Қазақтың жазба және ауыз әдебиетіне үлесі өлшеусіз жазушы, ақын, ғалым ағамыз Жұмаділ Маман кеше, 17 қарашада Алматы қаласында қайтыс болды. Елі үшін қосқан ересен еңбегін мәңгілік дей отырып, ардагер ағамыздың топырағы торқа болсын демекпіз.
Аға редактор, танымал ақын, белгілі жазушы, қоғам қайраткері Жұмаділ Маман 1941 жылы ҚХР Іле Қазақ облысы Күнес ауданының Түрген ауданында дүниеге келген.
1956-1959 жылдары Шыңжаң педагогика институтының әдебиет факультетінде білім алған. Еңбек жолын 1959 жылы "Іле жастары", "Іле өрендері" газеті редакциясынан бастап, Қытайдағы қазақ тілді басылымдарда тілші, редактор қызметтерін атқарады. Іле Қазақ автономиялы облыстық туынды жарату кеңсесінің бастық орынбасары қатарлы міндеттерді өтеген танымал қаламгер. 1985 жылдан 2003 жылдың сәуіріне дейін Іле Қазақ облыстық әдебиет-көркемөнершілер бірлестігінің төрағасы, "Іле айдыны" (қазақ, ұйғыр және қытай тілдерінде) журнал мекемесінің бастығы әрі бас редакторлық міндетін атқарған.
Алғашқы әдеби жасампаздығын 1958 жылы "Емен сыры" атты балладасымен бастаған қаламгер қазірге дейін мыңнан астам өлең, толғау, 20-дан астам дастан, баллада, 100-ге жуық әңгіме, очерк, естелік, эссе, повесть, "Әкбар-Сейіт" өлеңмен жазылған роман, "Жұмаділ дастандары", "Әке баурындағы бала" әңгіме-повестер жинағы, "Тұнық дауыс" өлең-поэмалар жинағы, "Айқай" аударма кітап, "Ән сыры - жан сыры" ғылыми мақала, эсселер жинағы, "Күмбезге түскен күн шуақ" повест, хикаяттар жинағы, "Ашық есік алдында" эсселер жинағы, "Әкбар батыр" және "Адамның бұлбұлы Әсет" тарихи эссесі, "Көпірдегі көкжалдар" (әңгіме, повестер жинағы), "Жырақтан жеткен жыр дерек" сынды 15-ке жуық кітап авторы баспадан шығып оқырманмен жүздесті.
Жұмаділ Маманұлы Қытай халық жазушылар қоғамының, Қытай аз ұлттар әдебиет зерттеу қоғамының, Қытай Манас зерттеу қоғамының, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ШҰАР әдебиет-көркемөнершілер бірлестігінің тұрақты жорасы, Шыңжаң Таңжарық зерттеу ғылыми қоғамының орынбасар төрағасы, Іле қазақ әдебиет-көркемөнершілер бірлестігінің төрағасы, Оның есімі мен еңбектері "Халықаралық әйгілі адамдар", "Жоңго мамандары" қатарлы кітаптар мен сөздіктерге енгізілген.
Дайындаған: Қайсар Қауымбек
Сурет: Жеке мұрағат