«Қазақ балалар әдебиетінің ақсақалы»

Бүгін, 24 қараша – балалар әдебиетінің негізін салушылардың бірі, көрнекті қаламгер Сапарғали Бегалиннің дүниеге келген күні.

Ол 1895 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Дегелең ауылында туған. Қаламгер бұл туралы естеліктерінің бірінде былай деген екен: «Шешеміздің айтуы бойынша, салқын күздің аяғында, терістіктен ызғырықтап жел соғып, ұшқындап қар жауып тұрған суық күні дүниеге келіппін. Табиғаттың маған еншіге бергені ме, әлде жасағанның бұйрығымен болатын құбылыс па,-білмеймін, әйтеуір жылда осылай, менің туған күнімде терістіктен жел ызғырықтап, ұшқындап қар жауып тұратын әдеті. Бүгін де, міне, ауа райының күрт бұзыла қалғанын көрмейсің бе. Сірә, мені қыспаққа салғысы, сынап алғысы келетін шығар. Бірақ мен де көне қоймаспын». Расымен де, С. Бегалиннің ұдан былайғы өмірі үнемі күреске, тартысқа толы болды. 

Ол-халқымыздың ғасырлар бойы ауызша тараған әңгіме-аңыздарын, айтыс-өлеңдерін, шешендік толғауларды жатқа білетін ескінің көзі, оның үстіне этнограф, әрі тарихшы,  қазақ халық ауыз әдебиетінің білгірі және жинақтаушысы. Ол-сазды лирик, сыршыл ақын.  С. Бегалиннің өлеңдеріндегі басты тақырып-туған жерге деген махаббат, өмірге, тіршілікке деген құштарлық. Халық ақындары Иса, Шашубай, Төлеу, Доскей шығармаларын сұрыптап бастырып, олардың тұңғыш өмірбаянын жазған. Тәттімбет, Әміре, Естай, Майра, Қажымұқан тұлғасын кейінгі ұрпаққа танытуда мол еңбек сіңірген де Сапарғали Бегалин. Талантты аудармашы. Қаламгер Пушкин, Лермонтов және басқа да көптеген орыс классиктерінің шығармаларын қазақшаға аударған. Жазушы сексен сегіз жылдық ғұмырында жиырма шақты поэма, оннан астам повесть, жүздеген әңгіме, көптеген естеліктер, зерттеулер, мақалалар жазған екен.

Десек те, ең бірінші Сапарғали Бегалин қазақ балалар әдебиетінің дамуына көп еңбек сіңірген, оның негізін қалаушы алғашқы көшбасшысы. Оны "қазақ балалар әдебиетінің ақсақалы" және "классигі" деп атайды. 


Жалпы, Сапарғали Бегалиннің балаларға арналған шығармашылығына шолу жасай отырып оны бірнеше топқа бөлуге болады. Бірінші топқа аң аулауды, мергендерді суреттейтін: «Сәтжан», «Көксегеннің көргендері», «Бала мерген» деген әңгімелерін атасақ, екінші  топтағы: «Будан», «Қозышы Нұрман», «Жылқышы» атты поэмалары мал шаруашылығында жұмыс істейтін еңбекшілерді қиын да қажырлы өмірін паш етеді.  Ал табиғатты қорғау, балалардың жан-жануарларға деген қамқорлығы, қоршаған ортаға деген жақсы көзқарас қалыптастыратын «Жас бұтақ», «Қант бұршақ», «Мектеп бағында», «Хат», «Есеннің кірпісі» деген әңгімелері тағы бір топқа жинақталған. Жазушының көтерген  күрделі тақырыбы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Отан қорғаудағы қаһармандық күреске арналған. Бұған автордың «Тағы кездесті», «Машинист», «Жеткіншектер», «Киіксор» атты әңгімелері енген. Жазушы Бегалиннің тағы бір үлкен тақырыбы жас жеткіншектердің кейбір ұнамсыз мінез-қылықтарын, есірткен еркелердің олпы-солпы ұрыншақ мінездерін әшкере етеді, өмірге икемсіздікті мінейді, соларды түзу жолға, жөнге салуға, жаман әдеттерден аулақ болуға шақырады. Бұған автордың «Ойламаған жүріс», «Ұрыншақ», «Жершіл шымшық», «Бес батыр», «Сымбатты Сима» әңгімелері жатады. Жазушының  шығармаларынан өмірді терең таныған мол тәжірибесі көрініп отырады және бұның өзі жасөспірім жеткіншектерге үлгі-өнеге болатыны сөзсіз. Сонымен қатар жазушы өз әңгімелерінде мектеп жұмысын өндірістік оқу жұмысымен тығыз байланыстырып, балаларды болашаққа, дұрыс бағытқа меңзейді.

Жазушы Сапарғали Бегалиннің жарыққа шыққан шығармаларының библиографиялық тізімі: 

(Шығармалар  хронология бойынша топтасқан)

Шығарманың аты

Шығарған баспа

Жылы

Тиражы

1. Көксегеннің көргендері. Әңгіме

ҚМКӘБ

1943

25000

2.Қыран кегі (Ертегіден алынған поэма)

Қазбірмембас

1944

10000

3.Жамбыл. Өмірбаяны туралы очерк. Авт.:С.Бегалин, Ә.Тәжібаев, М.Ритман-Фетисов

Қазбірмембас

1946

15000

4.Төлбасылар. (Очерк. Әңгімелер жинағы)

Қазбірмембас

1948

10000

5.Саяхатшылар.(Өлең, орта мектеп оқушыларына арналған)

КМКӘБ

1948

30000

6.Ермектің алмасы. (Балалар үшін әңгімелер)

ҚМКӘБ

1951

15000

7.Сатжан. Тағы басқа әңгімелер

Жаңа өмір

1953

2100

8.Цимлян теңізі. (Өлең.Балалар үшін)

ҚМКӘБ

1953

30000

9.Жас бұтақ. Әңгімелер жинағы

ҚМКӘБ

1953

20000

10.Жеткіншіктер (Әңгімелер)

ҚМКӘБ

1953

15000

11.Саяхатшылар. (Өлең. Балалар үшін)

ҚМКӘБ

1954

30000

12.Бақыт. (Әңгімелер жинағы. Балалар үшін)

ҚМКӘБ

1956

10000

13. Таңдамалы өлеңдері мен поэмалары. Алғы сөзі Ә.Сәрсенбаевтікі

ҚМӘКБ

1956

10000

14.Көгалды көтергендер. Кіші жастағы балалар үшін әңгімелер

ҚМКӘБ

1957

20000

15.Тың. (Әңгімелер) (Орта мектеп оқушыларына арналған)

ҚМКӘБ

1957

20000

16.Әңгімелер. Алматы ҚМКӘБ,1

ҚМКӘБ

1958

150000

17.Ана қайраты. Ана туралы әңгімелер

ҚМКӘБ

1960

10000

18.Жеткіншік. Таңдамалы әңгімелер. 2-ші басылуы

ҚМКӘБ

1960

13000

19.Мектеп түлектері. Әңгімелер.

ҚМКӘБ

1961

9000

20.Өлеңдер мен поэмалар

ҚМКӘБ

1962

4200

21.Сырлы қайнар. (Балаларға арн. өлең-поэмалар)

ҚМКӘБ

1963

9500

22.Бала Шоқан. Повесть (Жоғарғы кл. оқушыларына арн.)

Жазушы

1964

24000

23.Шығармалары. Өлеңдер мен поэмалар

Жазушы

1966

10000

24.Мұстафа қарттың әңгімесі. Әңгімелер

Жазушы

1966

18000

25.Қыран туралы хикая

Қайнар

1967

8000

26.Уақыт тынысы. Повестер мен әңгімелер

Жазушы

1968

45000

27.Шоқан асулары

Жазушы

1971

43000

28.Сәтжан. Повестер мен әңгімелер

Жазушы

1973

44000

29.Замана белестері. Роман

Жазушы

1975

60000

30. Қыран туралы аңыз. (Повесть және әңгімелер)

Жалын

1976

49000

31.Сахара сандуғаштары (Естеліктер мен әңгімелер)

Қазақстан

1976

15000

32.Есеннің кірпісі. (Әңгіме. Мектепке дейінгі балаларға арналған)

Жалын

1977

25000

33.Екі томдық шығармалар т.1 Замана белестері. Роман

Жазушы

1979

47000

34. Т.2. Повесть пен әңгімелер

Жазушы

1979

47000

35. Ермектің алмасы. Әңгімелер (Мектепке дейінгі балаларға арналған: Қайта басылып шыққан)

Жалын

1985

28000

36. Жамбыл: Өмірбаяндық хикаят.

Жалын

1996

3000

37. Шоқан асулары. Повесть

Балауса

1996

2000

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: writers.kz