- Негізгі бет
- Тағзым
- Ресейлік әнші Жанна...
Ресейлік әнші Жанна Фриске дүние салды
15 маусым күні Мәскеуде ресейлік танымал әнші Жанна Фриске қайтыс болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Super порталына сілтеме жасап.
40 жастағы Жанна ми ісігі дертіне шалдығып, қайтыс болды. Жаннаның Наталья атты әпкесінің айтуы бойынша, ол өз үйінде жатып дүние салған.
Әншінің жақын досы, әріптесі Ольга Орлова өзінің фэйсбуктегі жеке парақшасында «Қош, сұлуым... Сен мәңгілікке менің жүрегімде қаласың... Жоғарыдан маған қарап жүр... Мен сені жақсы көремін...» деп жазды.
Жаннаға ота жасауға келмейтін ми ісігі деген диагнозды бір жарым жыл бұрын қойған болатын. Сол кезден бері бүкіл халық оның өмірін бақылап, ақша жинап, ота жасауға қаржы жинаумен болды. Жаннаның жақындары оны үздік емханаларға апарып, емдеуге тырысты. Ол Германия, АҚШ, Қытай дәрігерлеріне қаралды.
Нью-Йорктік Memorial Sloan Catering атты ауруханада ұзақ уақыт жатқан соң 3 айға Латвиядағы сауықтыру орталығына барып, жақындарымен бірге 40 жасын атап өтті. Содан соң Ресейге оралды.
Ремиссия кезеңінде(онкологиялық ауру барысындағы уақытша жақсару кезеңі) Жанна Мәскеу сыртындағы үйінде күйеуі Дмитрий Шепелев пен ұлы Платонмен бірге өмірінің соңғы кезін өткізген еді.
Соңғы сұхбаттарының бірінде ол ісікті жеңуге күш-қуатының мол екеніне сенетінін айтқан-ды. Алайда оның дерті аса қиын еді. Достарының айтуынша, енді марқұмның денесі Мәскеуде жерленеді.
Ф. Абилова