Бүгін қазақтың белгілі ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қайрат Жұмағалиев дүниеден озды...
Күллі қазақ «Анасы бар адамдар, Ешқашан қартаймайды» деп ән салады. Бұл әннің барша Қазақ Аналарына арналған гимнге айналып кеткені қашан. Осынау жыр жолдарының авторы Қайрат Жұмағалиев есімді ақын екенін кез келген адам біле бермейді. Қайрат ақын шығармашылығы жөнінде кезінде Қалижан Бекхожин «Ұшқыр ақынның өргелең өрістері», Тұманбай Молдағалиев «Жарқылдаған жаны бар, жалындаған жыры бар...», Сейфолла Оспан «Шыңдалып өскен шымыр ақын», «Жыр жүйрігі», «Қайрат ақын», Әбіш Кекілбаев «Құбажонда құланиек таң атса», Рымғали Нұрғали «Қазақтың Қайрат ақыны», Несіпбек Айтұлы «Ақынның жаны жырында», Ғафу Қайырбеков «Бір кеменің үстінде» деген сыни мақалалар жазған. Өмірінің соңғы жылдарын Жайық топырағында өткізген ақын 76 жасында дүниеден озды.
Қайрат Жұмағалиев - 1937 жылы 16 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысының Орда (қазіргі Бөкей Ордасы) ауданында Жиекқұм ауылдық кеңесінің (қазіргі Бейсен ауылы) Бесқұдық деген жерінде туған.
1959 жылы ҚазМУдің филология факультетін бітірген. 1959–1984 жж. «Жазушы» баспасында кіші редактор, редактор, аға редактор, редакция меңгерушісі, бас редактордың орынбасары болып істеген. 1985–1992 жж. Қазақ республикалық теледидарында аға редактор, бас редактор. 1993–1996 жж. Қазақстан республикасы Парламенті Сенатының аудармаредакциялық бөлімінде сектор меңгерушісі, кеңесші болған.
«Ақырғы матч», «Беймаза бақыт», «Шам шаһарында», «Самардың сарша тамызы», «Дос құшағы» поэмалары, «Құрақ көрпе», «Хатшепсут», «Батыр туралы баллада», «Журналист» балладалары, балаларға арналған «Таба нан», «Жампоз», «Кәмпит туралы баллада», «Соқыр қыран» сияқты дастан, балладалары жарық көрген.
Гомердің «Илиада» поэмасын, Еврипидтің «Медея», «Троя арулары», «Елена» трагедияларын, ӘлМааридің, Ш.Руставелидің, Физулидің, Низамидің, Пушкиннің, Лермонтовтың, Маяковскийдің, Есениннің, Хикметтің, Блоктың, Тувимнің, Мұса Жәлелдің, Светловтың, Лукониннің, Ғафур Ғұламның, С.Наровчатовтың, Р.Рождественскийдің, Р.Казакованың шығармаларын ана тілімізге аударған. А.Дюманың «Граф МонтеКристо» романын (Ә.Жұмабаевпен бірге), монғол жазушысы Л.Тудэвтің «Тау тасқыны» романын, француз ақыны Беранженің шығармаларын, қырғыз эпосы «Манасты» қазақ тіліне тәржімалаған.
Ақын өлеңдеріне жазылған әндер бар. Балаларға арналған көптеген ән мәтіндерінің авторы.
Мәскеуде «Степная дорога», «Целомудрие» («Советский писатель»), Алматыда «Раздолье», «Подарок малышам» атты кітаптары орыс тілінде жарық көрді. Шығармалары ТМД елдерінің тілдерінде, сондай-ақ ағылшын, француз, араб, неміс, қытай, хинди, испан, поляк, болгар тілдеріне аударылған.
«Молодая гвардия» журналының, «Қазақ әдебиеті» газетінің лауреаты. Беларусь Республикасының Құрмет Грамотасымен, Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасымен, «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Ерлік еңбегі үшін» медальдарымен, КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының Грамоталарымен марапатталған.
Шығармалары: Тұңғыш. Өлеңдер. «Жазушы», 1964; Жанар. Өлеңдер. 1966; Перзент үні. Өлеңдер. «Жазушы», 1967; Жеңісбай. «Жазушы», 1968; Айнамкөз. Өлеңдер. «Жазушы», 1969; Сақара. Өлеңдер. «Жазушы», 1970; Шапағат. Өлеңдер. «Жазушы», 1974; Сәске. Таңдамалы. «Жазушы», 1986; Ататау. Өлеңдер. «Жалын», 1997; Парасат. Өлеңдер, поэмалар. «Жазушы», 1978; Құбажон. Өлеңдер, поэмалар. «Жазушы», 1980; Ақмарал. Өлеңдер, балладалар. «Жалын», 1981; Кім көріпті мұндайды?! Өлеңдер. «Жалын», 1985; Құланиек. Өлеңдер, поэмалар. «Жазушы», 1989; Төлбасы. Өлеңдер. Поэмалар. «Жалын», 1992; Жүрегімнің бөлшегі... Балаларға арналған өлеңдер. Астана. 2004.
Қайрат Жұмағалиевтің 75 жылдық мерейтойы:
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/Ohv1JV9Okcg","width":"425","height":"350"});
Дайындаған: Шерхан Талапұлы
Сурет: writers.kz