Қазақ әдебиеті ауыр қазаға ұшырады. Қоғам қайраткері, ҚР-ныңеңбексіңірген мәдениет қызметкері (1984), Қазақстанның халық жазушысы (1992) Шерхан Мұртаза дүниеден озды. Шерхан Мұртаза 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы Жуалы ауданы, Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген.Жазушы 1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Жастық шағында Лениншіл жас пен Социалистік Қазақстан газетінің тілшісі болып қызмет еткен. 1963-1970 жылдар аралығында Лениншіл жас газетінің редакторы қызметінде болған. Одан кейінгі кездері Жазушы баспасы мен Жалын альманахының, Жұлдыз журналының Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, Қазақ әдебиеті газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарған. Жазушының әр жылдары жазылған Табылған теңіз, Белгісіз солдаттың баласы, Ахметжанның анты, Мылтықсыз майдан повестері, 41-жылғы келіншек, Интернат наны әңгімелері, Қара маржан, Жүрекке әжім түспейді, Не жетпейді?, бес кітаптан тұратын Қызыл жебе, Ай мен Айша романдары қазақ прозасына қосқан өшпес туынды болып қалары сөзсіз. Жазушы аударма саласында да сүбелі еңбек атқарып,әлемге әйгілі қырғыз елінің жазушысы Шыңғыс Айтматовтың туындыларын қазақ тіліне тәржімалады. Қырғыз жазушысының Қош, Гүлсары, Ботагөз, Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет, Боранды бекет, Жан пида атты повесть, романдарын орысшадан аударды.Ганс Андерсеннің әңгімелерін, венгр халық ертегілерін, Мұстай Кәрімнің Біздің үйдің қуанышы повесін, Э.Эрскиннің Марыкчан балалары романын, Л.Лагиннің Хоттабыч қарт повесінқазақша сөйлетті. Қазақтың заңғар жазушысы, мемлекет қайраткері Шерхан Мұртазаның қазасына байланысты бүкіл қазақ жұртшылығына қайғыра көңіл айтамыз. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.