Қазақтың Ақбаяны дүниеге келген күн

Қазақтың Ақбаяны дүниеге келген күн
Фото: massaget.kz, elana.kz

Тамыздың екінші жұлдызы – халқымыз үшін қазақ ән өнерінің майталманы, «қазақтың Ақбаяны» атанған бұлбұл үнді Мәдина Ералиеваны есіне алатын күн. «Есіңе мені алғайсың» әнін әуелете орындап, ән шырқаудың шыңына шыққан Мәдина апамыз дәл осы күні жарық дүниенің есігін ашқан. Әншінің пешенесіне жаңа мыңжылдықта ғұмыр кешу жазылмапты. Аққан кәусар бұлақтай сыңғырлаған үнімен, жарасымды киім киісімен, аршыған жұмыртқадай аппақ ажарымен халықтың жадында қалған қазақтың әнші қызы 2000 жылы енді ешқашан қайтып оралмайтын гастрольдік сапарға аттанып кетті. 

Жыр алыптарын дүниеге әкелген Сыр елі – Мәдина Есмалайқызының туған өлкесі. Талантты әнші 1954 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүние есігін ашқан. Әкесі Есмалай ұстаздық қызмет атқарып, тарих пәнінен сабақ берген. Анасы Дариға Ыбырайқызы тігіншілік өнерімен айналысқан екен. Кішкентай Мәдина ән салғанда көңілі жадырап сала беретін Есмалай қызының қызығын көре алмай, дүниеден ерте кетті. Қызғалдақтай құлпырып келе жатқан екі бірдей қызды тәрбиелеп отырған отбасының тірегі кеткеннен кейін, араға көп уақыт салмай Есмалайдың жары да артынан ерді. Мәдина анасынан айырылғанда Қызылордадағы педучилищеде оқып жүрген. Жарық дүниемен қоштастарда Мәдинаға анасының айтқан бір ауыз аманаты: «Соңыңа ерген жалғыз бауырың Сағираға қамқор, бас-көз бол». Ата мен анадан қол үзіп қалып, жапан далада адасқандай тағдырдан жапа шеккен Мәдина тауы шағылса да, өзін терең тұңғиыққа лақтырған жоқ. Себебі, арқасында ананың аманаты бар еді. Тумысынан еті тірі қайсар қыз сіңілісі Сағираны жетелеп, Алматыға, Ахмет Жұбанов атындағы өнер мектебіне оқуға түсіруге келеді. Тауқыметті тағдыр ата-анадан айырылған қос қарлығашты әбден кеп сынапты. Сағираның жолы болмай, бұл мектепке оқуға түсе алмай қайтады. Сіңілісін жетелеген Мәдинаның өзі ол кезде небәрі он алты-ақ жаста еді.

Сағираны оқуға түсіре алмаған Мәдина бұл сапарын түпкілікті сәтсіздікке бергісі келмеді. Дәл осы кезеңде, Алматыда көркемөнерпаздар байқауы жарияланған екен. Бойдағы қабілетті сынға түсіріп, қайсар қыз осы конкурсқа не болса да қатысып кетуге бел буады. Конкурста Бексұлтан Байкенжиевтің "Ақбаян" әнін орындаған Мәдина жүлдеге ілігіп, ауылға олжалы қайтады. Бұл болашақ жұлдыздың ән әлеміне басқан алғашқы қадамы еді. 

Алғашқы сапарында Алматының нағыз мәдениет ордасы екеніне көзі жеткен жас әнші болашақтың іргесін берік қылып қаламаққа Алматыға аттануды ойластырады. Осылайша, Қызылордадағы педучилищені аяқтағаннан кейін, Алматыдағы Қыздар педогогикалық институтының музыка факультетіне оқуға тапсырады. Жолы болып, осы оқу орынында жоғары дәрежеде білім алып, ән әлемінің қыр-сырын толық игереді. Бірақ, ол кісі әншілік кәсібін бірден бастаған жоқ. Өнер жолына бет бұрмас бұрын, ол Ғылым ордасында ғылыми қызметкер ретінде түрлі зерттеу жұмыстарын жүргізді. Мәдинаның ғылым саласында қызмет етіп жүргенін көрген белгілі жазушы Зәкір Асабаев дарынды қызға ағалық ақылын айтып, «Мәдина, ғылыммен айналысқаның жақсы, бірақ сенің негізгі бағытың әншілік, бәрібір сол жолға түспей көңілің көншімейді», - депті. 

Бұл сөздің ақиқат екенін Мәдинаның ішкі жан қалауы да айғақтап тұрған еді. Осыдан кейін ол түрлі Республикалық жарыстарда, мерекелік шараларда, жиі ұйымдастырылып тұратын айтыстарда ән шырқап, бойдағы тума дарынымен тыңдарманның көңілінен орын таба бастайды. Құлақ құрышын қандырар бұлбұлдай үнімен ән шырқағанда залдағы көрермен қол шапалақтап әншіні жібермей тұрған кездер талай болыпты. Мәдина жұлдызының жарқырап жануына, оны халыққа танытуда Әнуар Бекжанов, Өзбекәлі Жәнібеков сияқты билік басындағы, ән әлемінің басы-қасындағы бірқатар азаматтардың еңбегі зор. 

Ол 1985 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Алматы облысы филармониясының жетекші әншісі болды. Өнер әлеміндегі ғұмырында үлкен белестерді бағындырған жұлдыз 1990 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағын алған. Мәдина апамыздың қайталанбас өзіне ғана тән әншілік мәнерімен, өзіндік орындау ерекшелігімен, нақыш-бояуымен дараланатын «Күрең күз», «Кірмеші жиі түсіме», «Ақбаян», «Жылқы ішінде ала жүр», «Сағым жылдар» сынды әндері халық жадында сақталып, ел аузында әлі күнге дейін шырқалады. 2013 жылдың наурыз айында Сыр елінің тумасы марқұм Мәдина Ералиева жайлы кітап жарық көрді. «Қазақтың Мәдинасы» атты туындының авторы – журналист Рауан Тұрғантай. Жинаққа «қазақтың Ақбаяны» атанған М.Ералиеваның шығармашылығы мен отбасы жайлы естеліктер топтастырылған. 

Кітапқа енген бірнеше естеліктің бірінде, әншінің жақын құрбысы Зекеш Жұматқызының айтқаны бар екен. Осы пікірден, әншінің сыр мен сымбатқа толы ішкі, сыртқы дүниесін, жалпы болмысын аңғаруға болатындай. 

«Мадина мен үшін сырлас, мұңдас құрбы ғана емес, ақылшым еді. Ол достыққа қандай адал болса, адамдарға да сондай сенгіш болатын. Адам баласының қайраттысы десем қателеспейтін шығармын, олай дейтінім, ол әйел затына тән сұлулық пен нәзіктікті бойына үйлестіре алған асқан сезімтал жан бола тұра, соншалықты дәрежеде ерекше қайратты, шыдамды еді. Мен оның өмірге деген құштарлығына қызығатынмын. Қашан болсын күліп, жарқырап, айналасына нұр шашып жүретін. Әрдайым «Әйел қашан да қанша жаста болса да сұлу болуы керек» дейтін. Құрбы болған соң бір-бірімізге кеңес беріп жатамыз ғой. Ол Мәкеш екеуміздің әдемі болып жүруімізді қалайтын. Айналасындағы адамдардың жақсы істерін көре білетін, өзгенің қуанышына ортақтаса алатын, кеңпейіл еді. Мәдинаның бойындағы жақсы қасиеттерін сөзбен айтып тауысу мүмкін емес шығар. Бүгінде оның бейнесі бізге ертегідегі ханшайымдай көрінеді. Амал не, ғұмыры қысқа болды. Бізге қарағанда өнер иесі ретінде оның арқалаған жауапкершілігі екі есе көп болды ғой. Соған қарамастан ол отбасында да өзінің әйелдік болмысын өте жоғары ұстайтын. Үйіне қашан барсаң да жарқырап тұратын. Сондай таза, тиянақты еді. Киімді де аса талғампаздықпен киетін».

Мұзбалақ ақын Мұқағали өлеңдері Мәдина Ералиеваның орындауында ерекше әуезді, қуатты, тіпті сол Мәдина тағдырымен байланысып жатқандай сезілетін. Оның орындауындағы «Есіңе мені алғайсың» әнінің сөздеріне үңілсек, Мәдина апамыз өмірден өтіп кеткеннен кейін, тыңдармандарына арнап, «Естеріңе мені алыңдар» деп тұрғандай. Жарық дүниенің соңғы сәулесін қарашада көрген Мәдина әнінің мәтінінде: «Қараша келген шақтарда, құлазып тұрған бақтарда, жапырақ жайрап жатқанда, қурайлар сыңси қаққанда, есіңе мені алғайсың», - дейді. Ал, «Күрең күз» әнінің қайырмасында: «Қош енді, қош бол, күрең күз. Күрең мұң саған жібердім. Күлермін деп ем түнердің. Білермін қалай, білермін?!», - деп табиғатпен, адамзатпен қоштасып тұрғандай. 

Қазақ мәдениетіне, музыка өнеріне өлшеусіз үлес қосқан қазақтың Ақбаяны бүгінде арамызда болғанда 64 жасқа толатын еді. Бүгінгі жас әншілерге берері көп еді. Алайда, адамның тағдыры, кісінің өлімі отар қойды ырқына бағындыратын қойшының таяғы сияқты емес. Адамның қалауынсыз жүзеге асатын жаратылыс заңдылығына бағынушы. Ерте кетті, амал нешік?! «Тағдырдың салған ісіне, не істерсің жаным, не істерсің?!».

А. Қажиев