Ресейлік шоу-бизнес өкілдері бүгін түнде 53 жасында Мәскеу қаласында өмірден өткен атақты музыкант, эстрада әншісі, композитор Батырхан Шүкеновпен қоштасты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты Super.ru сайтына сілтеме жасай отырып.
Қоштасу Боткин ауруханасының аумағында болды, Батырхан Шүкеновті еске алуға оның достары, шоу-бизнестегі әріптестері келді. Ресейлік жұлдыздар әнші қазасына "әлемдік әуен алыбынан айырылды" деп күйінді. Жаназаға алғаш келушілердің бірі Алла Пугачеваның директоры Елена Чупракова болды. Алла Пугачеваның өзі Израильден хабарласып, Батырхан Шүкеновпен жақын дос болғанын жеткізіп, қайғылы отбасыға және достарына көңіл айтып, гүл шеңберін жолдады.
Продюссерлер Максим Фадеев және Игорь Крутой, әншілер Алексей Чумаков, Александр Маршал, Аркадий Укупник, әртіс Ольга Кабо, "А'Студио" тобы, әнші Любовь Успенская және басқа танымал жұлдыздар музыкантты соңғы сапарға шығарып салу үшін барлық жоспарын кейінге қалдырды.
Успенскийдің сөзіне қарағанда, егер дәрігерлер қажетті құрал-жабдықтарымен келгенінде Батырхан Шүкеновті аман алып қалуға болар еді. «Жедел-жәрдемнің қажетті аппараттарынсыз келгенін білдім. Қарапайым көлік қажетті аппараттарсыз, дымсыз келді. Қолдарынан ештеңе келмеді. Ал екінші көлік барлық қажетті затты алып келді, бірақ ол кезде бәрі кеш қалды»,- деді ол.
Жақындары мен отбасы мүшелерінен тек қана әншінің ағасы Бауыржан Шүкенов келді. Батырхан Шүкеновтің продюссері Руслан Магомедов Шүкеновтің 13 жасар ұлы Мақсат әншінің сүйегін жерлеуге алып баруға Алматыға ұшқанын мәлімдеді. Отбасы АҚШ-та тұратындықтан, Мәскеудегі жаназаға келіп үлгермеді. Магомедов: «Оның жанұясы Батырханды өз Отанында жерлеуді ұйғарды. Мүрдесін бүгін Қазақстанға алып кетеді. Ол денсаулығы сыр беретінін айтқан емес, бала кезінен жүрегі аздап шаншиды, бірақ оған аса назар аудармап еді. Жедел-жәрдем келгенде, дәрігерлер мұның инфаркт екенін айтты да, ауруханаға апару үшін зембілге жатқызды. Бірақ ол пәтерде-ақ есін жоғалтты»,- деді.
Батырхан Шүкеновтің соңғы сапары ду қол шапалақпен өтті: қатысушылардың барлығы далаға шығып, әншінің денесін ауруханаға алып бара жатқан көлік кетіп қалғанша қол шапалақтап тұрды.