Бүгін Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақ әдебиетінде соғыс сұрапылын бастан кешіп келген қаламгер Мұзафар Әлімбаев 94 жасында дүниеден өтті, - деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Әкеден 8 жаста, шешеден 13 жасында айырылып, «Туар-тумастан тоналған ұрпақтың өкілі…». Сол тұста жетімектің не екенін, жетімдіктің зіл мен мұң екенін анық та толық сезді. 1932-33 жылғы алапат аштықты көлденең көзбен көріп емес, өз басынан өткерген. 1937 жылдың сталиндік сойқанында халықтың зиялы ұл-қыздарын зорлық-зомбылықпен оққа байланғанын өз көзімен көріп, үрейі ұшқан ұрпақ.
Соғыс басталғанда он сегізге толар-толмаста болған М.Әлімбаевтың педучилищені енді бітірген кезі еді. Калинин майданында Ржевтің түбінде 1942 жылдың қарашасынан ұрысқа кірісіп, 1943-тің шілдесіне дейін соғысты. Сол кезде саяси қызметкерлер институтын жойып, жауынгер командир етіп даярланып, танк батареясының командирі болды.