Осыдан екі күн бұрын әнші, гитарист, және композитор Чак Берри өмірден өтті. Рок-н-ролл музыкалық бағытының негізін қалаушы, «Johnny B. Good», «Rock & Roll Music», «Sweet Little Sixteen» сынды хит әндердің авторы 91 жасында бақилық болды.
АВС телеканалы америкалық музыкант Чак Берридің өлімі туралы Миссури штатының полиция бөлімі хабарлағанын айтады. Олардың мәліметі бойынша, Берри мырзаның үйіне уақытылы жеткен жедел-жәрдем көлігі атақты музыкантты аман алып қала алмады.
Естеріңізге сала кетейік, Чак Берри 1926 жылдың 18 қазаны күні Сент-Луис қаласында дүниеге келген. Ол алғашқы концертін мектепке оқып жүрген кезінде-ақ өткізіпті. Он сегізге аяқ басқан шағында екі досымен бірге Канзастағы 3 дүкенді тонап, бір көлікті айдап кеткен. Кейін үшеуі де кінәлі деп танылып, 10 жылға сотталған. Ал, Чак болса түрмеде өз квартетін құрады.
1948 жылы уақытынан бұрын босатылған музыкант үйленіп, екі жылдан кейін қызы дүниеге келеді. 50- ші жылдары Чак Берри Сент-Луис клубтарында кантри бағытындағы музыканы блюзбен ұштастыра өнер көрсете бастайды. 1953 жылы Johnnie Johnson Trio тобының негізін қалады. 1955 жылдың мамыр айында музыкант Chess Records аталатын блюз лейблымен бірлесе жұмыс істейді. Чак Берридің Maybellene аталатын ритм-энд-блюз бен кантри стилистикасындағы алғашқы синглы сол 1955 жылдың мамыр айында жазылыпты. Сол жылдары Чак қазіргі таңда рок-н-ролл стандарты саналатын «Rock & Roll Music», «Roll Over Beethoven» мен «Johnny B Good» әндерін жазды.
60-шы жылдары Берри мырза әндерінің кавер-нұсқаларын The Beatles, Rolling Stones, Animals секілді беделді топтар орындап жүрді.
1986 жылы оның есімі Ұлттық Композиторлар Даңқ Залына енгізілді. Ол 1996 мен 2014 жылдар аралығында әр сәрсенбі күні өзінің Blueberry Hill аталатын Сент-Луистегі клубында өнер көрсететін.
Чак Берри рок-н-ролл бағытының негізін қалаушылардың бірі саналады. 2004 жылы музыкант Rolling Stone журналы ұсынған тізім бойынша 50 ұлы орындаушы рейтингінде бірінші орынға ие болды.