Бүгін Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақ әдебиетінде соғыс сұрапылын бастан кешіп келген қаламгер Мұзафар Әлімбаев 94 жасында дүниеден өтті, - деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі. Әкеден 8 жаста, шешеден 13 жасында айырылып, Туар-тумастан тоналған ұрпақтың өкілі. Сол тұста жетімектің не екенін, жетімдіктің зіл мен мұң екенін анық та толық сезді. 1932-33 жылғы алапат аштықты көлденең көзбен көріп емес, өз басынан өткерген. 1937 жылдың сталиндік сойқанында халықтың зиялы ұл-қыздарын зорлық-зомбылықпен оққа байланғанын өз көзімен көріп, үрейі ұшқан ұрпақ. Соғыс басталғанда он сегізге толар-толмаста болған М.Әлімбаевтың педучилищені енді бітірген кезі еді. Калинин майданында Ржевтің түбінде 1942 жылдың қарашасынан ұрысқа кірісіп, 1943-тің шілдесіне дейін соғысты. Сол кезде саяси қызметкерлер институтын жойып, жауынгер командир етіп даярланып, танк батареясының командирі болды. Соғыс біткесін Мұзафар Әлімбаевты Шығыс Германия жерінде әскери қызметке алып қалып, одан елге 1948 жылы оралады. Ақынның Ту тіккен дастанында Рейхстагқа алғаш ту қадаған қазақ батыры Рахымжан Қошқарбаевтың жан-дүниесін, қаһарман ерлігін шабытпен жырлайды. Бұл дастанда Советтік Қазақстанның саңлақ перзентінің сүйкімді бейнесі нанымды мүсінделген. Мұзафар Әлімбаев ақындық бақыты туралы айтқанда оның қазақ балалар әдебиетіне сіңірген еңбегіне тоқталу шарт. Ұзына тарихы қырық жылға жуықтаған Балдырған журналын Мұзафар Әлімбаев қолымен құрып, 25 жыл бас редактор ретінде басқаруы қазақ балалар әдебиеті үшін ырыс-құт болды. Балдырған журналы арқылы дүниежүзі балалар әдебиетіндегі бар дәстүрлер мен эксперименттер қазақ топырағына ағытылды. Қазақ топырағында бойындағы бар жұпарын балаларға арнайтын шын мәніндегі балалар қаламгері Балдырған арқылы қалыптасты. М. Әлімбаев қазақ балалар әдебиетінің қатардағы қаламгері ғана емес. Ақын, прозашы, аудармашы, сыншы, жинақшы, ұйымдастырушы. Әдебиетте талант бейімі болмай, ештеңе де өнбейді, әдебиет зорлықпен жасалмайды. Мұзағаңның да балалар поэзиясына туа бітті бейімі болғаны анық. М.Әлімбаев қазақ балалар әдебиетін дамытуға көп еңбек сіңірді. Менің ойыншығым, Отпен ойнама, Орақ - олақ, Шынықсаң - шымыр боларсың тағы басқа кітаптары қазақ балалар әдебиетіне қосылған елеулі үлес болды. Аспандағы әпке жинағы үшін Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы берілген. М.Әлімбаев мақал - мәтелдерді жинау, зерттеу, басқа халықтар мақалдарын қазақ тіліне аудару жұмыстарымен де айналысып келеді. 666 мақал мен мәтел, Мақал - сөздің мәйегі, Өрнекті сөз - ортақ қазына, т.б. жинақтар мен зерттеу еңбектері бар. Сын - зерттеу саласында еңбектері жарық көрді. Әлем әдебиетінің кейбір үздік шығармаларын қазақ тіліне аударды. Жазушының өлеңдері 38 тілге аударылған. Дереккөз: Baq.kz