- Негізгі бет
- Тағзым
- Мен қайтып ораламын...
Мен қайтып ораламын
Ақынның осы сөздері бізге берілген уәдесіндей естіледі. Мұқағали Мақатаев өлеңдерімен қайта оралды. Ол бізге өз тағдырымен оралды. Ол бізге мәңгілік өмір сүру үшін оралды. «Мәңгілік жасау – өмірдің өзгеше атауы» деген Борис Пастернак сөздеріне жан біткендей. ХХІ ғасырдың басында ақынның жаңа өмірі басталды. Оның мерейтойын бүкіл қазақ елі атап өтті.
Ақын әлеммен бірге жаралған
Ол 1931 жылы 9 ақпанда Қарасазда дүниеге келген. Бүгінде көзі тірі болса, 84 жасты алқымдап қалатын еді. Туған өлкесінің сұлу табиғаты ақындық қырын ұштай түскендей болды. Өзі де «Туған жерім саған қараған сайын өлеңдерім қанаттана түседі» дейді. Ақын қазақты жүрегімен сүйген. Бала күнінде айырылып қалған әке мейірімін Отаннан алған. «Мені Отаным өсірді» дейді.
Ақынның балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келеді. Әкесі майданда қаза тауып, ерте есейеді. Алғашқы өлеңін 11 жасында әкесіне арнап жазады. 15 жасында поэзияның дәмін татады. 1948 жылы Нарынқолдағы мектеп-интернатты тәмамдайды. Қара шаңырақ ҚазҰУ-ға екі рет тапсырса да, білім нәрімен сусындау мүмкіндігіне ие бола алмай қалады.
Әбділда Тәжібаев оны «Ұлы ақын» деп атайды. Ол осы күні жас пен кәрісі қатар оқитын мыңдаған өлең жазған. 1962 жылдан бастап 1976 жылға дейін «Аппассионата», “Қарлығашым, келдің бе?”, “Дариға жүрек” (1972 ж.), “Аққулар ұйықтағанда”, “Шуағым менің” (1975 ж.), “Соғады жүрек”, “Шолпан”, “Жырлайды жүрек”, “Өмір-өзен”, ”Өмір-дастан” атты жыр жинақтары жарық көрген. Данте, Шекспир, Уитмен сынды ақын-жазуышылардың шығармаларын ана тілімізге асқан шеберлікпен аударған.
Оның күнделігін оқыған сайын жүрегіндегі терең сырды ұққандай боламыз. Басынан кешкен қиындықтың лебін сезінгендей әсер аламыз. Кейде көңіліміз алабұртып, жүрегімізге тікен қадалғандай болады.
"Ақындық тағдырым, қарғыс атсын сені. Мені қоршаған орта, үш мәрте қарғыс атсын сені! Мен жәніммен, жүрегіммен берілген, сенген, жақсыдан үміттенген ортам, өзімді төмендеткен, маған қайғы мен қиналыстан өзге ештеме әкелмеген күндерді бастан өткерудемін. Жер бетінде менен өткен бақытсыз адам жоқ екеніне енді ғана көзім жетті. Мұның бәрі немен бітетінін білмеймін. Менің бір ғана тілегім — өзімнің ақтық өлеңімді айтып үлгеру. Мен шындығында өз еркіммен өле қояйын деп отырмын ба? Жоқ, сәл-пәл күте тұрайын, ары қарай не боларын көрерміз".
(Бүгін, 1974 жылы 27 қаңтарда бір отырғанда үзіліссіз, бірде бір түзетусіз, таңертеңгі оннан түнгі он екіге дейін «Чили, шуағым менің» атты поэма жазылды. Менімен сайысып көріңдер кәне...)
Ал шығармашылыққа қатысты жазбаларының жайы бөлек. Оқырман оны басқа қырынан танып, бақыты мен қуанышына ортақтасады.
Ақын мен поэзия туралы ойлары
«Поэзия махаббатпен басталып, терең оймен аяқталуы тиіс».
«Поэзия — ғылым. Адамға тән сезімдерді толық зерттей алатын ғылым».
«Өлең — қажырлы еңбектің нәтижесі. Ол жүйкенің шыдамдылығын талап етеді».
«Барлығы ақынның жүрегінен өтеді».
«Ақынның мақсаты - суреттеу, сипаттау емес, сұлулықтың сырын ашу. Қоғамның дертін мықты емші ретінде түсініп, уақыттың тамырын ұстай білуі тиіс.
Ақынға тән қасиеттер
Біріншісі — талант. Білім мен білгірлікті біріктіретін талант. (Диплом маңызды емес).
Екіншісі – ар-ұят. Өзгеден бұрын өзінің алдында ұяла білу.
Үшіншісі — қарапайымдылық. Ешкімнің Абай мен Пушкиндей бола алмасы анық, десе де өзгелердің жанын түсіне білетіндей қарапайым болуы тиіс. Ақылсынбай, сынамай, жырлай білуі тиіс.
Төртіншісі — түйсік. Өзгелер ұқпағанды танып білу үшін. Бесіншісі — қажырлы еңбек. Үнемі кемелдену үшін.
Алтыншысы — рух. Рух үнемі таза болуы тиіс.
«Шынымды айтсам, өзімнің қандай адам екенімді білмеймін. Бұйығы мінезім бар екенін мойындаймын. Алайда жаным мейірімді, ал жүрегім тым нәзік».
«Өлеңсіз өткен күндер — өлі күндер. Маған жұбаныш берген жаратқанға мадақ айтамын. Ақынның өз мемлекеті, өз қоғамы, өз әлемі бар. Бұл аз емес. Яғни мен осы үшін өмір сүремін, осы үшін күресемін».
"Адамгершілік қалпыңды жоғалтпа. Нағыз ақын болсаң, ақын деген атқа лайық бол. Табиғат секілді қарапайым, қажырлы бол. Абыройлы бол. Бауырым, басыңды тік ұста».
Мұқағали — аңыз. Мұқағали — ақиқат. Мұқағали — махаббат пен мәңгілік өмірдің өзі.
Сурет: rudaki.ru
Қ. Бүйенбай