Қазақтан шыққан тұңғыш спорт комментаторы, С. Бердіқұл атындағы республикалық сыйлықтың иегері, қазақ спортының құрметті қайраткері Сұлтанғали Қаратаев 82 жасқа қараған шағында дүниеден озды. 1966 жылдан бастап дүбірлі додаларды қазақша сөйлеткен С.Қаратаевтың спорт журналистикасындағы еңбегі ерен. Әсіресе комментаторлық өнердің шебері ретінде елімізге танымал. Сұлтанғали Қаратаев тек спорт журналисі ғана емес, ғылыми-зерттеулік, тарихи-танымдық мақалалар жазуда да өз қолтаңбасы бар. Сондай-ақ білікті аудармашы ретінде де бірнеше еңбектері жарық көрген. Сұлтанғали Қаратаев 1936 жылы Ақтөбе өңірінде дүниеге келген. 1970-80 жылдары Қазақ радиосы мен телеарналарда комментатор болды. Кейіннен Жалын баспасында жұмыс істеген. 2016 жылы спорт комментаторының 80 жылдық мерейтойы өтті. Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының Құрметті азаматы. Қазақстан футбол федерациясының арнайы медальдарымен марапатталған. Сұлтанғали Қаратаев бүгінде қазақ комментаторлығына қажетті көптеген термин сөздерді де енгізген. Мәселен, айып алаңы, оң қаптал, сол қаптал, қосалқы құрам тағы басқасы да бар. Тіпті, оларды бүгінгі спорт комментаторлары тікелей эфирдегі сөз тіркестерінде жиі қолданады. Қазақ спорт комментаторларына әрқашан ақыл-кеңесін де айтып отырған. Қазақ спорты саласында қажырлы еңбек еткен тұлғаның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Қазақ халқына және соңында қалған ұрпағы, туған-туыстарына көңіл айтамыз.