Ұлы даладағы ұлттың бағына орай маңдайға біткен жарық жұлдыз, қазақтың жанашыры, қазақ атын әлемге танытушы һәм қазақтың символы Абай Құнанбайұлы 1845 жылдың 10 тамызында жарық дүние есігін ашқан. Абайдың кім болғаны, қандай қызмет қылғаны, оның шығармашылығы, өмір жолы әр қазаққа аян. Қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы классик ақынның туған күні күллі қазақ үшін мереке екені анық. Бүгін бүкіл қазақтың пірі, мақтанышы ұлы Абайдың, Хакім Абайдың туған күні, ұлттың атасы, халықтың рухани әкесі дүниеге келген күн. Абай қазақ қоғамы, оның болмысы, келешегі туралы жан-тәнімен толғанған, ұлтының табиғатын, жаратылысын дәл таныған, елі үшін азапқа түсіп, қасірет шеккен, қазақтың кемшілігін жанға батырып бүкпесіз ашық айтқан, елім, жерім деп күңіреніп, қалың елім қазағым, қайран жұртым деп қайғырған қайталанбас тұлға, елінің маңдайына біткен жарық жұлдызы еді... Жүрегімнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла. Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім, Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма, - дейді дана Абай бұл туралы. Расымен де, ол мыңнан ерек, жүзден дара болды. Бүгін ғұлама ақынға 173 жыл толып отыр. Абайдың өзі өлгенмен сөзі өлген жоқ. Өлді деуге сыя ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған, дегенді айтқан да өзі еді. Айтқанда да, тауып айтты! Абай артына өлмейтұғын сөз, өнеге, өсиет қалдырған, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ғасырдан-ғасырға асып, туған халқымен бірге жасаса беретін кемеңгер. Қазақ деген ұлт өлмейінше, Абайдың есімі де, оның мұрасы да өлмек емес. Абайдың туған күнінің қарсаңында, дәлірек айтсақ 25 шілдеде әлеуметтік желі дүр сілкінді. Әлем мойындаған қазақтың мақтанышын өз ұлтының ұрпағы мойындамайды екен. Қазақстандық кәсіпкер Абай жайында пікір айтты. Пікір деген сөзді жамылған сандырағының мағынасы мынау Оның шығармашылығын мойындамаймын, ол бүгінгі көрсетіліп жатқан құрметке лайық емес. Лайық болмаса неге Абайды тек қазағы қана емес, әлем мойындап отыр? Осы тұста сөзіміз қуатты болсын, дерек келтіре кетейік. Абайға ескерткіш орнату, Абай атына көше беру, саябақтар, оқу орындарына ақынның атын беру үрдісі тек Қазақстанда ғана емес әлемдік деңгейде жүзеге асып жатыр. Украинада Абай көшесі, Белоруссияда Абайға арналған интернет портал, Лондонда Абай үйі жұмыс істеп тұр. Францияда, Мысыр елінде Абайға арналған үлкен ескерткіш бой көтерген. Түркі тектес елдердің барлығында дерлік Абайдың құрметіне берілген көшелер мен ескерткіштер бар. Үндістан астанасында да қазақ ақының атына берілген көше бар. Берлиннің орталық көшелерінің бірі дәл осы Абай атымен аталады. Мәскеуде де Абай көшесі ірі көшелердің қатарында. Елбасы естеліктерінің бірінде, Қытай басшысы Абайдың қанатты сөздерін әңгіме барысында қозғағанын айтады. Бұдан да басқа Абай турасында өзге жұрттың құрмет белгілерін санамалау қиын. Мінекей, Абай есімі әлем жұртшылығының құрметіне бөленіп тұр. Абай бұл биіктен әсте төмендемек емес. Сөз қадірін Абайша түсініп, Абайша сезіну үшін үлкен жүрек, терең ой, кемел ақыл, ыстық сезім керек. Абай афоризмі бүгінде әлемнің аузында. Абайдың өмір жолы Мұхтар Әуезовтің Абай жолы романында жазылды. Осы роман арқылы Абай болмысы әлемге жол тартты. Абай жолын қай жасыңда оқысаң да әр кезде әртүрлі әсер береді. Қара сөздері де дәл солай. Massaget порталының Айна бағдарламасында қонақта болған режиссер Сатыбалды Нарымбетов Сіз оқуға кеңес беретін кітап? деген сұраққа Абайдың қара сөздері деп жауап берген еді. Мен Абайдың қара сөздерін жиі қайталап оқимын. Әр кез оқыған сайын бір сұрағыма жауап табамын. Бұл қандай сиқыр, қандай құдірет, ұғына алмадым. Мен жастарға Абайдың қара сөздерін, Абай жолын оқуға кеңес беремін деп жауап берді. Абай жолы әр қазақ оқуға міндетті кітап. Көбіне, оны ақыл толысқан, пайым-парасатыңыз кемелденген шақта оқу керек дейді көпшілік. 4 кітаптан тұратын туындыны көбісі ірі көлемді болғандықтан оқымайды немесе басын бастағанмен соңына дейін бітіре алмай жатады. Сайтымыздың журналистері Абай есімін, мұрасын бүгінгі өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында әр бөлімнің қысқаша мазмұнын дайындаған еді. Егер бұл кітапты оқымаған болсаңыз сілтемеге өтіп, мақаладан әр бөлімнің жалпы мазмұнымен танысып шықсаңыз болады. Бүгін бас ақынның туғанына 173 толды. Екі ғасырға жуық уақыт өтіп кетсе де, ғұламаның туған күні жадтан кете қойған жоқ. Бұл күн тұтас қазақ халқы үшін мереке. Ұлы ақын деген абыройға ие болған қазақ ұлы қашанда құрмет шыңында. Біз ғұламаның туған күнін тойлау арқылы болашақ ұрпақ пен Абай арасын одан әрі жақындатамыз. Абайға деген махаббат, Абайға деген құрмет мәңгілік!