Бүгін Ұлы Отан соғысының басталғанына тура 80 жыл толды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желідегі парақшасында әлем тарихындағы осынау қайғылы күнді еске алды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осыдан 80 жыл бұрын дәл осы күні Ұлы Отан соғысы басталды. Қазақстаннан аттанған әрбір екі жауынгердің бірі тарихтағы ең қанды соғыстың майданында қаза тапты. Олардың ғажайып ерлігі халқымыздың жадында мәңгі сақталады. Мұндай қасіретке ешқашан жол бермеу – барша адамзаттың міндеті, – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында.
Ұлы Отан соғысы 1941 жылдың 22 маусымында, шамамен таңғы сағат 4 кезінде фашистік Герман әскері КСРО-ның батыс шекарасына басып кіруімен басталды. 1418 күнге созылған қан майдан 10 миллионға жуық адамның өмірін қиды.