ҚРҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шора Сарыбаев 93 жасында дүниеден озды. Бұл жайында Қайрат футбол клубының ресми сайты хабарлап, ғалымның туған-туыстарына көңіл айтты. - Шора Шамғалиұлы 250-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Ұзақ жылдар бойы Қайрат футбол клубы туралы тарихи деректерді жинақтаған. Тың деректері халық командасының қорын молайтты. Ерен еңбегінің арқасында Қайрат футбол клубы мұражайы көптеген тың туындылармен толықты. Қайрат футбол клубы өзінің ең белсенді және құрметті жанкүйерінің дүниеден озуына байланысты Сарыбаевтар отбасына көңіл айтады, - деп жазылған ресми хабарламада. Шора Шамғалиұлы Сарыбаев 1925 жылы 2 наурызда Ташкент қаласында дүниеге келген. Тіл білімі маманы, филология ғылымдарының докторы, профессор. Ғылыми зерттеу еңбектері диалектология, морфология, лексикология, лексикография, библиография, тіл тарихы, аударма, есімнама, алтаистика мәселелеріне арналған. С.Аманжоловтың тілдегі диалектілерді топтау теориясын әрі қарай дамытты, диалектология саласындағы терминдердің қалыптасуына атсалысты. Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігін (1966), Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігін (1969), Жаңа атаулар сөздігін (1992) құрастырушылардың бірі. Қазақтың аймақтық лексикографиясы (1976) монографиясы түркітану ғылымында аймақтық лексикография теориясына арналған алғашқы еңбек. Қазақ тіл білімінің библиографиялық көрсеткіші атты 6 томдық (1-т. 1965; 2-т. 1971; 3-т. 1977; 4-т. 1982; 5-т. 1987; 6-т. 1994) еңбегі арқылы қазақ тіл білімінің тарихын зерттеу ісіне зор үлес қосты. Ол Түркітану әдебиетінің библиографиясын (1989) бастырып шығарды. Қазақ тіл білімі саласында қорғалған 1000 кандидаттық, докторлық диссертацияның библиографиялық көрсеткішін құрастырды (2000). 1965 жылы АҚШ-тағы Гарвард корпорациясының мүшелігіне сайланған, ГФР-да (1975), Түркияда (1994) өткен халықаралық конгресс, конференцияларда баяндамалар жасаған. Құрмет орденімен марапатталған.