Қазақстан туының авторы Шәкен Ниязбеков қайтыс болды

Қазақстан туының авторы Шәкен Ниязбеков қайтыс болды

Алматы қаласында Қазақстан республикасының мемлекеттік ту авторы Шәкен Ниязбеков қайтыс болды. Бұл туралы Алматы қаласы әкімшілігінің Ішкі саясат бөліміне сілтеме жасай отырып Tengrinews.kz хабарлады.

Хабарламада Шәкен Ниязбековтың 76 жаста тамыздың 15-нен 16-шы күніне қараған түні қайтыс болғаны жайлы жазылған.  Белгілі суретшінің жаназасы дүйсенбі күні, 18 тамызда Әбілхан Қастеев атындағы музейде сағат 9.00-де шығарылады.

Мемлекет басшысының ресми сайтында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев марқұмның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтып, телеграмма жолдағаны жазылған. Ел басшысы жеделхатта Шәкен Ниязбековтың отандық өнер мен туған елінің дамуына елеулі үлес қосқанын атап айтқан. «Тума талант ретінде ол жұмыстарын патриоттық рухта жазды. Оның Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы болуы – өз Отанын шексіз сүйгендігінің көрінісі», - делінген жеделхатта.

Шәкен Ниязбеков 1938 жылы 12 қазанда Тараз қаласында туған. Ленинградтағы көркемсурет училищесін ағашты көркем өңдеу мамандығында және метал өңдеу мамандығы бойынша В.И.Мухина атындағы Ленинград институтын бітірген. «Алматы қаласының құрметті азаматы» белгісінің және Алматы қаласы елтаңбасының, Бауыржан Момышұлы монументінің, Қазақстанның мемлекеттік туының авторы.  

Massaget.kz ұжымы қазақ өнерінің көрнекті өкілі, суретші Шәкен Ниязбековтің қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтады.

Сурет: krg54.kz

А. Құлтай