Ұлы Отан соғысының ардагері, бүкіл саналы өмірін еліміздің прокуратура саласына арнаған Оспан Сауранбаевтың ұрпақтары оның «Ұрпаққа ұлағат» атты кітабын шығарды. Кітапта Оспан Сауранбаевтың өмір жолы, көргендері мен көңілге түйгендері, өскелең ұрпаққа арнаған ұлағатты ой-пайымдары жиналған. Биыл марқұмның 90 жылдық мерейтойы өзінің туған жері Жамбыл облысының Шу ауданында аталып өтілмек. Өз кезегімізде кітапты шығарған оның баласы Болат Сауранбаевтан сұхбат алуды жөн көрдік.
– Әкеңіздің 90 жылдығын атап өткелі жатыр екенсіздер, енді алға қойған жоспарларыңыздан бастасақ.
- Әкеміз, жарықтық, айтушы еді, «Өлі разы болмай тірі байымайды» деп. Сондықтан мынадай 90 жылдық мерейтойы алдында әкейдің тойын қалай өткізетінімізді ойлаған едік. Содан үлкен той қылып, ат шаптыратындай шара жасаймыз деп ойлаған жоқпыз. Әкей өте бір қарапайым адам еді. Өмірінде бір де бір мерейтойы мен туған күнін мүмкіншілігі бола тұрса да мейрамханада өткізбеген. Әрқашан бала-шағасы мен немерелері арасында атап өткендіктен біз де құдайы тамақ беріп, ауылдағы жекжат-жораларын шақырып өзінің қарашаңырағында өткізгіміз келді. Тек ас беріп қана қоймай, құран оқып, еске алып, 30 жыл бойы жинақтаған жазбаларын кітап етіп шығаруды ойладық. Бұл кітапта әкеміз бір жазушы болайын немесе басқа бір атақ жинайын деп жазып отырмағанын, тек көрген-түйгенін ұрпаққа өсиет етіп қалдырғысы келетінін жазған. Осындай жасқа келіп, ең болмағанда бала-шағасы үшін өсиет етіп кітап қалдырмай кетіп жатқандар да бар. Сондықтан біз осы ретте әкейдің кітабын шығарған едік. Содан кейін ауылдағы мешіттің құрылысына көмектесіп, стадионда Хати атамыздың атындағы футбол ойынынан турнирді осымен үзбей 29-шы жыл өткізіп жатырмыз. Бала-шағалары мен немере-шөберелері болған соң демеуші болып, ұйымдастырып келеміз. Ал ендігі жылы бұл турнирді отызыншы рет өткізгелі отырмыз. Сондықтан ауылдың стадионының сыртын қоршап, қолдан жасалған алаң жасап бергелі отырмыз. Сол да мына әкеміздің 90 жылдық мерейтойына арналған шара. Бұдан басқа, сол ауыл ақсақалдарын шақырып, құдайы тамақ берсек дейміз.
- Әкеңіздің еліміздегі прокуратура саласына сіңірген еңбегі зор. Жалпы қызмет саласында әкеңіздің образы сіздің есіңізде қалай қалды?
- Әкеміз ылғи да айтатыны қай жерде жұмыс істесеңдер де адамға қиянат жасамаңдар деген сөз еді. Заң саласында болғандықтан маған өте қиын болды дейтін. Бірақ сол күш түсіру керек болса да бір де бір адамға қиянат жасамай өттім. Бізге айтқан ақылында әкеміз басқа салада жұмыс жасап жатсақ та ешқашан да қиянатқа жол бермеңдер дегенді айтатын. Әкеміз тек заңгер немесе прокурор болған жоқ, ол қазақтың тікелей философиясын, тілі мен ділін жақсы білетін адам еді.
- Ал жалпы мәдениет, руханият саласында көзқарастары қандай еді?
- Ол кісі қазақтың салты мен дәстүрін, әке мен шешенің, ер адам мен келіннің орнын ата ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрі бойынша тәрбие сақтайтын кісі. Алматыдан бәріміз ауылға баратын кезімізде келіндеріміз ол кісінің алдында орамалсыз көрінбеуге тырысып, дірілдеп-қалшылдап кететін. Бұл одан қорыққаннан емес, ең бірінші кезекте сыйлағаннан, құрмет көрсеткендіктен. Дастархан басында да үлкендер ас ішіп болмайынша тұрмайтынбыз. Сосын әкеміз зейнетке шыққан соң құрметті азамат, әрі ардагер ретінде Тараздан да, кейін Алматыдан да төрт бөлмелі үй берген. Бірақ оған әкейіміз рақметін айтып, өз ауылындағы үлкен үйде, қарашаңырақта отыруды жөн санапты. Сонда әкеміз ауылдың үлкені болып, ауыл адамдарын дұрыс жолға тәрбиелеген. Кейін мен Америкаға барып, ол жақтың салты мен дәстүрін айтып келгенімде әкемнен әбден сөгіс естідім. Сонда маған «Біз ешқашан американец болмаймыз, біз қазақпыз, қазақтығымызды сақтауымыз керек. Сонда ғана біз ұлт боламыз» деді. Ол кезде жас болғандықтан ренжіген едім, енді қазір өзім де сол жасқа жетіп, ата болдым – әкемнің сөзінің дұрыс екенін түсіндім. Әкеміз осының барлығын сол кезде ойлап, сол болашақты көре білгені екен. Кітабында да осыған ұқсас бір оқиға жазылған. Онда алдына бір шашы ұзындау жігіт істі болып, ұсталып қалып келіп отырғанын айтады. Сосын әкейіміз ол туралы тергеу қағазын толтырып отырып жынысын белгілеп көрсету керек болғанда «әйел» деп жазыпты. Сонда әлгі жігіт әйел деп жазғанына наразы болғанда әкеміз «Сенің мына шашыңа, түріңе, киген киіміңе қарағанда ерге емес, әйелге көбірек ұқсайсың» деп айтып салыпты. Әкесін шақырып оларды кейін шаштаразға жүгіртіп жіберіп, бұл ісін сол адамдарға деген жеке көзқарасы үшін емес, өзгелер үшін де сабақ болсын деп жасағанын да кітабына қосыпты әкеміз. Әкеміздің мінезі Бауыржан Момышұлындай қатты, қатал болған, прокурор кезінде де барлығы өте қорқатын. Өзінің айтып кеткен «Ұрыны ұстауға болады, соғуға болмайды», «Жаман генерал солдатын атам деп қорқытады, жаман прокурор қаматам деп қорқытады» деген секілді мақалдары да болған. Құдайға шүкір, сондай тәрбиені көріп, біліп өскен біз де – ұрпағы жаман болған жоқпыз. Әке-шешеміздің ізін қудық. Әкем бізді «отырғызам», «атам» деген сөзбен емес, қазақтың киелі «ұят болады, балам» деген сөзімен тәрбиелеген. Расында да бір де бір халықта осындай түсінік жоқ екен. Қазақтың өте бір көрегенділігі мен күші де осында жатыр.
- Әкейдің Ұлы Отан соғысы кезінде жарақат алғанын білеміз. Сол жылдар туралы әкеңіздің айтқан естеліктерін айтып өтсеңіз.
- Ұлы Отан соғысына қатысып, 23 рет жарақат алған. Оның үшеуі ауыр жарақат. Курск, Днепр, Ақтерке, Сталинград қалалырындағы шайқастарға қатысып, сол жақта жарақаттанып, қайтқан. Әкем мына кітабындағы жазбаларында 1925 жылғымын дейді. Ал қолындағы куәлігінде 1924 жылғы екен. Сонда соғысқа баруға бір жылы жетпей тұрған соң туған жылын әдейі қате айтып, жора-жолдас, бауырларымен бірге соғысқа аттаныпты. Бұл үлкен бір азаматтық, жігерлілік, жүрегінде қаһарлығы болған сияқты. Әкей өзі соғыс туралы көп әңгіме айтпайтын. Әрдайым «Бейбітшілік болсын, бастарыңа ондай зұлмат келмесін» деп отыратын. Әкем көптеген қолбасшылардың кітаптарын оқып шыққан, тіпті жатқа білетіндері де болды. Соғыс тактикасын, әдістерін өзі де отырып зерттейтін. Біз сонда таңғалатынбыз, не үшін осылай соғыс бітсе де зерттей береді деп. Кейін оның соғыс ілімін жан-жақты сараптағанын түсіндік.
Әкем соғыста мерген де болған. Неміс мергенімен әртүрлі айла-тәсілдер арқылы атысып жүріп дәл мишығынан миллиметр жерден оқ зуылдап өткен екен. Сосын ішін жарылғыш заттың сынығы жырып кеткен. Ал үшінші жарақатын аяғына оқ тиіп алған. Сонда әкем аман қалған соң жауға аттандап шаба беруге болмайтынын, өз басының амандығын сақтау мен сол соғысты қалай жеңу керектігін ойласа ғана нағыз ер азамат, сонда ғана нағыз батыр болады деп айтыпты.
- Ол кісінің ұрпақтары жайлы айтып берсеңіз.
- Құдайға шүкір, Алланың берген алты баласы болған. Бәрі ер азамат. Анамызға қиындау болған, бірақ біз кір жууда да, тамақ пісіруде де көмектесуден бас тартқан емеспіз.
- Әкеңіздің еңбегі мен марапаттары жайлы айтсаңыз, халық әрі мемлекеттік тұрғыдан бағалануы жайлы айтып өтсеңіз.
- Әкеміз 20 жыл Меркі ауданында прокурор болды. Бұл негізінде мүмкін емес нәрсе. Ал прокурор болып барлығы 30 жыл қызмет етті. Себебі аудандық прокурорды әр бес жылда ауыстыру керек. Ұлы Отан соғысының ардагері, әрі Отанына сіңірген еңбегін бағалағандықтан бас прокурор етіп өз орнында 4 рет қалдырған екен. Әкеміз Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған, «КСРО-ның құрметті прокуроры», Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері және бұдан басқа да көптеген медальдары бар. Өзі «Менің ең үлкен медальдарым сендер, балаларымсыңдар» деп айтып отыратын. Халық та әкемізді жақсы сыйлап, Шу және Меркі аудандарының құрметті азаматы етті. Әлі күнге дейін әкем туралы халық арасында жақсы жағынан әңгімелер айтылып жүреді. Солардың ішінде әкемнің бір көрсеткен ерлігі жиі айтылады. Әкеміз прокурор болса да өз әйелін атқан бір орыс азаматты құрықтау кезінде одан қорықпай, көзіне тіке қарап тұрып «Мынауыңды қой, осымен жетер, әйеліңді атып жарақаттадың» деп біраз тілдескеннен кейін қолындағы мылтығын жерге қойып, өз еркімен беріліпті. Кейінде жоғарғы шенділер тарапынан бұл прокурордың ісі емес қой деп аудандық құқық қорғау саласы басшыларына ескерту жасалыпты. Міне, осындай бір ерліктері әлі де халық аузында айтылып келеді. Әкем сондай батыл, қорықпайтын адам болған. Бар ойы әділет орнаса, теңдік болса деген ой-арманда өткен адам.
- Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Ардақ Құлтай
Сурет: massaget.kz