Қазақ жұрты Қабдеш Жұмаділовті ақтық сапарға шығарып салды

Алматыда сәуірдің 6-сы күні қазақ жұрты халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Қабдеш Жұмаділовті фани дүниеден бақи дүниеге аттандырды. Қаралы жиынға марқұмның туған-туыстары, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, депутаттар және Нұр-Сұлтаннан келген үкімет адамдары қатысты.

Алдымен сөз алған Жазушылар Одағының басшысы Ұлықбек Есдәулет қазақтың қабырғалы қаламгерінің өмір жолына, шығармашылығына тоқталып өтті.

“Қабдеш Жұмаділов ақиқат пен шындық жолында ғұмырын сарп еткен ұлттың абыз ақсақалы, абзал ағамыз еді. Сонау бір қиын шақта шекарадан қаншама мың адамды соңынан ілестіріп, өзі “Соңғы көш” деп ат қойған елімізге көш алып келген болатын. Осы ісі арқылы қазақ деген халықтың санын көбейтіп, сапасын арттырып, елдің азаттығына, тәуелсіздіктің нығаюына еңбек сіңірген еді. Енді міне, өзі жырлап өткен Барқытбеліне аттанып барады. Ол кісінің ерекшелігі бір дәуірдің емес, бірнеше дәуірде өмір сүрді. Бақұл болыңыз аға! Тәңірге қазақ халқына осындай ұл бергеніне рахмет айтамын!”, - деді.


Қазақ әдебиетінің ақсақалымен қоштасуға Нұр-Сұлтан қаласынан ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов Мәдениет министрі Елбасының марқұмның қазасына байланысты көңіл айту жеделхатын оқып берді. Нұрсұлтан Назарбаев қазақтың қабырғасын қайыстырған ауыр қазаға байланысты қаламгердің отбасы мен жақындары көңіл айтты. Елбасы жолдаған жеделхатта "Қабдеш Жұмаділұлы қарымды қаламгерлігімен, қайраткерлігімен қазақ әдебиетіне өлшеушіз үлес қосқан аса талантты тұлға болатын. Алаш жұртына қызмет еткен дарабоз-қаламгердің қазақ руханиятындағы орны мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды деп сенемін" деп жазылған.

Ақын, мәжіліс депутаты Қазбек Иса қаламгердің салиқалы өмірі мен жемісті еңбек жолына тоқталып өтті.

“Қазақ әдебиетіне, қазақ халқына қайғырып көңіл айтамын. Қабең Мұқтар Әуезовтің өзіндей, өзі болмаса да көзіндей, артына тастап кеткен сөзіндей нағыз халық жазушысы еді, асыл-ардақтымыз еді”, - дей келе жазушының туған-туысына көңіл айтты.

Осыдан соң мемлекет қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері, жазушылар сөз сөйлеп Қабдеш Жұмаділовтің еңбек жолы мен, жазушылығына халыққа сіңірген игі істеріне тоқталып өтіп, қазақ еліне, марқұмның отбасына, туған-туысына көңіл айтты. 

11 роман, 21 повест, 70-тен аса әңгіме жазған қазақ әдебиетінің ақсақалы Қабдеш Жұмаділовтің сүйегі өзінің аманаты бойынша Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, "Бақты-Аягөз" тас жолының бойындағы бейітке қойылады.