Бүгін халыққа танымал "Нурикамал" әнінің авторы Тұрдықылыш Ізтаев 71 жасқа қараған шағында бақилық болды. Бұл туралы Түркістан облыстық мәдениет басқармасы facebook парақшасында хабарлады.
Жазбада "Осыған орай марқұмның туған-туыстары мен ұл-қыздарына қайғырып көңіл айтамыз. Марқұмның жатқан жері жайлы, иманы саламат болсын!"- делінген.
Тұрдықылыш Ізтаев 1949 жылы 30 маусым күні Түрікменстан Республикасының Тахтабазар ауданында дүниеге келген. 1968 жылы Шымкент музыка училищесін, 1973 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияны, 1993 жылы Ленинградтағы Н.К. Крупская атындағы мәдениет институтының аспиратурасын бітірген.
Еңбек жолын 1973 Әл-Фараби атындағы Шымкент мәдениет институтында бастап, осы ұжымда 1994 жылға дейін табанды қызмет етті. Халық аспаптар кафедрасының доценті. Ш.Қалдаяқов атындағы облысы филармонияның көркемдік жетекшісі, халық аспаптары оркестрінің дирижері. Ол 20-дан астам ғылыми және оқу әдістемелік жұмыстардың авторы. Әндері жеке альбом болып "Махаббат – өмір" деген атпен жарық көрді.