- Негізгі бет
- Тағзым
- Қазақ музыка өнерінің...
Қазақ музыка өнерінің майталманын сағынатын болады...
Ажал айтып келмейді, өткен қайтып келмейді... Қазақ халқы «мезгілсіз келген ажалдан сақтасын» дейді. Бүгін ұлан-ғайыр даланы төске жайлаған қалың қазақтың қабырғасы қайысты. Музыка әлемінің Батыры мәңгілік сапарға атанғанына сене алар емес. Мойындағысы келмеді. Бірақ амал қанша?
Базар жырау: «адамды аңдып жүрген ажал дұшпан, өлімнің білмейді ешкім ерте-кешін», - дейді. Қапияда келген ажал қазақ музыка өнерінің майталманы Батырхан Шүкеновті де бақилыққа ала кетті. 53 жасына дейін еліне елеулі азамат ретінде танылған тұлғаның өнері миллиондаған тыңдармандар мен көрермендердің жүрегіне жол тапқан еді...
Қазақ өнерінің шоқтығы биік жұлдызы өз биігінен бір сәт те төмендеген емес. Кей шоу-бизнес өкілдері секілді арзан жарнама мен мақтанға салынбады. Өз өмірін өнерге арнады. Сол үшін Батырханды қазақ музыка өнерінің майталманы деп тануға болады. Себебі, ән мен музыканы, ешкімде жоқ ерекше жанрды алып жүру екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық. Музыкалық білім мен таным көкжиегінің кеңдігі – әншіні өз биігіне көтерді. Сол жолда аянбай тер де төкті. Батырханды жақын таныған көпшілік бір ауыздан оның биік мәдениетін, өз-өзін ұстай білу шеберлігін, зиялылығын айтып тауыса алар емес.
Батырхан Шүкенов – қазақ музыка өнері мен эстрадасының беткеұстар бірегей тұлғасы еді. Осылай қала да береді. Оның өнерін қазақ халқы ғана емес, бүкіл ТМД елдері жоғары бағалады. Әндерін құмарта тыңдады. Өнерімен ұлтын танытты. Тіпті ресейліктер қазақ музыка өнерінің майталманына «құда» да түсті. Бірақ Батырхан түбі көшпенділердің ұрпағы екенін бір сәт те ұмытқан емес. Қайда жүрсе де, туған елінің топырағын бәрінен биік қойды. 2002 жылы елге келіп, «Отан Ана» атты альбомын жарыққа шығаруы – осының бір айқын көрінісі.
Батырхан Шүкенов 1962 жылдың 18 мамырында Қызылорда өңірінде дүниеге келген. Әкесі – Камал Шүкенов (1935-2011) «ақ күрішті аймақ» облысының қаржы бөлімінде 20 жылдай қызмет атқарған. Анасы болса, облыстық денсаулық сақтау бөлімінде есепші болған. Отбасында Батырханнан үлкен екі бала, кіші бір қыз өсіп-өнген.
"Менің ата-анам қаржыгер болды. Олар ақшаны қалай жұмсау мен үнемдеу керек екенін білді. Бірақ ата-анам маған ақшаны қалай ұстауды үйретпеген секілді. Мысалы, мен көп ысырап жасаймын".
Батырхан мектепте жүргенде-ақ музыкаға қызығады. Арнайы үйірмелерге қатысады. Мектеп бітіргеннен кейін Н.К. Крупская атындағы Ленинград мемлекеттік мәдениет институтына оқуға түседі. Бірнеше жылдан кейін Алматыдағы Құрманғазы Сағырбаев атындағы консерваторияда оқуын жалғастырып, саксофон класында шеберлігін шыңдайды.
"Мен кәсіби вокалды ешқашан оқып-үйренбегенмін. Мен үшін ол әр уақыттағы хоббиім мен әуесім болды".
1982 жылы жас студент «Арай» тобының жаңа құрамына еніп, әнші Роза Рымбаевамен бірге өнер көрсетеді. Топ сол жылдары джаз бағытындағы композицияларды қатар орындап та жүреді. «Арай» тобы 1983 жылы Бүкілодақтың фестивальдің лауреаты атанады. Батырхан Шүкенов виртуоз-альт және тенор-саксафоншы болды. Ал, 1985 жылы консерваторияны аяқтап, ән айту қабілетін таныта бастайды. Кейін топ жеке кетіп, «Алма-Ата» деген жаңа топ құрады. Бір жылдан соң өздерінің «Путь без остановок» атты алғашқы альбомын жарыққа шығарады. Топтың аты «Алма-Ата Студио» болып өзгереді. 1989 жылы әйгілі «Джулия» әні дүниеге келеді.
"Шынымды айтсам, маған жүйке жұқартатын, қаншама жүк арқалатып салмақ түсіретін байқаулар ұнамайды. Бірақ мұндай сәттер адамның жеке әлемінен шығуға түрткі болады. Бұл енді маған ұнайды".
Кейіннен топты танымал Ресей әншісі Алла Пугачева байқап, бірден «Театр песни»-ге шақырады. Алла Пугачеваның «Рождественские встречи» байқауына қатысқан «А’Студио» тобы бүкіл елге танымал болады.
"Менің музыка әлеміндегі 30 жылым - көбіне жолда жүріп, ұшақта мініп, өнерімізді көрсету үшін ел, жер кезумен өтті. Мұның өзі менің қанымда көшпенділердің гені бары екенін байқатса керек-ті".
Батырханның орындауындағы «Белая река», «Стоп, ночь», «Солдат любви», «Эти тёплые летние дни», «Нелюбимая» және т.б. әндері халықтың жүрегінен бірден орын алды. Арада 11 жыл өткен соң, Батырхан Шүкенов топтан шығып, Отанына оралады. Ал, 2002 жылы әнші қазақ тіліндегі алғашқы «Отан Ана» атты альбомын шығарды.
"Қайырымдылық – адамның азаматтық ұстанымы мен жүрегінің қалауы. Ол үшін сені ешкім қинамайды да, ол өзіңнің санаң мен түсінігіңе байланысты істелетін шара. Ал маған келсек, менің ұстанымым – мүмкіндігінше адамдарға көмектесу, ол мейлі өз өнеріммен болсын немесе басқа да жолмен болсын".
Әнші, композитор Батырхан Шүкеновтің жеке өмірі, отбасы туралы көпшілік біле бермейді. Музыка өнерінің майталманы мұны айтуды ұнатпаса керек-ті. Тек 2008 жылы екінші рет шаңырақ көтергені белгілі. Ал бірінші әйелінен Мақсұт есімді баланың барын Батырханның өзі сұхбаттарында айтып өткен. Қазіргі таңда АҚШ-тың Сарасота қаласында анасымен бірге тұратын Мақсұт та музыкаға әуес екен.
"Мен үшін ұлыма өзімнің әкемдей әке, сенімді дос болу ең басты - арманым".
Батырхан Шүкенов 2007 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәдениет жөніндегі кеңесшісі болды. Ал 2009 жылдың 20 қарашасынан бастап Батырхан Шүкенов Қазақстандағы ЮНИСЕФ-тің ерікті елшісі болып сайланды. 2010 жылы әнші «Осторожно, милая девушка!», «Всё пройдёт...», 2013 жылы «Душа» атты альбомдарын жарыққа шығарды.
"Бала күнімде, жаңылыспасам бес жасымда үнді киноларынан дауысын естіп жүретін әйгілі әнші Лата Мангешкардың дауысы қызықтыратын еді. Жеті жасымда Батыр Закиров пен Том Джонсон және Валерий Ободзинский қызықтырды. 13 жасымда «Біздің сүйікті дәрігер» фильмінен Ермек Серкебаевтың дауысын естіп, тәнті болдым. Әншінің орындауындағы қазақтың дәстүрлі әндерін тыңдап жүрдім. Сонымен қатар, сол уақытта Бибігүл Төлегенованың орындауындағы әндерді де естіген болатынмын. 17 жасымда Стиви Уандер санамда үлкен төңкеріс жасады. Менің жадымда расымен де ұстазым болып табылатын көптеген адамның есімдері бар".
Батырхан Шүкенов «А’Студио» тобының құрамында «Путь без остановок» (1988 ж), «Джулия» (1990 ж), «A`СТУДИО» (1993 ж), «Солдат любви» (1994 ж), «A`STUDIO LIVE» (1995 ж), «Нелюбимая» (1996 ж), «The Best» (1997 ж), «Грешная страсть» (1998 ж) дискографияларын шығарды.
"Біреу «жүректе сақтау - алғыс білдірумен бірдей» деп айтқан екен. Өмір атты ұзақ жолда менің адам болып, композитор болып қалыптасуыма көмектескен жандардың әрбір сөзін, ісін, кеңестерін мәңгілік жадымда сақтаймын".
2015 жылғы Ресейдің «Россия 1» арнасындағы «Один в один» шоуы Батырхан Шүкеновті жаңа қырынан ашып, оның шығармашылық жолындағы жаңа белес болғандай еді. Осы шоудан кейін Батыр теңдесі жоқ әртіс екеніне тыңдармандары мен көрермендерінің көзін тағы бір жеткізді. Қазақ музыка өнерінің майталманы 2015 жылға үлкен жоспарлар қойып отыр еді. Оны бір сұхбатында айта кетіп, соңын жұмбақтап қалдырған-ды. Бәлкім, сол шақта жұмбақ қалдырмай, жоспарларымен бөліскенде бәрі басқаша болар ма еді. Жоқ, әлде жүрек шіркін сезді ме екен?...
"Бұл жыл маңызды әрі жемісті жыл болмақ. Мен ресейлік ірі телешоуға қатысамын. Сонымен қатар, жаңа альбомымды жазуды аяқтаймын, көп жерде гастрольдік концерттер ұйымдастыру жоспарда бар. Бірақ алдағы бар жоспарым жұмбақ болғаны дұрыс деп білемін"...
Батырхан Шүкенов соңғы рет наурыз айында «Незнакомка» деген клип түсірді. Өзі айта кеткендей, бұл клип – қаржы үшін емес, нағыз шығармашылық өнер үшін түсірілген. Шығармашылық ойдың жемісі.
Батырханның соңғы әні «Мне поможет весна» деп аталады екен. Ауырған жүректің дауасын көктем де тауып, көмектесе алмады... Амал қанша? Жаның жәннәтта болсын, қазақ музыка өнерінің майталманы!
О. Сансызбай