Қазақ елі ұлттық театр мен кино өнерінің аспанында қырандай қалықтаған арда азамат, Қазақстанның xалық әртісі, Құрмет, Парасат ордендерінің иегері Құман Тастанбековпен қоштасты. Марқұммен қоштасу рәсімі бүгін, яғни, 20 желтоқсан күні сағат 10.00-де М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында өтті. Мәңгі әлеміне аттанған асыл ағаның алды-пейіш, арты-кеніш болсын! Құман Тастанбековтің есімі мен бейнесі xалық жадында мәңгі сақталады... Қазанама Құман Тастанбековке ...Қыз Жібек Төлегенінен, Меруерт Құманынан айырылды. Ажырамас қос аққудай еді... Аққу сыңарынан айырылды. Алаңсыз жатқан айдын-көл Мойнындағы тұмарынан айырылды. Құзар шыңдардан ғана құлап ұшатын, Қазақ - алтын баулы қыранынан айырылды... Айырылмай қайтсін?.. Азасын айтсын, ал енді, Өнердің бір дәуірі қанатынан қайырылды... Қайғырсаң, қабырғаң сөгілердей, Қамықсаң, қара нөсер төгілердей, Жабықсаң, жаның егілердей, бұл өлім; Сілкіп алды-ау, бар қазақтың жүрегін. Жұрты қалды-ау, қаралы ту құшақтап, Жұбата алмай мұңға батқан мына елін... Жары қалды-ау, қара жауып басына Ақбоз аттың жүрегіне ұстап жүгенін... Арысым-ай, арда өнерді ар көрген. Тарықпаған тақыр жерден, тар жерден. Тәңір өзі - сенің тазалығыңа, Аққудайын адал жаннан жар берген. Сымбатыңа, сырлы жүзің жарасар Сегіз қырлы сиқыр менен сән берген. Бар қазақтың бақыты үшін жаралдың Намысыңды найқалмайтын нар көрген. Жігерімді құм қылам-ау, жыласам. Мына қайғы құл қылады-ау, құласам. Кеше қалай кеш батты екен? Білмеймін, ...Бүгін неге бір түрлі атты мына таң?! Өзегімнен өлең өксік боп шықпай, Өзімді-өзім енді қалай жұбатам?.. ...Меруерт Құманынан айырылды. Аққу сыңарынан айырылды. Құзар шыңдардан ғана құлап ұшатын, Қазақ - алтын баулы қыранынан айырылды... Айырылмай қайтсын, азасын айтсын, ал енді, Өнердің бір дәуірі қанатынан қайырылды... Бақыт Беделхан 17.12.2017ж.