Қазақ тарихын осыдан 550 жыл бұрын құрылған Қазақ хандығынан бастағанымызбен, түпкі тарихы сонау сақ пен ғұн заманынан басталатыны анық. Ал сақ-ғұн тайпаларының қандай ержүрек болғаны тарихтан белгілі. Бұл халықтың ерлері ғана емес, әйелдері де батыр, жаужүрек деседі.
Жалпы қазақ даласында туған әйелдер табиғатынан текті, ақыл-парасаты мол, батыл адамдар болған.
Ел билеген хан-сұлтандар мен қол бастаған батырлардың жары, кейде анасы бола жүріп, ел билеу ісіне араласқан дана әйелдер туралы жазуды жөн көріп отырмыз. Әрине, көш басында Мөде мен Еділ патшалармен есімі қатар аталатын Тұмар патшайым тұр.
Тұмар патшайым
Көне жазбаларда Томирис деп көрсетілген сақ патшасы. Б.з.д VI ғасырда өмір сүрген. Тұмар патша әулетінен шыққан әйел: скиф халқының көсемі Ишпақайдың ұрпағы, скифтердің патшасы Мадийдің (Мәди) шөбересі, массагеттердің патшасы Сыпырдың (Спаргапис) қызы немесе немере қызы. Бала кезінен бастап әскери өнерді меңгерген.
Әкесі көз жұмған соң, таққа отырған Тұмар патшайымның ел билеуі ісі оңай бола қоймайды. Өйткені патшайымның билікке келу кезеңі парсы патшасы Кирдің бүкіл Азияны жаулауға аттанған жорығына дәл келді. Сақ қоныстанған аумаққа әскер алып келген Кирдің алғашқы жорығында Тұмар патшайымның жұбайы Рүстем мен ұлы Сыпыр қаза табады.
Жарынан да, баласынан да айырылған ана жаралы інгендей қаһарға мініп, қанға өшіккен Кирдің басын қанға бөктіруге ант береді. Алғыр стратег, мықты тактик Тұмар патшайым кескілескен ұрыста парсы әскерінің күл-талқанын шығарып, Кирдің басын алады. Бұл оқиғаны грек тарихшысы Геродот «ең кескілескен және ұлы шайқас» деп суреттеген екен. Шайқасқа сақ әйелдері де қатысқан көрінеді.
Ауыр әскермен келген Кирді жеңудің арқасында патшайымның есімі мәнгі тарихта қалды.
Тұмар патшайымның ерлігі де сол –ұлы далада шашырап жүрген сақ тайпаларының басын біріктіріп, парсы әскеріне қарсы күш жұмылдыра білуінде еді.
Зарина патшайым
Тарихта қалған сақ әйелдерінің тағы бірі – Зарина патшайым. Тұмардан кейін өмір сүрген әйел. Кейбір деректерде есімі Сара деп көрсетілген. Б.з.б. IV ғасырдың аяғы мен V ғасырдың басында ел билеген. Зарина да патша әулетінен шыққан. Алайда қай әулеттен шыққаны белгісіз. Қай сақ тайпасының билеушісі екені нақты емес. Бірақ қазіргі Сығанақ қаласы маңында орналасқан көне қалалардың бірінде билеуші болған.
Заринаның ел билеген кезінде сақ мемлекеті Ассирия, парсы елдерімен жылы қарым-қатынаста болған. Сол кезде сақ даласына көз тігіп отырған парсы патшаларын тізе бүктірген. Ал Мидия елінің ханзадасы Стриангиямен достық қатынас орнатқан. Бұл оқиға жайлы Тұрсын Жұртбайдың «Дулыға» атты еңбегінде былай делінген.
Зарина аң аулап жүріп, жаудың қоршауына түсіп қалады. Қоршауды бұзып шығып қашқанымен, санға тиген оқ ұзаққа шыдатпайды. Жау деп отырғанымыз парсы ханзадасы Стриангия бастаған жасақ болатын. Жалғызға жабылу – дәстүрде жоқ. Салт аттының соңынан әскерін тоқтатып, жалғыз өзі қуған Стриангия Заринаны қуып жетіп, шайқаса бастайды. Бірақ әйелдің басынан дулығасы сыпырылып түсіп, қызбен шайқасып жатқанынан ұялған парсы ханзадасы кешіріп сұрайды. Қыздың батылдығына риза болған ханзада оған сөз салады. Бірақ тұрмыс құрған әйел екенін айтқан Зарина ұсыныстан бас тартады.
Алайда Заринаны тағы бір рет көру үшін сақ даласына аяқ басқан Странгия Мәрмәрдің (Заринаның жұбайы) тұтқынына түсіп қалады. Қарсыласуға қауқары бола тұра Странгия қарсылық танытпайды. Өзі келіп беріледі. Әрине, бұған Зарина қатты қапаланады. Ақыры күйеуінен ханзаданы босатуын өтінеді. Оған көнбей күйеуі Странгияны өлтіруге ұмтылады. Амалсыз Зарина екі жақты тоқтату үшін оққағарларын жұмсайды. Осы айқаста Мәрмәр ауыр жарақат алып, қаза табады. Мидиялық ханзада бостандық алады. Бұған қатты толқыған Странгия «екеуіміз де еліміздің амандығы үшін үлкен құрбандыққа бардық. Адал сезіміздің белгісі ретінде патшалығымызды біріктірейік. Қосылайық!» деп ұсыныс тастайды. «Алайда ақылға жеңдірген Зарина «Мен сені ғана ұнатамын. Бірақ әйелің бола алмаймын. Екеуміз қосылсақ, сен хан боласың, мен ханым боламын. Есесіне елім де саған бағынышты болады. Мен бақытты болғаныммен, елім тәуелсіздігінен айырылып, бақытсыз болады. Мен үшін елімнің еркіндігінен артық ештеңе жоқ» деп өз байламын айтады. Ханзада да мұңға батып, өз еліне қайтады. Есесіне екі ел ұзақ уақыт бойы тыныштықта өмір сүреді. Осылайша, Зарина патшайым өзінің бақытын елінің бақыты үшін құрбандыққа шала біледі» дейді Т.Жұртбай.
Жаған бегім
Қазақ хандығының негізін құрғандардың бірі Жәнібек ханның жары. Жәнібек пен Керейден кейін хан болған Қасымның анасы. Өкінішке орай, Жаған бегім жайлы тарихи деректер жоқтың қасы. Тек Жаған бикемнің Шайбан ұрпағы Махмұд сұлтанның анасы Ақкөзі бегім апалы-сіңлілі болғандығы ғана айтылады. Яғни, Жаған бегім Шайбани әулетінің атақты ханы Мұхаммед Шайбанидің інісі Махмұд сұлтанның нағашы әпкесі болып шығады.
Ол кісі жайлы деректер аз болғандықтан, ел билеу ісіне қалай араласқанын да айту қиын. Бірақ білдей бір хандықтың негізін қалаған қағанның жары болу оңай іс емес екені белгілі. Ал одан да қиыны сол хандықты ұстап қалар ұрпақты тәрбиелеу болатын.
Жаған бегім – Қазақ хандығын он-ақ жыл билеп, Азия мен Еуропаға атағын шығарған Қасым ханның анасы. Қасым ханның қасқа жолын салған, әскерін 1 миллионға дейін жеткізген, қазақ хандығының шекарасын бекітіп, оны нығайтумен айналысқан адамның парасатты ананың құрсағынан шыққанын айтпаса-ақ та түсінікті.
Бопай ханым
Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың әйелі, ел анасы. Шын есімі – Бәтима. Бопай сұлу Кіші жүздің ханы Әбілқайыр ханның жары мен құты болды. Бопай Әбiлқайыр ханның екінші əйелі бола тұра, өзінің табиғатынан ерекше салиқалы, байсалды қасиеттерінің арқасында аса жоғары «сұлтанша» лауызымына ие болған.
Әбілқайыр сұлтанның Бопай сұлуға үйленгені үлкен бақыт болды. Төре ұрпағына келген Бопай құтты келін атанды. 1711 жылы Нұралы атты перзент сыйлады. Нұралының Әбілқайырдан кейін кіші жүздің ханы болғанын бәріміз білеміз.
Бопай Әбілқайырдың ел басқару ісінде кеңесшісі, арқа сүйер тірегі болған. Батыр атанған Әбілқайырдың қилы мінездеріне тоқтау айтып, сабырлылыққа шақырып, сабасына түсiрiп, қиын мəселелердi бабымен шешуге көмектескен. «Бопай сұлу өзінің ақылымен құрметке ие болған, сондықтан да кей кездері орданы басқару ісіне үлкен əсер еткен. Әдетте əйелді барлық қоғамдық жұмысқа араластырмайтын қарым-қатынастың болғанына қарамастан, Бопай сұлудың өзінің жеке мөрі болған» – деп Қазақстан тарихы бойынша ірі маман А. И. Левшин жазып өткен.
Сондықтан ел iшiнде қадірі артқан Бопай анаға халқы мəртебелі, парасатты «Бара бəйбiше» атағын сыйлаған.
Жалғасы бар