Бүгін, 10 қаңтар күні қазақстандық белгілі кинорежиссер, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Күләш Байсейітова атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Асылбек Нұғманов көз жұмды. Сексен жастың сеңгіріне жеткен режиссердің жақында ғана Қазақстан киногерлер Кеңесінің «Құлагер-2012» ұлттық кинопремиясын Қазақстандағы деректі фильмдер мен кинопублицистиканы дамытудағы еңбегі үшін жеңіп алғандығын хабарлаған болатынбыз.
Асылбек Нұғманов киногерлердің Бүкіләлемдік Мемлекеттік институтының режиссерлік факультетінің түлегі. Өзінің осы ғұмырында көптеген кинофильмдер түсіріп үлгерді. Ол 1973 жылы "Медеу. Батылдықтың күндері мен түндері", 1974 жылы "Армысың, тың жер", 1975 жылы "Қазақстан Ұлы Отан соғысында", "Ажалсыз туралы аңыз", 1979 жылы "Тың", т.б. деректі фильмдерін жарыққа шығарды. Осылайша ол Қазақстандағы деректі фильмдердің санын көбейтіп, сапасын арттырып отырды.
Өзінің жарты ғұмырын Асылбек Нұғманов Ш. Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясына арнады. Көзі ашық, көкірегі ояу ұлт жанашырына айналған дарын иесі ерен еңбектері арқасында ел жадында сақталары хақ.
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/1phOWYxMDBc","width":"425","height":"350"});
Отандық деректі туындылардың талай тұсауын кескен тұлғаның өмірден өтуіне байланысты Массагет ұжымы режиссердің туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: aktau-site.ru