Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қыркүйек айында Каспий теңізінде ерлікпен қаза тапқан жауынгер Бақытжан Қалыбайға орнатылған естелік тақтаның тұсауын кесті,– деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Естелік тақта сарбаздың өзі оқыған Мақат ауданы Бәйгетөбе ауылындағы Бәйгетөбе мектеп-балабақша кешенінде орнатылды.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр қыркүйек айында Ақтау қаласында өткен «Орталық-2015» оқу-жаттығу кезінде 4 жауынгер ерлікпен қаза тапты. Солардың ішінде Атырау облысы Жылой ауданынан шыққан Асылжан Махамбетов пен Мақат ауданы Бәйгетөбе ауылының перзенті Бақытжан Қалыбай болды. 4 жауынгер де «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Шараға сарбаздың ата-анасы, туған-туыстары, мектеп басшылығы, оқушылар және аудан басшылығы қатысты. Жиналғандар қаза болғандардың рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етті.
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Бақытжан Қалыбайдың қаһармандық қадамы бізге және өскелең ұрпаққа ерлік пен игіліктің өлшемді өнегесі екенін айтты.
«Бақытжан Қалыбай өзімен бірге борышын өтеуші қатардағы жауынгерді құтқару жолында ерлікпен қаза тапты. Бұл ісімен ол өз Отанына және жолдастарына адалдығын, жан-тәнімен берілгенін дәлелдеді. Жатқан жері жайлы болғай. Бұл естелік тақтай көрген жанға Отанына адал қызмет ететін нағыз ер азамат қандай болу керек екенін еске түсіреді!»,– деді аймақ басшысы.
Рәсімге шейіт болған сарбаздың ата-әжесі де келді. Олар осындай азалы күндерде демеу болып, жанға жылу сыйлаған азаматтарға алғысын жаудырды. «Оның алға қойған жоспары ауқымды еді. Отан алдындағы борышын өтеп келген соң, жақсы жұмысқа орналасып, Отаныма ары қарай адал қызмет етсем деп армандаушы еді. Менің ұлымды елеусіз қалдырмай, есіркеп жатқандардың барлығына алғысым шексіз»,– деді құрбанның әжесі. Одан кейін естелік тақтайға гүл қою рәсімі хабарланды.
Бақытжан Қалыбай 1996 жылы Мақат ауданы, Бәйгетөбе селосында туған. 2014 жылы 23 ақпанда Отан алдындағы борышын өтеуге әскерге аттанған еді...