25 қараша күні, сағат 16.00-де Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар және жасөспірімдер театрында Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Бақтыгереевтің туғанына 80 жыл толуына орай актерді еске алу кеші өтпек. Бұл жөнінде театрдың баспасөз қызметі хабарлайды.
1933 жылы Атырау қаласында (қазіргі Гурьев) өмірге келген Мұхтар Бақтыгереев өзінің өнердегі ең алғашқы қадамын 1948 жылы Гурьевтегі облысаралық музыкалық театрдан бастады. Өзінің дарынын шыңдау барысында өнер ордасы – Алматыға келіп, Асқар Тоқпановтың көмегімен өнер училищесінің үшінші курсына оқуға алынады. 1958 жылы осы оқу орнын тәмамдаған жас актер өз еліне оралады да, сонда аз уақыт болады. Кейінірек Алматы шаһарына қайта келіп, өзінің шығармашылық жолын бастайды. Сол жылдары Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар және жасөспірімдер театрына актер болып қабылданады. Театрдағы рөлдерінен тыс кинофильмдерге де түсе бастайды. Қырғызстан мен Қазақстан кинематографистері бірлесіп түсірген «Алыстағы тауда» Құлтемір бейнесін, М.Бегалиннің «Шұғыла» фильмінде, сондай-ақ «Шабандоз қыз», «Ұлым меніңде» Есен бейнесін, «Тыныштықта» Нартай, «Ақ шаршы алаңда» жаттықтырушы Жұмекен бейнесін, және тағы басқа бейнелерді сәтті сомдаған.
Әйткенмен актердің кино саласынан гөрі театр сахнасындағы сомдаған рөлдері көбірек. Өзінің шығармашылық жолында театр сахнасында 200-ден аса рөлді сомдаған актердің театр өнеріне сіңірген еңбегі орасан.
Актердің театрдағы сомдаған рөлдері: И.Байзақов «Ақбөпе» (Құдияр), Қ.Сатыбалдин «Аягөз Ару» (Шатшәлекей), М.Әуезов «Жас Абай» (Құнанбай), У.Шекспир «Гамлет» (Клавдий патша), Ғ.Мүсірепов «Ақан сері-Ақтоқты» (Науан Хазірет), С.Мұқанов «Мөлдір махаббат» (Бүркіт), Ш.Айтматов «Арманым – Әселім» (Байтемір), Р.Ғамзатов «Тау қызы» (Осман), М.Кәрім «Ай тұтылған түн» (Дәруіш), Ә.Тәжібаев «Жомарттың кілемі» (Жомарт), Мольер «Скапеннің айласы» (Сильвестр), Ә.Әбішев «Нұрлы жаңбыр» (Бағлан), М.Байджиев «Әр үйде мереке» (Азат Сұлтанович), О.Бодықов «Отырар ертең қирайды» (Қайырхан), С.Сейфуллин «Қызыл сұңқарлар» (Нестеров), Ш.Мұртаза «Қызыл жебе» (Кушекин), Н.Хикмет «Әпенді» (Нури), Қытай драматургі Сао Юйдің «Тайфун» (Лу Гуй) тағы басқа әлем классиктерінің шығармаларын ойнады.
Мұхтар Бақтыгереев алпыстан аса кинофильмді дубляждап, ел арасында «Дубляж патшасы» атанып кеткен.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: kino-teatr.ru