- Негізгі бет
- Тағзым
- Міржақып Дулатовтың қызы...
Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәр Дулатова дүние салды
Кеше, 18 ақпан күні Алаш арысы Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәр Дулатова 98 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатова 1915 жылы 4 қарашада Орынборда дүниеге келген. Алматы мемлекеттік медициналық институтын бітірген Гүлнәр Дулатова дәрігер болып қызмет атқарды.
Әкесі мен шешесінің ортасында еркелеп жүрген сәттерінің бір көрінісі...
"Әкемді ұстап әкеткенде мен 13 жаста едім. Түсте үйге сау етіп 6 адам кіріп келді. Бөлмелерді жағалай тінтіп, астаң-кестеңін шығарды. Кетерде әкемнің айтқаны: "Есің кіріп қалды ғой сенің, Гүлнәрім. Мамаңа сүйеніш бол! Сабағыңды жақсы оқы! Біздің істеген ісіміз ақ болады. Соған сенемін. Мықты болыңдар!" Осылай деп біздің маңдайымыздан сүйді де, көзімізден тасаланып кетті…" - дейтін Алаш ұлының қызы Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатова.
1988 жылдың 4 қарашасында Республика Жоғарғы соты қылмыс құрамы болмағандықтан М. Дулатовты біржола ақтап, шешім шығарды. Әкесі дәл Гүлнәр қызының туған күнінде ақталды!
Гүлнәр Дулатова әкесі Міржақып және басқа да Алаш зиялылары туралы құжаттарды көзінің қарашығындай жинақтап, жария шығарған алғашқы адам. «Шындық шырағы» және «Алаштың сөнбес жұлдыздары» естелік кітаптарының авторы.
Әкесі армандаған тәуелсіздік таңын көру бақыты Гүлнәр апайға бұйырған еді. Қаншама Алаш арыстарының көзін көріп, сөздерін тыңдап өскен ғазиз ана 4 бала, 8 немере, 7 шөбере және бірнеше шөпшек сүйді. Ерлан Сатыбалдиев атты баласы “Мектеп” баспасының директоры.
Күллі алаштың бетке қалқыған қаймағындай боп жүрген Гүлнәр апайымыз да қайтты өмірден...
"Менің жүрек сәулемнің себезгісі бүгінгі ұрпақтың жан сарайын нұрландыра алса, осы ғұмырымды текке сүрмегендей сезінер едім-ау!" - депті апай бір басылымға берген сұхбатында. 98 жылдық ғұмырыңыз текке кетпеді онда, Гүлнәр апай!
Массагет.кз порталының ұжымы марқұмның отбасы мен ағайын-туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: egemen.kz, zamandas.com
А. Әбілхан