Қажымұқан ролінде ойнаған актер Әлеухан Бекболатұлы өмірден озды

Әйгілі палуан, цирк әртісі Қажымұқан Мұңайтпасовтың ролінде ойнаған актер Әлеухан Бекболатұлы кеше, 19 қаңтарда Қарағандыда өмірден озды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі журналист Ескендір Ертаевқа сілтеме жасап. 

Ертаевтың айтуынша, өнер иесі жүрегі сырқатынан қайтыс болды. Марқұмды шығарып салу рәсімі 20 қаңтар күні Қарағанды тас жолындағы "Райымбек" дәмханасында өтеді.

Әлеухан Бекболатұлы 1955 жылы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында туған. Ол Қажымұқанның роліне жүздеген үміткердің арасынан іріктелген. 

Режиссер Сұлтан-Ахмет Қожықовтың "Знай наших" фильмін "Қазақфильм" киностудиясы 1985 жылы түсірді. Фильм сюжеті бойынша, ХХ ғасырдың басында қазақтың палуаны Қажымұқан үлкен аренада белдеседі. Бұдан кейін палуан Парижге барып, жеңіске жетеді. Айта кетейік, фильмде Әлеухан Бекболатұлы, Дмитрий Золотухин, Александр Фуфачев, Сослан Андиев, Фёдор Сухов, Аскольд Макаров, Елена Акифьева, Георгий Мартиросян сияқты актерлер де ойнады.

сурет: kino-teatr.ru