Қазақстан Батырхан Шүкеновпен қоштасты

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, БҰҰ балалар қорының ізгі ниет елшісі, көрнекті әнші Батырхан Шүкеновпен қоштасу рәсімі Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында өтті.

Филармонияның алдына мыңнан аса адам жиналып, олардың қатары бірте-бірте ұлғая берді. Батырхан Шүкеновтің туған-туыстарына көңіл айту үшін атақты қайраткерлер, әртістер мен әншілер: Ренат Гайсин, Асылбек Еңсепов, Арман Дәулетияров, Сейфуллин Жолбарыс келді, - деп жазады tengrinews.kz.

Филармония маңындағы көшелер жабылды. Қалдаяқов пен (Әйтеке би көшесінен Бөгенбай батыр көшесіне дейін) Төле би (Қалдаяқов көшесінен Бөгенбай батыр көшесіне дейін) көшелеріндегі автокөлік қозғалысына сағат 08.00-ден 12.00-ге дейін шектеу қойылды. 

Көрнекті әнші Алматының шығыс бөлігінде орналасқан (қала орталығынан 9 шақырым жерде) Базарбаев өткеліне жақын жердегі тау басына - Кеңсайға жерленеді.

Батырхан Шүкенов 29 сәуірге қараған түні жүрек талмасынан қайтыс болды. Оның ағасы Бауыржан Шүкеновтің айтуынша, әнші соңғы кездері денсаулығының нашар екенін айтып жүрген. Орындаушының директоры Олжас Байқановтың айтуынша, Батырхан Шүкенов "Один в один" шоуының дайындығынан кейін үйіне барған, кейін ауыра бастаған. Музыкант өзіне жедел жәрдем шақырған, бірақ оны құтқару мүмкін болмады. 

Батырхан Шүкенов 1962 жылы 18 мамырда Қызылордада дүниеге келген. Мансап жолын ол белгілі әнші Роза Рымбаеваның саксофоншысы ретінде бастаған. 1988 жылы өзі құрған А'Студио тобының фронтменті болады, ал бір жылдан кейін "Джулия" деп аталатын әні шығады. Батырхан Шүкенов А'Студио тобынан 2000 жылы кетіп, жеке өнер көрсете бастайды.