- Негізгі бет
- Тағзым
- Қазақ әдебиеті Қалиханынан...
Қазақ әдебиеті Қалиханынан айырылды
Қалихан Ысқақ – 1935 жылы 14 наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданының Топқайың ауылында туған. Жазушы, драматург, кинодраматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, Жамбыл атындағы халықаралық әдеби сыйлығының, Ғ. Мүсірепов атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің құрметті профессоры, Аягөз, Қатонқарағай аудандарының құрметті азаматы.
Проза жанрында жазушының көптеген әңгіме, повестер жинақтары, жеке романдары жарық көрді. Олар: «Дос хикаясы», «Менің ағаларым», «Бұқтырма сарыны», «Қоңыр күз еді», «Тұйық», «Қара орман», «Березовая роща», «Кедры высокие», «Жарық дүние», «Ақсу - Жер жаннаты», таңдамалы шығармаларының бес томдығы. Жазушының жекелеген повесть, әңгімелер жинақтары, романдары орыс тіліне аударылып, «Советский писатель», «Художественная литература» баспаларында басылып шықты. Кейбір таңдамалы шығармалары тәжік, өзбек, қырғыз, татар, башқұрт, украин, шешен, болғар, чех, славян тілдерінде аударылды.
«Ақсу – Жер жаннаты» романы 1992 жылы егеменді Қазақстан Республикасының тұңғыш Мемлекеттік сыйлығын алды.
Қалихан Ысқақ көркемсөз өнерінде қайталанбас суреткер. Оның қаламынан туған әрбір кейіпкер, әр сөз әдебиеттің алтын қазынасы. Қош бол, қазақ прозасының қара нары!
Массагет.kz ұжымы
M. Auelkhan