Қазақ әдебиеті тағы да ауыр қазаға ұшырады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын, бірнеше танымал ән мәтіндерінің авторы Әбдірахман Асылбеков 81 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Абдрахман Асылбек 1938 жылы 1 мамырда Жамбыл облысының Талас ауданына қарасты Үшарал ауылында туған.ҚазПИдің тарих-филология факультетін бітіргеннен кейін мектепте мұғалім болған. Аспирантурада оқыған.Облыстық газетте, республикалық Қазақ радиосында, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде қызмет жасаған. Сондай-ақ, Жазушы, Жалын баспаларында, Қазақстан Жазушылар одағындағы көркем әдебиетті насихаттау бюросында, Қазақстан Жазушылар одағының Жамбыл облыстық бөлімшесінде, республикалық Әділет, Мәдениет, Заң, Көзқарас газеттерінде қызмет істеген. Заңгер журналында бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, ҚР Бас Прокуратурасының Құқықтық Қазақстан газетінің Бас редакторы болған, осы газетте бас редактордың орынбасары қызметін атқарған. 1955 жылы Бейбітшілік бақшасы, Жауды аяған жаралы сияқты тырнақалды шығармалары басылған. Балаларға арналған алғашқы өлеңдер жинағы 1961 жылы жарық көрген. Содан бергі уақытта 31 жыр кітабын шығарған.Атап айтар болсақ, Жапырақтар, Қиял қиясында, Алтын дән, Алатау аясында, Ғажап бала, Балам туралы баллада, Әлемге үні тараған, Көкорай көктем, Түрлі-түрлі бала бар, Туысыңды таптың ба?, Светофор сыры, Алтын арай, Ерден атайдың ертегілері, Достық балладасы, Байқа, балақай, Бәйшешектер, Хантау қойнауында, Ақ тілек, За тучами солнце, Сауысқанның сәлемі, Сиқырлы сыбызғы, Ақ моншақты аруым, Шапағат шуағы, Балбұлақ, Айдай сұлу аруым, Әнші бала, Сүйеді екем, Биназар батыр, Байғозы батыр, Құранға құрмет, т.б. лирика, ән мәтіндерін жазып, сатира және аударма жанрларымен де айналысқан. Көптеген байқаулардың жеңімпазы, жүлдегері атанған.