Қазақ даласына ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында еуропалық мәдениет келе бастады. Ағартушылыққа мән берген қазақтың ардақты тұлғалары білім алуға, кәсіп үйрену мен ғылым игеруге бағыт қоя бастады. Олардың арасында қазақ қыздары да болды. Медицина, педагогика, әскери өнер, музыка мен биге келіп, үлкен жетістіктерге жете білді.
Олар тұңғыш, өз саласының басы болғандықтан, қазақ тарихында таңба болып қалды. Сондай абзал аналарымыздың есімін біле жүргеніміз жөн.
Аққағаз Досжанова – алғашқы дәрігер
Қазіргі Ақтөбе облысында дүниеге келген Аққағаз Досжанова Томбы мен Ташкент қалаларындағы медициналық оқу орындарын бітірген қазақтың тұңғыш дәрігер қыздарының бірі. Әкесі өте білімді, педагог, Алаш арыстарымен араласқан адам болған. Есімі – Сағындық Досжанов. Қызының дәрігерлік мамандықты таңдауына да әкесі ықпал еткен.
Аққағаз әпкеміз Орынбор гимназиясына оқуға түсіп, 1914 жылы үздік бағамен бітіріп шығады да, Мәскеуге жоғары әйелдер курсына аттанады. Бас шаһарда жүріп, қоғамдық өмірге белсене араласады. Ол жақтағы мұсылман қауымдастығының қанат жаюына атсалысады. Бірақ денсаулығы сыр беріп, ол қалада ұзақ жүре алмайды. «Қайырымды медбике» бөлімін шұғыл бітіріп, ауылына келіп, бір жылдай тынығып, денін сауықтырады.
Ал 1919 жылы Томбы қаласындағы дәрігерлік институтқа түсіп, 2021 жылы бітіріп шығады. Қазақтың бас зиялыларының бәрі Ташкентте екенін білетін Аққағаз институтты бітіргеннен кейін Ташкент қаласына аттанады. Ол жақта Түркiстан мемлекеттiк университетiне оқуға түсіп, 1922 жылы тәмамдайды.
Аққағаз Досжанова Ташкентте жүріп Мұхтар Әуезов, Тұрар Рысқұлов, Мағжан Жұмабаев, Санжар Аспандияров, Сұлтанбек Қожанов сынды қазақ зиялыларымен араласады. Түркістан көсемдерінің басына қара бұлт үйірілген жылдары Аққағаз ері Әлімгерей Ершин, жалғыз ұлы Шахбазбен бірге Алматыға көшіп келеді. Мұнда №1 аурухананы басқарды. 30-жылдары гинекология саласына түбегейлі ауысты. Сол кезде қазақ даласында безгек ауруы етек жайған болатын. Сырқат адамдарға көмектесіп жүріп, өз денсаулығын мүлдем естен шығарған ол өзі де қатты ауырып қалады. Ақыры сол аурудан 1932 жылы көз жұмады.
Мәншүк Мәметова – Кеңес одағының батыры
Қазақ қыздарының ішінде алғаш Кеңес одағының батыры атанған – Мәншүк Мәметова. 1922 жылы Оралдың Орда ауданында туып, 1943 жылы қазанда қайтыс болған.
Кеңес Одағының батыры атағын қаһарман қыз 1944 жылы алған. Соғысқа Алматы медициналық институтында оқып жүрген кезінде аттанған. Мәншүк те соғыстан қайтса, Аққағаз әпкесі сынды дәрігер болатын еді.
Әкесі мен туған-туыстары «Халық жауы» атанып, атылып кеткендіктен әрі анасынан да айырылған Мәншүк Мәметова майданға аттанар ағайыны болмағандықтан, өзі соғысқа қатысқысы келген екен. Сөйтіп бір жыл жүріп әскери комиссариаттан майданға жіберуін өтінеді. Содан 1942 жылы тамызда Алматыда құрылған 21-інші атқыштар дивизиясының құрамында еніп, майданда ұрысады. Бұл бригадада Мәншүкпен бірге Мәриям Сарлыбаева есімді бойжеткен де майданға аттанған екен.
Батыр қыз Великие Луки, Бурцево қорғаны, Изоча бекетін азат ету жолында аянбай ерлік көрсетті. Әсіресе, Мәншүк Мәметова Невель қаласын қорғау жолында жанкештілікке барды. Ақтық демі таусылғанша пулеметпен оқу жаудырып, жаудың бетін қайтарған.
Оразбибі Махмұдова – алғашқы педагог
1902 жылы Семейде дүниеге келген Оразбибі Махмұдова осы қаладағы педагогикалық курсты тәмамдап, мұғалім болып шығады. Ол жылдары Семейде үшжылдық, онайлық, үшайлық мұғалімдік курстар болған. Ал бастауыш сыныпты оқыту үшін апталық курстар ашылған көрінеді. Оразбибі Махмұдова екіжылдық курсты оқып шыққан.
Мұғалімдік курсты алғашқылардың бірі болып бітірген Оразбибі Махмұдова №12 совет қазақ мектебінде білім берген. Оразбибі әпкемізбен бірге алғашқы қазақ әйел мұғалімдерінің бірі Жұмабике Ибрагимова да сабақ берген. Оразбибі әпкемізбен бірге Нәзипа Құлжанова, Жұмабике Ибрагимова, Жәмилә Кәрімова, Айтбану Көркембаева, Бәтимә Татубаева сынды алғашқы қазақ әйелдері мұғалім болып, қарапайым халыққа сауат ашуды үйретіп, үлкен еңбек сіңірген.
Нәзипа Құлжанова – алғашқы тілші
ХХ ғасыр басында қазақ зиялыларымен бірге Нәзипа Құлжанованың есімі жиі айтылады. Қазақ қыздарының арасында алғашқылардың бірі болып, жоғары білім алған әрі қоғамдық-мәдени өмірге етене араласқандықтан, алаш арыстарымен үндес, аралас-құралас болса керек.
Педагог әрі аудармашы, этнограф ретінде таныта білген зиялы әйел қазақ тарихында бәрінен бұрын алғашқы журналист ретінде қалып отыр.
1887 жылы Торғайда дүниеге келген Нәзипа Құлжанова 1902 жылы Қостанай қаласындағы орыс-қазақ гимназиясын тәмамдап, 1903-1904 жылдары оқытушылар семинариясында ұстаз еткен. Елдің саяси-қоғамдық өміріне белсене араласқан ару «Қазақ», «Сарыарқа», «Алаш» газеттеріне мақала жариялап, өзін журналист ретінде таныта бастаған.
1923-1925 жылдары «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі», «Айқап» журналдарында жұмыс істеп, «Қазақ», «Бірлік туы», «Алаш» басылымдарында мақалалар жариялаған. 1922 жылы Сәкен Сейфуллин «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы тағайындалған кезде, қоластына Нәзипаны шақырып, журналисттік тәжірибесінің орнығып, белді қызметкер болып қалыптасуына көмектесті.
Нәзипа орыс және қазақ тілдерін жетік білгендіктен, өзі жақсы көрген Абайдың, Ыбырайдың шығармаларын орыс тіліне аударған. Ал қазақ оқырмандарына Лев Толстой, Максим Горький, Александр Куприн, Владимир Короленконың шығармаларын таныстырды.
Кейін алаш арыстарымен жақын байланыста болғаны үшін күдікке ілініп, ол да қудалана бастады. Ал 1934 жылы созылмалы аурудан көз жұмды.
Жалғасы бар