- Негізгі бет
- Тағзым
- Қазақтың "екінші Шәмшісі"...
Қазақтың "екінші Шәмшісі" өткен күн...
Қыркүйектің 25-нен 26-на қараған түні Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласында жоғары жылдамдықпен келе жатқан жеңіл көлік елімізге әйгілі сазгер Ержан Серікбаевты қағып кетті. Оқиға орталық алаң маңындағы «Пернебек Үсенбай» тойханасының алдында болған. Көлік иесі зардап шегушіні сол заматта орталық ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасағанымен, таңға жуық Ержан Серікбаев алған жарақаттар салдарынан қайтыс болған еді.
Міне, қазақтың дархан даласы мен киелі сахнасының Ержансыз қаңырап қалғанына да бір жылдың жүзі болып қалды. Марқұмның анасы өліміне себепкер жанды тапса да, оған кешірім етіп қоя берген. «Болған іс болды, біреудің баласын темір тордың арғы жағына тыққанымен, өз баламыз қайта тіріліп келмес» деген болар бауыр еті езіліп. Қазақтың маңдайына сыймай кеткен тұлғаның өлімі музыканың ғана емес, бүкіл елінің ауыр қайғысы болды. Қарапайымдылықты жаны сүйетін Ержанның барлық әнінен туған жердің иісі шығып тұрады. Ол музыканы жанымен сүйді.
Ержан Серікбаев 1962 жылдың 29 желтоқсанында Арыс қаласында дүниеге келген. Жастайынан жанына спорт пен өнерді серік еткен Ержан кезінде бокстан бірнеше жарыстарға да қатысып, жеңімпаз атанған. Алматыдағы эстрада және цирк студиясында әйгілі әншілер Зейнеп Қойшыбаева мен Лаки Кесоглудан тәлім алған азамат кейін «Гүлдер» ән-би ансамблінде өнер көрсеткен. Сазгер күні кешеге дейін 70-тен аса ән шығарды. Олардың арасында «Қазақстан», «Алматы таңы», «Неткен өмір», «Алыстағы арман», «Ауылым, аңсадым», «Кешір мені, асыл жарым», «Сен үшін», «Алға, қазақ жігіттері!», «Астана кештері», «Арысым», «Жан әке», «Сен қасымда болмасаң» секілді танымал әндер бар. Ал «Сека», «Ай-ай-ай» және «Шымкенттің салқын сырасы» атты әзіл-қалжыңға құралған әндері тіпті хитке айналып кеткен-ді. Сазгердің әндерін көбіне «Жігіттер» квартеті, «Нұр-Мұқасан» тобы, сонымен қатар Асқар Жүнісбеков, Жұбаныш Жексенұлы, Ақылбек Жеменей, Жұлдыз Бақытжанқызы сынды әншілер жиі орындаушы еді.
Ержан Серікбаев соңғы екі жылдан бері Алматы қаласында тұратын. Оның жұбайы Кәмиладан көрген Бейбарыс деген бір ұлы бар. Сазгер қаза боларының алдында ғана туған жеріне ат басын бұрыпты. Өзі туып-өскен топырағы тартты ма екен, кім білсін...
Тұлғаның артында жаңғырған ән мен қаңыраған тас қалды...
Біз айтып, тыңдап жүрген әндеріміздің тек айтушысын ғана білеміз. Ал ол әнді дүниеге әкелген жаннан мүлде бейхабармыз. Сондай көрінбейтін астарда қалып, талай әсем әннің тобырын қазақ эстрадасына қосып кеткен атақты сазгердің арамыздан кеткеніне бір жыл болды.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: kazakzaman.kz, ktk.kz, otyrar-tv.kz
А. Әбілхан