"Өлі риза болмай тірі баймайды" – деген бабаларымыз. Артына ізгілікті із қалдырып кеткен жандарға Құран бағыштап, игілікті шаралармен еске алып отырудың үлкен мәні бар. Ең бастысы жастарға өткенді үлге етіп, тәрбие дәнін еге білу. Бүгінгі еске алып отырғанымыз 45 жыл бойы ауыл мектебінде бала оқытып, ұрпақ тәрбиелеуде өлшеусіз үлес қосқан аяулы ұстаз, Қазақ КСР Оқу-ағарту ісінің үздік қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қордай ауданының құрметті азаматы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагоикалық университетінің 1948-1951 жылдардағы түлегі - Ордабай Сәдібеков.
Ұлағатты ұстаз биыл тірі болса 100 жасқа толар еді. “Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға” деп данышпан Абай айтқандай, ұстаз – аяулы жан, құрметті адам. Қазақтың оқу ордаларының ішіндегі ең алғашқы киелі қара шаңырағы болып саналатын Абай атындағы Қазақ ұлттық педогоикалық университетін тәмамдап бар ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған жандар жетеді. Солардың бірі Ордабай Сәдібеков.
Ордабай атамыз Ұлы Отан соғысынан туған елге жеңіспен оралғаннан кейін, 1948-1951 жылдары Қазақ ұлттық педогоикалық университетіне түсіп білім алады. Содан кейін туған ауылы Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Ирсу, Ворошилов елді-мекендеріне барып, ауыл балаларын оқытып, сауатын ашады. Сөйтіп ұстаздық жолға түседі. Содан табаны күректей 45 жыл мұғалім болып, ел қадірлеген ұлағатты ұстазға айналады. Ордабай ағайдан оқып білім алған шәкірттер бүгінгі таңда еліміздің әр өңірінде түрлі қызметті, әр салада еңбек етіп жүр. Мәселен, бүгінде арамызда жоқ қоғам қайраткерлері Билібай Қашағанов, Шабан Бәзілов, сатирик Бектұрсын Мәдиев, ақын Рза Қунақова тағысын тағы елге танымал адамдар сол кісінің бел шәкірттері. Тәжірибелі ұстаз жас буындарға білім беруде педагогиканың соңғы жаңалықтарын шебер пайдаланып, өз тәжірбиесін де ортаға салып ерінбей еңбек еткені елеусіз қалмаған. Қордай ауданы бойынша ең үздік мұғалім атанып, КСР Оқу ағарту ісінің үздік қайраткері деген атаққа ие болады. Сонымен қатар, Қордай ауданының құрметті азаматы атағымен де марапатталған.Ұлы Отан соғысында отанын фашистерден азат етуде батырлығы үшін алған ордень-медальдердің орны бір төбе.
Сонау, 1932 жылдары ел басына төнген нәубет ашаршылықты көзбен көріп, басынан кешіреді. Мұғалім болып жүрген кезде 1939 жылы Ордабай Сәдібеков кезекті міндетті әскери борышын өтеуге шақырылады. Осылайша, жас жауынгер болып әскери қатарда борышын атқарып жүргенде 1941жылы Ұлы Отан соғысы басталып кетеді. Алғашқы ұрысты Румынияның Рени қаласын жаудан босатуда қарсы алады. Севостопаль, Одесса қалаларында жаумен шайқасып, жеңіс үшін қан төгеді. 1944 жылы Одесса қаласын азат етуге қатысады. Сонымен қатар, Венгрияның көптеген қалаларында жаумен ұрысқа түсіп, өлім мен өмір арасында өткен Будапешт үшін болған қырғын соғыста артқа метр шегінбей жауға қарсы тұрады. Отан алдындағы міндетін атқарып жүрген полк кейін шығысқа қайтып Жапон соғысына эшалонмен аттанады. Ал, Ордабай ақсақал жеңіс күнін 1945 жылғы 9 мамырда жолда поезда кетіп бара жатқанда естіп, бүкіл состав мерекелейді. Осылайша ұлы жеңістің қуанышты хабарын соғыс ардагері Ордабай Сәдібеков атамыз Тайга станциясына жеткенде естіген екен.
Ордабай Сәдібеков Қара теңіз флотында 356 бөлім ротасында, жағалау жолының ротасында әскери міндетті моряк болып атқарған. Жапон соғысы 1945 жылы 2 сентябрьде аяқталған соң, бұл полк резерв армиясы болады. Полк Владивастокта бір ай тұрып, қайтадан Одессаға келеді. Міне, осы жерден 1946 жылы Сәдібеков Ордабай әскери міндетінен босатылып ауылға қайтады. Ордабай қарт жауынгер “Одессаны қорғағаны үшін”, “Севастопальды қорғағаны үшін», “Ушаков теңіз”, “В.И.Лениннің 100 жылдық”, “Тың көтеру”, “Жеңістің 20, 30, 40, 50 жылдық” медалдарымен және “Отан соғысы” орденімен марапатталған.
Туған елге аман-есен оралғаннан кейін, өзі туған ауылында ұстаздық жұмысын жалғастырады, жолдасы Рәпия екеуі от басын құрып, жеті бала тәрбиелеп, немерелерінің ортасында жүріп, 1979 жылы зейнетке шығады.
Жыр алыбы Жамбылдың алдынан бата алып, ақиық ақын-композитор, Алатаудың бұлбұлы атанған Кенен Әзірбаевпен бір ауылда бір ауаны жұтып, етене жақын туыс болған інісі Ордабай Сәдібеков міне осындай адам болған. Майдангер, ұлағатты ұстаз Ордабай ақсақал жеті баласын да үлгілі етіп өсіріп, қатарға қосқан. Балаларының ішінде Алсай ғана бақилық дүниге аттанған, қалған ұл-қыздарының барлығы елге үлгі болатындай қазақ қоғамының зиялы азаматтары.Ұлдарының ішінде Ақын Ордабайұлы ел таныған белгілі жуналист, жазушы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, С.Бердіқұлов сыйлығының иегері. Ақын әкесінің жазған шығармаларын жинақтап ,, Жақсылыққа жарасады жақсылық,, атты кітабын басып шығарса, анасы Рәпияға Халыковаға арнап ,,Рәпия,, атты ардагер киномеханик әженің өмір жолы, адами келбеті жеткізетін, Қазақстан ғана емес КСРО көлеміндегі беделді басылымдардан жарық көрген баспасөз жинақтары топтастырып деректі кітапты жазып шығарды. Ордабай ақсақалдың зайыбы Рәпия Халықова бүгінде сексеннің сеңгіріне келіп отыр.
Ел анасы атанған апамыз қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш киномеханик – СССР киномотографиясының үздігі. Жемісті еңбектің иесі. Бақытты апаның омырауында “Құрмет белгісі”, “Октябрь революциясы”- ордендері жарқырайды. Рәпия апай туралы сонау 1985 жылы атақты кинорежиссер Ораз Әбішев «Рәпия» деген деректі фильм түсіріп, тұлғаның жарқын бейнесін көркемдеп көрсете білген болатын. Міне, майдангер ұлағатты ұстаз бен елге әйгілі киномеханик апамыз 40 жыл қол ұстасып баянды ғұмыр кешіп, халық құрметтеген қадірлі отбасы. Ордабай ақсақалдың дүниеден озғанына көп жылдар өтті. Ал, Рапия апамыз киелі қара шаңырақтың отын түтетіп берекесін кіргізіп отырған жәйі бар.
Отан үшін қан төгіп, елге аман-есен оралған Кенен ауылының майдангерлерінің арасында бүгінде 97 келген, Ордабай ақсақал мен бір мектепте көп жылдар бойы ұстаздық еткен, ауылдың құрметті ақсақалы Керімқұл Қосақов қана аман сау ортамызда ұлағатты ата болып отыр. Осындай жеңістің 75 жылдық мерейтой күндерінде еліміздің әр-аймағында аман-есен жүрген Ұлы Отан соғысының ардагерлерін шын жүректен құттықтаймыз. Отан үшін жан қиған соғыс ардагерлерінің алды пейіш, арты кеніш болсын деймін. Өліге иман, тіріге Алла берекетін берсін.
Мұсағали Тасқалиев
"Спорт жұлдыздары" журналының бас редакторы,
Қазақ Спорт және Туризм академиясының
құрметті профессоры,
Қазақ журналистикасының қайраткері