Кеше, яғни, қаңтардың 28 күні ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреты, этнограф, қазақ өнерінің майталманы, белгілі атбегі Қажытай Ілиясұлы өмірден озды. Қазақ руханиятындағы ұлтымыздың өткені мен тек өзіне ғана тән қасиетті болмысын бес саусағындай білетін қадірлі ақсақалымыз енді ортамызда жоқ.
Өмірдерек:
1939 жылы ҚХР-дың Тарбағатай аймағындағы Дөрбілжін ауданында туған. Шыңжаң Тіл институтының (педагогикалық) қытай тілі факультетін бітіріп, «Шыңжаң» газетінің редакциясында аудармашы, сол газеттің Іле, Тарбағатай аймағындағы меншікті тілшісі болып қызмет істеген. 1962 жылы Қазақстанға келіп, 1969 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. «Ара»–«Шмель» журналында, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде фельетонист, бөлім бастығы, Қазақ теледидарында аға редактор, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің Бас редакциясында редактор, «Жазушы» баспасында редактор, «Азамат», «Астана», «Астана дауысы» – «Голос Астаны» газеттерінде Бас редактор, ҚР ҰҒА-ның М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып қызмет атқарған.
«Дастархан» атты ең алғашқы өлеңі «Шыңжаң» газетінде 1959 жылдың күзінде жарияланған. Лирикалық, сатиралық өлеңдері республикалық баспасөз беттерінде 1965 жылдан жарияланып келді. 1967 жылы Қазақстан Жазушылар одағы мен «Лениншіл жас» газеті бірігіп жариялаған жыр мүшәйрасында бас бәйгеге ие болған. 2001 жылдан бастап халықаралық «Сорос—Қазақстан» қорының және бірнеше республикалық жыр мүшәйрасының алты мәрте жүлдегері. 21 ән мен 3 күйдің авторы.
Шығармалары:
Қайран жастық. Өлеңдер мен поэма. А., «Жазушы», 1974; Усойқы. Сықақ өлеңдер мен мысалдар. А., «Жалын», 1978; Маймылдың мәдениеті. Сықақ өлеңдер мен мысалдар. А., «Жазушы», 1981; Біле білсең. Сықақ өлеңдер. А., «Жазушы», 1985; Қалақай қамшы. Бір томдық сатиралық өлеңдер. «Атамұра», 2001; Тас жарған. Лирикалық өлеңдер. А., «Өлке», 2001.
ИТТІҢ СЫНЫ
(Абайша)
Шот маңдай, кетігі бар, шойын құлақ,
Ешкі бас, есек мойын, бөтен қабақ.
Аузы обыққан жымысқы, пайда жанды,
Ой келте, сумаңдаған болса, шолақ.
Теке тіл, бұқа мұрын, темір тісті
Опасыз, өңі салқын, кебін түсті.
Оның дерті – сүйекті бөксесінде,
Өлшеп жұқпай, шошынды... «Өкінішті!»
Атақты ұры ит екен түбін білсек,
Үйрендік иттігіне бұрын күлсек.
Екі көзі ішіп-жеп қарағанда,
Жан түгіл, мал жуымас, айдап көрсек.
Бозбала әуліктіріп үргізгендей,
Терісін «ұнты» жасап кигізгендей.
Шаптығып, шапқан аттың құйрығына
Ауызын қалмайды әсте бір тигізбей...
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: жеке мұрағаттан