Қазақстандағы денсаулық сақтау саласы қарыштап деп айтуға келмес, дегенмен белгілі бір деңгейде айтарлықтай өркендеген. Қазақ медицинасынан сусындап, елімізде білім алған жас мамандар арасынан әлемдік деңгейде жаңалық жасаған жерлестеріміз аз емес. Жастарға дұрыс жол сілтейтін білікті мамандар да арамызда бар. Мыңдаған адамның өмірін сақтап қалғанмен, өз өмірінің жалғасуына ишарат қыла алмаған білгір дәрігерлер қаншама?! Бүгінгі мақалада дәрігерлік мансабында 30 мың ота жасап, соның ішінде 20 мыңын өз қолымен, 9 мыңнан астам отаның сәтті өтуіне ықпал етіп, басшылықта болған дарынды дәрігер жайлы жазбақпыз. Небәрі 53 жыл ғұмыр кешкен маман жайлы жазылған жазбалар мен сіңірген еңбегі туралы естеліктердің қарасы қалың. Қалың жұрты қазағына қызмет қылған Нұртас Қазыбаевтың өмір жолы, адам өліміне араша болған білімді дәрігердің кәсіби біліктілігі жайлы тереңірек мағлұмат алыңыз. Барлық мамандық адамнан, ал сот, педагог және дәрігер мамандығы Құдайдан деген екен Сократ. Дәрігер мамандығы адам бойындағы асыл қасиеттерді талап етеді. Сол себепті де, екінің бірі армандағанымен, ілкіде біреу ғана білікті дәрігер болады. Ибн Синаның тағы бір айтқаны бар: Дәрігердің қолы арудікіндей нәзік, жанары бүркіттікіндей қырағы, ойы жыландікіндей алғыр, жүрегі арыстандікіндей айбатты болуы тиіс. Табандылық, жылдамдық бастысы жауапкершілік пен шешімпаздықты талап ететін медицина саласының ішінде хирургияның орны бөлек. Дәрігерлер арасында Хирургия нағыз ерлердің мамандығы деген де түсінік қалыптасқан. Бүгінгі мақаланың басты кейіпкері дәл осы хирургия мамандығын таңдаған жан. Нұртас Қазыбаев 1958 жылы 27 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. Нәсілі қазаққа Қазыбаев тегі жақсы таныс. Нұртас белгілі мемлекет қайраткері, журналист, жазушы Кәкімжан Қазыбаевтың ұлы. Анасы еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, ұлағатты ұстаз Орынша Қарабалина-Қазыбаева. Нұртас Қазыбаевтар отбасындағы Нәргүлден кейінгі екінші бала. Орынша апамыздың Нұртас дүниеге келген кезді еске алып, қағазға түсіргені бар: Әлі есімде, 1958 жыл, қыркүйектің 26-сы. Кәкең Қостанайдан іссапардан келді. Ол жылы егін бітік шығып, республика диқаншылары алас ұрып жатқан кез... Таңғы астан кейін Кәкең қызметіне кетті. Ол кетісімен менде толғақ басталды. Қайын сіңлім Рая аялдамадағы телефоннан Жедел жәрдем шақырды. Нұртасымның толғағы да, тууы да өте жеңіл болды. Күндізгі сағат 12-де перзентханада балам өмірге келді. Әкесі келгенде дәрігерлер сүйінші сұрап қуантыпты. Сол күні марқұм жолдастарымен терезе алдына келіп, дүниеге ұл келді деп бәрі қуаныштарын ішке жасыра алмай, мақтана айқайлап еді... Сонымен перзентханада он күн жатып, үйге келдік. Үйге Бауыржан Момышұлының бәйбішесі Кәкеңнің Жәкеңі, Жамал апай келіп, үй шаруашылығын басқарып кетті. Қазір Баукең келеді, бәріңе шай қамын жасап жатырмын деп анамдай қарсы алып, баласының бетіп ашып көріп: Алла қаласа, үлкен азамат болады, Баукең көрімдігін береді, - деді. Сөйткенше Баукең келді. Көрімдігі деп 50 сом берді. Апай: Бала менікі, - дегендіктен 25 сомын апайға бердім. Қалған 25 сом ол кезде үлкен ақша еді, байып қалдық. Кешке жолдастар келді. Үйімізге 50 адам сыйды. Баламызға қойылған атты қалпаққа салып араластырып, мен таңдадым. Кейін Социолистік Қазақстан газетінің бас редакторы болған, өмірден ерте озған Ұзақ Бағаевтың қағазға жазған аты Нұртас екен. Сөйтіп, ұлымыздың аты Нұртас болды. Бір кезде Министрлер Кеңесінің төрағасы болған, ел азаматы Нұртас Оңдасыновтай атақты болсын деп тілек тіленді. Сол тілек орындалды. Әке жолын жалғап, журналист болуды ойлаған бала Нұртас пен әпкесі Нәргүлге Кәкімжан Қазыбаев былай деп ақыл айтты: Сендер, онсыз да қалаған уақытта қолдарыңа қалам алып, жазуды серік ете аласыңдар. Бастысы, жазғың келген дүниені толыққанды зерттеп, мақала жазудағы мақсатты айқындау керек. Сондықтан, тек журналист болам деген арманмен шектелмеңдер. Жүрек қалауын орындаңдар, бойдағы қабілеттерің қай салаға бейім, сол жолды таңдаңдар. Мамандық таңдаудың адам өмірінде қаншалықты маңызды екенін, әсіресе ата-ана үшін бала болашағы бей-жай қарайтын мәселе еместігін жоғарыдағы жолдардан аңғаруға болады. Әке ұлағатына қаныққан балалар алдағы өмірде азық болатын мамандықты таңдауда қателескен жоқ. Нұртас медицина саласын, әпкесі Нәргүл архитектураны таңдады. Ал інісі Батыр әке салған соқпақ жолды жалғастырды. Нұртас Қазыбаев 1976-1982 жылдар арасында Алматы қаласындағы АММИ-дің емдеу факультетінде оқыды. Бұл ордадан жиған білімін тереңдету үшін 1982 жылы жолдамамен Мәскеудегі ординатуралық клиникадағы А.В.Вишневский атындағы хирургия институтына оқуға түсті. Медицина саласының үздігі, академик Виктор Иванович Стручковтың шәкірті атанған Нұртастың осы кезеңде хирургиямен байланысқан жаңа өмірі басталды. Ординатураны 1984 жылы аяқтап, осы жылы КСРО медицина академиясының медицина мектебінде жоғары хирургияға аспирантураға түседі. Үш жыл ішінде кандитаттық жұмыс жазып, оны толық қорғап шыққан Нұртас Алматыға 1988 жылы оралды. Отыз жыл ота залында ақ адал ниетпен науқасқа қызмет қылған Нұртас Қазыбаев 50 ғылыми жұмыстың, іш құрылысы ауруларын емдеудегі бес бірегей өнертабыстың авторы және медицина ғылымдарының кандидаты атанды. Ғылыми жұмыспен айналысса да, операция жасаудан ешқашан бас тартпаған маманның бір тәулікте 15 рет ота жасаған кездері болыпты. Ақкөңіл, жеке бас мәселелері үшін көмекке зәру адамның бетін қақпайтын Нұртас ағамыз 30 жылдық мансабында толыққанды еңбек демалысына 4 рет қана шыққан. Ол ұйқыға жатса да телефонын өшірмей, қолына қысып жататын. Шұғыл қоңырау түссе бірден киініп, ауруханаға асығатын. Нұртас Қазыбаев лапароскопиялық әдіспен ота жасауды қолға алып, елдегі хирургия мамандарының бұл тәсілді үйренуіне атсалысқан азамат. Лапароскопиялық операцияның жарақаты жеңіл, қан аз кетеді және науқас аяққа тез тұрып кетеді. Бұл әдіспен ота жасау тиімді және сенімді. Дәстүрлі операция жасалғаннан кейін науқас ауруханада 10-12 күн жатуға міндеттелсе, лапароскопиялық әдіспен жасалған отадан кейін науқас 3-4 күннің ішінде қалыпқа келіп, ауруханадан шығады. Лапароскопиялық хирургия құралдарының алғаш Қазақстанға келуіне мына бір жағдай түрткі болған. Шетелдік компанияның менеджеріне шұғыл ота жасалуы тиіс. Ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген науқасқа жасалған операцияға Нұртас Қазыбаев өзі басшылық жасаған. Нәтижесінде, ота сәтті аяқталып, шетелдік азамат білікті хирургқа жеке өзінің ризашылығы ретінде 250 мың АҚШ долларын ұсыныпты. Сыйақыны алудан бас тартқанмен науқас онысына көнбепті. Соңында, дәрігер бұл сыйақының орнына ауруханаға лапароскопиялық құрылғы әперуді сұраған екен. Осы кезеңнен бастап, қазақ медицинасына жаңашылдық енді. Ота жасаудың дәстүрлі тәсілінен бөлек, жаңа технология көмегімен операция жасауға мүмкіндік туды. Кеудесіне киген дәл халатындай көңілі де ақ азамат 1996 жылдан бастап өмірден өткенге дейін Алматы қаласындағы ҚР Президенті Іс басқармасының Орталық клиникалық ауруханасында қызмет атқарды. Бұл мекеме алғашында тек элита өкілдеріне қызмет көрсететін. Нұртас Қазыбаев бұл жүйеге өзгеріс енгізіп, қарапайым халықтың да бұл ауруханада ем алуына мүмкіндік берді. Өз ғұмырында ел медицинасының ілгерілеуіне үлес қосқан білгір маманның еңбегі көзі тірісінде бағаланды. Ол кісі 1999 жылы Ерен еңбегі үшін медалімен, 2004 жылы ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі құрмет белгісімен, 2011 жылы Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін құрмет белгісімен және Құрмет орденімен марапатталды. Сан мың адамның өліміне араша болып, талай науқасты аяққа тұрғызған арда азамат 53 жасында бұл өмірмен қоштасып кетті. Кеуденің қуысына жасырынған жұдырықтай жүрек өз жұмысын осы мезетте тоқтатты. Найзағайдай жарқ етіп, аспанда жұлдыз ақты. Бұл 2012 жылдың 5 тамызы еді.