағым болған Сағиды сағынамыз. Әттең, егер Сағи болғанда, Мұстафа Шоқайды қырғыз Әзиз Бейшенәливке ойнатпас едік. Осы рөлді Сағи қатырып алып шығар еді. Сағидың түр-тұлғасы да, таным-түсінігі де Мұстафаға жақындау сияқты деп ойладық біз. Шерағаңша айтсақ, бұл да бір кем дүние болды. Әке сағынышы Сағи жайында сөйлесейік деп, Асағаның телефон нөмірін абайлап тердік. Мәселеміздің мәнін түсіндіріп болғасын, арғы жақтағы қырылдаған дауыс: Ех, офиске келе ғой деп күрсінді. Әңгімеміздің аурасы жадырап сала бермейтіні әу бастан-ақ анық еді. Әңгімелесіп отырмыз. Әшімовтің ұлы туралы айтқан сайын көкірегі қарс айрылардай шерге, көзі мұңға толды. Маңдайындағы тамыры буылтықтанып, нарттай болып қызарып кетті. Жан жарасы сыздап бара жатқанын кез келген адам сезінер еді сондағы. Қызым, былтыр Сағидың 50 жылдық мерейтойы болды. Сламбек Тәуекел деген режиссер Сағыныш атты фильм түсірді. Мен сонда айтарымның көбін айттым. Ол фильм әлі телеарналардан көрсетілген жоқ. Сондықтан көрмеген де шығарсың. Сламбекке айтайын, көріп алсаңшы, деді де, мына бір монологты оқыды: Тосындықтың төтесі Тәңір ие жарасым, Еміреніп әкесі күнім дейді баласын. Иә, әке Күн бала да, Мақұлдама, мақұлда. Күн күледі санада, Сыймайтындай ақылға. Күліп алтын елестей, Басылады солығы. Әсте мүмкін еместей, Екі Күннің болуы. Қаталындай қаталдың, Хақ бұйрығын құп алдым. Әке әлбетте батар Күн, Бала әрине шығар Күн. Сан жамырап таң атса Әл таразы електей, Бірі шығып келе атса, Бірі кету керектей. Әкең кетпей бұ сапар Бала Сағи, сен кеттің. Асанқайғы, құса хал, Күн әкеңді еңіреттің. Менің бақытым менің халқым деймін, Жаныма ызғар соғар салқын кей күн, Жолыңнан ажал, көргенім жоқ тайынып. Ұлы Абайдың да қос баласын алдың, Көзінің шырағынан айырып, қанатынан қайырып. Сол кезде ортадан бір қария ұлы Абайға көңіл айтқан екен: Ей, Абай, бұл Алланың ісі, райыңнан қайтпайсың ба?, деді. Халқыңның баласы дүниеден өтті, халқыңа көңіл айтпайсың ба?, деді. Иә, бұл Алланың ісі деп райынан қайтқан екен Абай. Ел-жұртына көңіл айтқан екен Абай. Ей, тауларым, көңіл айтам саған. Ей, далам, сеніп айтам саған. Құшағына бауыр басқан халқымның баласы екен, Қос шырағым халқымның данасы екен. Мен де қайттым райдан, Тілек тілеп Құдайдан. Күрделі тағдыр, күрделі, Қайғыртқан жоқ бір мені Үнсіздік Тыныштық Әңгіме ауанын басқаша өзгертіп көрейік. Шегініс ШОҚАН ТАҒДЫРЛЫ АКТЕР 9-сыныптан бастап киноға түскен Сағи, жалпы саны 30-ға жуық фильмде түрлі рөлдер сомдапты. Бірақ оның атағын аспандатқан рөлі Шоқан. 22 жасында сомдаған осы рөлі үшін де Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанған. Шоқан туралы фильмнің режиссері Асанәлі Әшімовтің өзі. Бірақ, Асағаң: Сағиды бұл рөлге алмаймын, деп, қитыққан екен. Түсіру тобының өзге мүшелері: Сағидан басқа актер бұл фильмге түсер болса, біз жұмыс істемейміз, деп қарсылық білдіріпті. Амалсыздан Сағимен жұмыс істеуге тура келеді. Сағи режиссер әкесімен жұмыс істеймін деп күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылыпты. Тәулігіне 4-5 сағат қана ұйықтап, 8 келі салмақ тастапты. Сонда Асағаның анасы Тәжіхан: Сағиды неге бұл рөлде ойнатасың? Әлдеқашан сүйегі қурап қалған әруаққа тимесеңдерші, жаман ырым ғой, деп шыр-пыр болыпты. Анасының сөзіне сол сәтте мән бермеген Әшімов қазір өкініш білдіреді. Мен баламды азапқа салдым. Бірде оған қалжыңдап: Ендігі межең Абылай, дедім. Сағи болса: Шоқаннан ауыр бола қоймас, деді. Осы сөзді бекер айтқан екенмін. Менің өмірімде болжап айтқан сөзім ылғи кері орындалатын. Балаларым мені ешқашан папа деген емес, аға дейтін. Папа дегізуге шешемнен батпадым. Сағи: Аға, сізбен бірге үлкен бір рөлде ойнасам арманым жоқ, дейтін. Бізге арналған киносценарий де дайын еді, тек үлгермеді. Сценарий желісі бойынша мен суы тартылып қалған Арал теңізіндегі кеменің капитаны, ол ғарышкердің рөлін ойнайтын. Біріміз туған топырағынан табан тайдырмайтын әкені, біріміз арманы асқақ баланы сомдайтын болғанбыз. Ол да кері кетті, дейді Асаға. Сағи Шоқанды сомдап, Шоқан тағдырын құшқан актер деген досы Әмір Смайыловтың сөзін еріксіз тілге тиек етуге тура келеді. Шоқан Уәлиханов 30, оның экрандағы бейнесін сомдаған Сағи 38 жыл ғұмыр кешіпті АСАНӘЛІ ӘШІМОВТІҢ БАЛАСЫ БОЛУ ОҢАЙ ЕМЕС Сағидың курстасы Болат Әбділманов: Сағи студент кезінде Шоқанды ойнады. Ол институт бітіргесін, жұлдыз бола тұра, Мемлекеттік сыйлықты ала тұра, 1 жарым жыл Отарда әскери борышын өтеді. Әскерден қалып қоюға Асекең мен өзінің атақ-беделі де жететін еді. Бірақ, ол өзінің азаматтығын бәрінен жоғары қоятын, дейді. Асанәлі Әшімовтің баласы дегізбей, барлық жетістікке өзі жеткісі келіпті. Бақытжан Әлпейісов Сағиды ең соңғы рет көргенде: Асанәлі Әшімовтің баласы болу оңай емес. Әрқашан әкемнің көлеңкесінде қалып қоямын ба деген қауіп тұрады көкейімде, деген екен. Мектептегі аттестатына үштікті толтырған Сағи Көркемсурет және өнер институтына түскенде намысқа тырысып, әртістердің арасында сөзге қалмауды ойлап, қызыл дипломмен бітіріпті. Сонда Асағаның әкесінің інісі Қасым: Біздің тұқымда бірінші рет Сағижан қызыл дипломмен институт бітірді, деп көзіне жас алыпты. Ол кезде қызылға бітіргендер бірден Әуезов театрына жұмысқа қабылданады екен. 1987 жылы Асанәлі Әшімов театрдың директоры болып келгенде, Сағи әкемтеатрда істепті. Бір күні бастық әкесінің кабинетіне кіріп: Аға, мен жұмыстан өз еркіммен кетемін. Сіздің атыңызға сөз ерткім келмейді. Әріптестерім маған бұрынғыдай қарамайды. Үстерінен кіріп келсем, айтып отырған әңгімелерін тоқтатып, жым бола қояды. Сәке деп сызылып сәлем беретінді шығарды, деп арыз жазып, шығып кетіпті. Сөйтіп, Әшімов директор болып, бірінші бұйрықпен өз баласын жұмыстан босатыпты. Сағи әкесінің атын шығармашылықта пайдаланбайтын, пайдаланса тұрмыстық дүниелерде ғана пайдаланатын. Мысалы, ұшаққа билет болмай қалса немесе қонақүйге барғанда орын жоқ десе, Сәлеметсіздер ме? Сіздерге әкем Асанәлі Әшімов үлкен сәлем айтып жатыр, деп біздің проблемамызды оп-оңай шешіп беретін. Өнер институтында оқитын біздер үшін атақты Асанәлі Әшімовтің күнделікті өмірі қызық еді. Сағи да әкесінің қызықтары туралы айтып жүргенді ұнататын. Бірде Асанәлі аға үлкен шетелдік автокөлік сатып алыпты. Дәл сол кезде жеке кәсіпкерлікпен айналыса бастаған Сағидың ағасы Мәди де кіп-кішкентай шетелдік көлікті тізгіндеп жүріпті. Сағи Асанәлі ағаның машинасымен ары-бері әкесін тасып жүретін. Су жаңа машинаға мініп, Қазақфильмге барыпты. Сол сәтті Сағи көзінен жас аққанша күліп айтып беруші еді. Әмір, біздің аға айтқыш қой. Бүгін Қазақфильмнің алдына машинамен барып тоқтай қалып едік, арғы жақтан Мәди де келе қалмасын ба?! Ағаның машинасын көргендер құтты болсын айтып, Қаншаға алдыңыз? деп сұрап жатыр. Аға саспай: Е-е, біраз ақшаға алдық қой. Сосын сдачасына Мәдиге әнеубіреуді ала салдық деп, Мәдидің пониін нұсқады. Осы әңгімені актерлар арасында Сағи анекдот қылып айтып беруші еді, дейді Сағидың бала кезден бергі досы болған Әмір Смайылов. Кішкентай кезінен өнегелі тәрбие көрген Сағи ешқашан асып-таспайтын, бірақ. Бұл Әбділмановтың Әшімовке берген бағасы. САҒИ ӨМІРДЕ ҚАНДАЙ ЕДІ? Достары Жанна Қуанышева, Болат Әбділманов, Венера Нығматулина, Жан Байжанбаев, Бақытжан Әлпейісов, Евгений Жұманов, Әмір Смайыловтың айтуынша, Сағи Әшімовтің көңілсіз сәті аз болыпты. Егер біреу-міреудің ашуланып тұрғанын көрсе, қолына қағаз бен қалам ала салып, әлгі адамға шарж сурет салады екен. Коллекция жинаумен айналысыпты. Кейде темекінің қорабын, кейде сіріңке жинап, тізіп тастайды екен. Үйінде қоятын артық орын қалмаған кезде жинағандарын достарына үлестіріп тұрыпты. Темір тұлпар десе, шығарға жаны бөлек, қыздай күтіп аялапты. Достарынан қолындағы барын аямапты. Ауылдан келгендер мен қалада өскендердің арасындағы дәнекерші болыпты. Қазақшаға да, орысшаға да жүйрік екен өзі, ешкімді алаламапты. Құрдастары бұрын жеп көрмеген деликатес тағамдардан алғаш Сағи арқылы дәм татқандарын жыр қы-лып айтады. Әйгілі ақ Волгасы әліге дейін аңыз. Режиссер Сламбек Тәуекел: Мен білетін Сағи өз қатарластарының жалдап алған таксисі еді. Қашан көрсең, ақ Волгасымен достарын таситын да жүретін, дейді. Балаға қандай есім берсе, оның өмірі соған тікелей байланысты болады дегенді көп естігенбіз. Кейіпкеріміздің есімінің сырына үңіліп көрдік. Сағи араб тілінен енген сөз. Қазақшаға аударғанда жомарт деген мағынаны береді екен. Евгений Жұманов: Сағи өте тапқыр болатын. Көлік айдағанда, белдік тағынғанды ұнатпайтын, тіпті, одан жүрегі қысылатын. Бір күні алып-ұшып келіп тұр. Мен бір айла таптым, қарашы, дейді. Сөйтсем, аппақ кеудешесіне белдік сияқты қара жолақтың суретін салып алыпты. Енді еркін жүретін болдым, деп мәз дегенді айтса, Венера Нығматулина: Сағидың қалжыңы таусылмайтын, деп жымияды. Сағи мен Венераның ортақ тақырыбы автокөлік екен. Бірде Венераға жүргізуші куәлігін көрсетіп: Сен жаңа үлгідегі куәлік алдың ба? деп сұрайды. Нығматулина жаңалықтан құр қалып қойдым ба деп, куәлікті ашып қалса, Сағидың суретінің орнында 10 теңгедегі Шоқанның суреті жабыстырылып, үстіне мөр соғылып тұр дейді. Бақытжан Әлпейісов Сағидың тілінің тікені барын айтады. Мен Әшімов, сен Тілендиевсің, деуші еді Сағи. Нұрағаңа теңегеніне өзімше мәз болғаныммен, тағы не ойлап тапты? деп мазам кетеді. Сосын әлгі сөзінің астарын түсінгім келіп, неге? деп сұрадым. Мәз болмай-ақ қой, Нұрғиса ағаға сенің құлақтарың ғана ұқсайды, демесі бар ма?! Тоғысқан тағдырлар сериалына бірге түстік қой. Сол кезде түсіру алаңында ең көңілді жүретін Сағи. Түнімен ұйықтамай, кімге не айтуды ойлана ма осы? деп күлетінбіз, деген Әлпейісовтің сөзін осы сериалда Сағидың әйелінің рөлін ойнайтын Жанна Қуанышева былай сабақтайды: Сағижанның гример бөлмесіне келе жатқанын аяқ басысынан-ақ біліп алып, езуімізге күлкі үйірілетін, дейді. Сағи жұмысқа келе сала, айнаның алдына отырып, екі қолын тізесіне қойып: Жастық пен сұлулық болып еді, деп бір күрсініп алатын көрінеді. Бұл сөзге жан-жағындағы өзі қатарлы әртістер кәдімгідей мұңайып қалса, Сағи айнаға төне қарап, бетін сипап: Қазір, міне, сұлулық қана қалды, деп айналасын күлкіге көмеді екен. 1981 жылы Ленинградта Абай атындағы опера және балет театрының гастрольдік сапары болады. Сағидың анасы Майра опера әншісі. Майра Шәкенқызы сол жолы Сағиды Бақтияр Қалиламбеков, Әмір Смайылов деген достарымен бірге Ленинградқа ертіп апарады. Бір күн Таллин қаласына да саяхаттайды. Әмір інісінің өтініші бойынша, кішкентай шетелдік ойыншық машина алмақшы болады. Сатушыдан ойыншық қанша тұратынын орысша сұрайды. Ал сатушы болса, Әмірді көрмегендей, елемей қояды. Жанындағы басқа сатушыға қарап, бұған мойын бұрмайды. Эстон жігіті келіп саудаласса, оған сөйлейді. Мұны байқап қойған Сағи Әмірдің жанына келіп, көзін бір қысып: Мен қазір қатырамын, үндеме, дейді. Сөйтеді де: Әй, жаман, сұмырай қатын! Екіні екіге қоссаң төрт болады. Осыны білесің бе? Анау мәшинені көрсет, жалмауыз! деп күлімсіреп тұра қалады. Сатушы да сол заматта жымиып: Не қалайсыз? Машина ма? Ағын ба, қызылын ба? деп бәйек болады. Өз қалауын орындатқан Сағи: Әспабисә, дорогая!, деп қоштасыпты. Сөйтсе, Сағи олардың орысша сөйлегендерді жақтырмайтынын бірден аңғара қойып, қулыққа көшкен екен. Сағи үнемі біреуге жақсылық жасағанды ұнатыпты. Өзінің шамасы жетпесе, әкесіне иек артатын көрінеді. Қаскелең жақтан бір танысы күнкөріс үшін дүңгіршек ашпақ болады. Сол үшін әкесіне өтініш жасап, Қарасай ауданының әкіміне тікелей шығуын сұрайды. Жалпы, Сағидың қарапайым адамдарға шарапаты көп тиіпті. Сағи студент кезінен бастап астына арқыратып тұлпар мініп жүріпті. Тап сол кезде Шымкент жақтан Сағилардың туыстарының Үсен деген баласы Алматыға келіп, Шет тілдері институтына оқуға түседі. Үсеннің әкесі жоқ, артында үйелмелі-сүйелмелі бауырлары бар екен. Сол Үсенге Сағи үйіндегілерге білдірмей, машинасын түні бойына беріп қояды екен. Ата-анасын жұмыстан әкелген соң, өз бөлмесіне кіріп, терезеден Үсенге кілтті лақтырып жібереді екен. Үсен түні бойы таксист болып, нәпақасын ажыратыпты. Сол Үсен қазір консулдық, елшілік қызметтер атқарып жүрген азамат, дейді Әмір досы. Бірде Тоғысқан тағдырлар сериалына түсіп жүрген топ гастрольдік сапармен Жамбыл облысына барады. Күнұзақ концерт қойып, Алматыға сол түні қайтады. Әртістердің барлығы жолсоқты болып, шаршайды. Шағын автобуста келе жатқандарда сөйлеуге мұрша жоқ. Бәрі маужырап отыр. Қараңғы түнде бір адамның жол бойында отырғаны анық көрінді. Көлігіміз қатты жылдамдықпен келе жатқан. Сағижан тоқтайық деді. Бәріміз қарсы болдық, жергілікті маскүнем шығар деп. Сағи бой бермей, жүргізушіні кері жүргізді. Расында, әлгі адам көрінген жерге барсақ, авария болған екен. Машинасы сайда қалып, әлгі адам жолдың бойына әрең шығыпты. Сөйтіп Сағидың адамгершілігі, жанашырлығы бір адамның өмірін құтқарып қалды. Ол адам сол кезде өзіне көмектескен кім екенін де білмейді, деп еске алады Қуанышева Сағидың азаматтығын алға тартып. САҒИДЫҢ ҚҰПИЯСЫ Естіген құлақта жазық жоқ. Ел арасында Сағи Әшімов нашаға тәуелді болған, содан кетті, деген де қауесет бар. Бұл сұрақты әрине, Асағамызға қойғымыз келген. Бірақ ол кісі: Балам менің алдымда ешбір жаман қылығын көрсеткен емес. Темекі шегіп тұрғанында келіп қалсам, қолындағысын ақырын маған көрсетпей, лақтырып жіберетін, деді әңгіме арасында. Тіпті, достарының арасында Сағи ішімдік ішетін болса, қазір ағамнан сұрап келейін деп айтатын дейтін қалжың да бар. Сағидың Казахстанская правда газетіне берген соңғы сұхбатында Естуімізше, бала кезден көкнәрмен әуестенгенге ұқсайсыз. Әскерге кетуіңіз осы жаймен байланысты емес пе? деген журналистің сұрағына: Тфу-тфу, ешқашан аузыма алған нәрсем емес. Менің бір ғана әлсіздігім бар, 17 жасымнан темекі тарттым, қоя алмай келемін, депті. Ал Әмір Смайылов: Сағидың шөпке тәуелді болғаны өтірік. Біздің әлсіздігіміз ішімдікті көбірек ішетінбіз. Сағи анасын қатты жақсы көретін. Майра апай қайтқан соң зиратына жиі баратын. Мен оған: Анаңды жақсы көр, бірақ бейітіне көп баруға болмайды ғой, деп ұрысатынмын. Әр нәрсені жүрекпен қабылдайтын өте сезімтал еді. Ақыры жүрегіне салмақ түсіп, бір түнде тоқтап қалды. Сол жүрегі үшін 2 жыл Германияға барып ем алды. Бірақ ағасы Мәдидің қайғысын көтере алмады. Өте бауырмал болатын, дейді. Мәди қайтқанда Сағи: Мен сені жалғыз жібермеймін, деп жылапты көзкөргендердің айтуынша. Сонда Ақселеу Сейдімбек: Жаман ырымды шақырма! деп қатты айтып, сабырға шақырыпты. САҒИДЫҢ ОТБАСЫ Сағидың өмірінде әдемі әйелдер аз болмаған көрінеді. Отбасылық өмірі туралы достарынан сұрағанымызда: Шаттыққа толы болмады, деп бір ауыз сөзбен қайырды бәрі. Сыр суыртпақтап, әркім-әркімнен сұрастырғанымызда бірінші әйелімен арада бала болмай, ажырасып кеткен. Екінші қалап алған жары Айсұлу жайлы ертегідегі Айсұлуды сомдаған Сәуле Жомартова екен. Сәуле балет бишісі болған. Сағидың сұхбаттарынан байқағанымыз, Сәуле отбасынан гөрі карьерасын биік қойыпты. Бірақ бет тырнасып, көріспестей болып кетпеген. Сағи өмірден өткенше Сәулемен дос болып, араласып тұрыпты. Сәуле қазір Бельгияда тұрады. Үшінші алған жары ұйғыр қызы Сәнімгүл. Қарапайым шаштаразшы болыпты. Оны елдің бәрі Соня атап кеткен. Сағи өмірден өтетінен екі жыл бұрын Соня егіз ұл мен қыз сыйлапты. Әкесінің қалауымен егіздерінің есімін Майра, Аңсар деп атапты. Бүгінде Сағидың қос шырағы 9-сыныпта оқиды. Әңгімеміздің басын әкенің сағынышымен бастап едік, баланың сағынышымен аяқтасақ. Сағидың Аңсары не дейді? Бала сағынышы Менің есімім Аңсар Сағиұлы. Менің бақытым Сағи сияқты әкем, Асанәлі сияқты атамның болуында. Әкесіз өстім. Әкең іссапарға кеткен деген жауап естіп өстік Майра екеуміз. Есейе бастағанымызда, бізді зират басына апарып, құран оқуға қатыстыра бастады. Сонда ғана әкеміздің келмеске кеткеніне көз жеткіздік. Үміт үзілді, сенім өлді. Әкеміздің қайтып келуінің өзін күту бақыт еді. Майра екеуміздің көкірегімізде бір бақытсыздық пайда болды Әкесі барлар қандай бақытты! Тек соны бағалай білсе ғой. Бақыттан айырылу күрес сияқты екен. Ішкі дүниең арпалысып жатса да, сыртқа шығарып, сыр білдірмеуге тырысасың. Мен өзімнен гөрі әкемді көбірек ойлаймын. Ол кісі өзін бақытты сезінді ме екен?.. Әлде?.. Меніңше, ол бақытты. Оның өнері халық есінде мәңгілік сақталады. Әкесіз өмір мені ертерек есейткен сияқты. Өзіме деген сенім күннен күнге арта түсті. Қазір көкірегімде бір жеңілдік бар. Ішкі әлемімнің тас болып қатып қалмайтынына қуанамын. Аяған адамдарды жақтырмаймын. Әкем туралы әңгіме қозғалса немесе түс көре қалсам, көзіме қалай жас келгенін байқамай қаламын. Өскенде, әрине, жыламайтын боламын. Әзірге көз жасым шықса, әкеммен тілдескендей жеңілдеп қалам. Үлкендер: Аллаға да жақсы адам керек, деп жатады ғой. Менің әкем Алланың сүйікті құлы болған соң, еретерек кеткен шығар Әкем Сағи қысқа ғұмырының өзінде көп іс тындырды. Ал атама Аллам ұзақ өмір берсе екен деп тілеймін. Ол біздің тегіміздің атын шығарып, аспандатқан тұлға. Бізге тірек, әрі өмір ұстазы. Екі бірдей ұлынан айырылу атама оңай болған жоқ. Енді біз оған тірек болуымыз керек. Достарым: Атаң мен әкеңдей әртіс болатын шығарсың, дейді. Мүмкін. Атаммен қоса, әкемнің де өнерге үлкен үлес қосқанын әрқашан мақтан тұтам. Бәлкім, режиссер болатын шығармын. Ең үлкен арманым жақсы адам болу. Әкемнің алдындағы міндетім сабағымды жақсы оқу, анамды тыңдау, атамды ренжітпеу. P.S: Қазақ балаға сана бер, сана бермесең, ала бер дейді. Асанәлі Әшімов: Аз ғұмыр кешсе де, Мәдиім мен Сағиым опалы ұл болды деп өзін-өзі жұбатады. Ал Аңсардай немеремен мақтану керек те шығар. Сағи Мәдиге қарағанда әкесін қалай жұбатуды жақсы біліпті. Асағаң әлдекімге ренжіп, жүзі сынса: Жарайды, аға, биік болсаңшы, сен шыдамды адамсың ғой! дейді екен. Сағи дұрыс айтыпты, әлі күнге дейін мені сақтап тұрған ұстамдылығым екен. Бұл Асанәлі Әшімовтің еңсесін тік көтеріп айтқан сөзі. Жадыра Нармаханова