Нұртас Кәкімжанұлына мемориалды тақта орнатылды

Көзі тірісінде «халық академигі», «алтын қолды дәрігер» атанған Нұртас Кәкімжанұлы Қазыбаевтың өмірден озғанына көп уақыт өткен жоқ. Иә, осыдан бірнеше айлар бұрын арда азаматынан айрылған алаш жұртының қабырғасы қайысып, есеңгіреп қалып еді, бүгін олар аса көрнекті хирургтың құрметіне мемориалды тақта орнатып, ардақты ұлдарын еске алып, құрмет тұту мақсатында Президент Іс басқармасының орталық клиникалық ауруханасына жиналды.

Нұртас Кәкімжанұлы Қазыбаев – сан қырлы шеберлікті меңгерген, жан-жақты қабілетті аса көрнекті хирург, қазақстандық медицинанының ақ халатты, алтын қолды дәрігері, жедел және жоспарлы хирургияның тәжірибесі мол өкілі, отандық медицинаға қазіргі заманғы инновациялық технологияларды енгізуші. Іш құрылысы ауруларын емдеудегі бес бірегей өнертабыстың авторы. Өзінің отыз жылдық еңбек жолында 30000-ға жуық ота жасап, 5000 адамды өлімнен арашалап қалған. Хирургтың кәсіби біліктілігі мен адамгершілігі ауыр халде жатқан науқастардың соңғы үмітіне айналды. Денсаулығын қалпына келтіріп, өмірін сақтағаны үшін мыңдаған науқас Нұртас Кәкімжанұлына қарыздар екенін айтып, толассыз алғыстарын білдіреді. Нұртас Қазыбаев аталған аурухананың материалдық-техникалық базасының жақсаруына көп ықпал еткен. АҚШ-та, Швей­царияда тәжірибеден өтіп, Германия, Израиль, Франция сынды өркениетті елдерде болып, ол жақтағы озық техно­логияларды осы ауруханаға енгізуге тырысқан.

Мемориалды тақта Н. Қазыбаевтың қажырлы еңбекке толы жылдары өткен аурухана дәлізіне орнатылды. Еске алу кешіне дәрігердің небәрі 53 жылдық ғұмырында сыйласып өткен достары мен бауырлары, университет қабырғасында бірге жүрген жолдастары, әріптестері мен туыстары жиналды. Тақта орнатылған дәлізде ине шаншар орын болмады.

Жиын басында ескерткішті орнату жұмыстарына бастамашы болған аурухана меңгерушісі Әмір Амантайұлы сөз алып, жиналған көпшілікке елеулі оқиғаны бірге бөлісуге келгендері үшін алғыс білдірді.

Алмас Төрегелдіұлы, Шолпан Әбдіқадырқызы, балалар хирургы, Нұртас Кәкімжанұлының досы болған Камал Сәруарұлы және кешке жиналған басқа да игі жақсылар текті әулеттен шыққан текті азамат туралы естелік әңгімелер айтып, рухына бас иетіндіктерін, жадыларында мәңгі ұстайтындықтарын жеткізумен болды. Жиынға келіп қатысқан Нұртас Қазыбавтың анасы, ғасырдан астам уақыт ұстаздық қызметін атқарып, перзенттеріне тәлімді тәрбие бере білген Орынша апа көзіне жас алды.

Даңқты журналист, хирургтың әкесі Кәкімжан Қазыбаевтың замандасы, әріптесі, профессор Құлжасар Нәрібаев: «Менің ойымша, мына ескерткіш тақтаның орнатылып жатқаны – ұлы оқиға және бұл құрметке Нұртасты әбден лайықты деп білемін. Бұл оған көрсетілетін құрметтердің басы ғана деп сенгім келеді. Оған аурухана бөлімінің немесе көше атын берсе де, артықтық етпес еді... Нұртас өзінің алдына келген науқастарды пышақпен, қайшымен ғана емес, жылы жүзімен, ниетімен, адамзатқа тән асыл қасиетімен емдейтін. Күлдіріп, жақсы сөздер айтып жүретін. Әрине, бір өкініштісі, Нұртас өмірден ерте кетті. Нағыз жалындап тұрған, жетілген кезінде, білікті, жақсы маман болып қалыптасқан кезінде, ел тани бастаған кезінде кетті. Әлі де талай адамның денсаулығын түзеп, еңбек ететін еді. Дегенмен адамның сіңірген еңбегі, абыройы, атағы жасына қарап емес, жасаған істерімен өлшенеді. Ол өмірінде отыз мың адамға ота жасаған. Бұл дегенің отыз мың адамды өлімнен құтқарды, жасына жас қосты деген сөз. Және бір айтайын дегенім, оның осында маман, жақсы адам болып қалыптасуы шыққан әулетіне тікелей байланысты. Ол өте текті әулеттен шыққан. Нұртастың әкесі Кәкімжан ағамыз өте жақсы адам болатын, өзіміз ол кісінің қол астында көп жылдар жұмыс істегенбіз. Ол кісінің жақсы қасиеттерін де білемін. Халқына сіңірген еңбегін де білемін...» деп ағынан жарылды.

Мемориалды тақтаны орнатуға атсалысқан туыстары атынан сөз алған хирургтың інісі Батыр Кәкімжанұлы Қазыбаев дәрігердің аурухана сыртындағы өмірінен сыр шертіп: «Нұртас ота жасайтын бөлмеде мыңдаған өліммен күресіп, бірде жеңіп, бірде жеңілумен болды. Оның сондай жеңілістерінің бірі – өзінің өлімі еді. Сондықтан, дәрігерлерден науқастар үшін ғана өмір сүрмей, өздерінің денсаулықтарына көңіл бөлуін өтінген болар едім» деді.


Мемориалдық тақтаның ашылу салтанатынан кейін Нұртас Кәкімжанұлының рухына арнап ас берілді.

 

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева