Қазақ халқының батыр қызы, даңқты механизатор, тың игеруші, Социалистік Еңбек Ері, тұңғыш болып тракторды тізгіндеген Кәмшат Дөненбаева 75 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Еңбек жолын Ұзынкөл элеваторында жұмыс істеуден бастаған Кәмшат Байғазықызы 1961 жылдан Қостанай облысы, Боровский ауданы «Харьковский» совхозында механизатор болып еңбек еткен. Осы облыстың Меңдіқара ауданындағы «Каменьск-Уральский» кеңшарында механизаторлар дайындайтын курсты, кейін Қостанай ауыл шаруашылық техникумын сырттай оқып бітірген. Ал трактор айдауды жүрегі қалап, ауыл шаруашылығының дамуына елеулі үлес қосқан қаһарман қыз.
Аянбай еңбек етіп, берілген жылдық міндеттемесін асыра орындап, қазақ қыздарының ауыл шаруашылық техникаларын меңгеруіне үлгі өнеге болды. 1972 жылы қайырмасыз соқамен жер жыртуда әйел механизаторлар арасында өткізілген облыстық жарыста бірінші орынға, республикалық жарыста үшінші орынға, 1973 жылы Ростов облысындағы Зерноградта бүкілодақтық жарыста жүлделі орынға ие болған. 1973 жылы 26579 га, 1974 жылы 38158 га, 1975 жылы 37199 га жер жыртып, жылдық міндеттемелерін асыра орындаған.
Кеңес Үкіметі тұсында ерен еңбегімен көзге түсіп, қиын-қыстау кезеңге мойынсұнбай, трактормен қара жерді қопарып, ақ бидайдан алтын тау тұрғызған батыр қыз тек тракторды тізгіндеп қана қоймай, намысшыл, жан дүниесі бай қайталанбас тұлға екендігін дәлелдей білген дара тұлға. Кезінде Кәмшат жайлы Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын Фариза Оңғарсынова «Біздің Кәмшат» деген поэма жазған. «Мен енді дала жайлы ән сап берем, Қазақта бір ару бар Кәмшат деген» - деп басталатын жырдың соңы
Сіңіріп туған жердің нәр асылын,
Ән-жырын, намысы мен нала сырын.
Көтеріп бара жатыр Кәмшаттары,
Тағдырын тауқыметін даласының. – деп аяқталады.
Қазақтың Кәмшаты мәңгілік сапарға аттанды. Ұлтына үлгі бола білген қаһарман қыздың ағайын-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз.
Кәмшат Байғазықызының артында 4 баласы, 16 немересі, 2 шөбересі қалды.