Біз білген Нұртас осындай еді...

Біз білген Нұртас осындай еді...

Кеңес АУХАДИЕВ, мемлекет және қоғам қайраткері:

Биік адамгершілігі көрініп тұратын

– Есімде ерекше қалғаны – Нұртас аман­дасқанда жылы шыраймен, жымиып тұ­рып амандасатын. Ол түр-әлпеті бір қа­раған­да-ақ есіңде қалатын адам болатын. Мы­салы, біздің алдымыздан көп адам өте­ді. Кейбіреу­мен амандасасың, тіпті ара­­ласып та жүресің. Соның көбі есіңде қала бермейді.

Кейіннен тіпті «түрі қалай еді» деп те ойлай­сың. Ал Нұртастың бейнесі бір көр­геннен-ақ көз алдыңда қалып қояды. Оның жылы шырайы ар жағындағы биік адамгер­шілігін көрсетіп тұрғандай бо­латын. Өмірі қысқа болғаны өкінішті-ақ. Не дейміз, мар­құмның иманы серік, жат­қан жері жай­лы болсын...

Көпжасар НӘРІБАЕВ, ҚР ҰҒА академигі:

Нұртасқа қандай атақ берілсе де артық емес

– Нұртастың әкесінен қабылдаған кере­мет бір қасиеті – ол кісі де елге, халыққа жақ­сы­лық жасап жүретін. Нұртаста әкесінің сол қасиеті, тектілігі бар. Нұртас осы үлкен әу­лет­тің сенімін ақтады, Қазыбаевтар әу­летінің абы­­ройын асырды, мерейіне мерей қосты. «Е, мынау Кәкімжанның ба­ласы екен ғой, Қа­зыбаев екен ғой» деген­дей үлкен абы­ройға жетті. Және тек қана әулеттің емес, бү­кіл халықтың, елдің, қа­зақтың аза­маты бол­ды.

Қызмет істеген ұжымы, дәрігер достары бар, Нұртасты есте қалды­ратындай шара­ларды жасауы тиіс. Мысалы, хирургия бө­лімшесіне ме, басқаға ма, Нұртастың атын берсе, жақсы болар еді.

Күнделікті көрген, білген, араласқан әріптестерінің естелігін жинап, кітап етіп шығарса, жақсы болар еді. Нұртасқа қандай атақ берілсе де, нендей сый-құрмет жасалса да артық емес.

Әшім ҚУАНЫШБЕКОВ,  ҚР Президенті Іс басқармасы Орталық клиникалық ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі:

Жастарды үйретуден жалықпайтын

– Нұртас әдепті, сабырлы, өте білімді бо­латын. Шетелдіктер оны жұмысқа шақы­рып, жақсы жалақы төлеп, барлық жағ­дайын жасаймыз дегенде де, туған Отанын тастаған жоқ. Қайта мүмкіндігі болғанша аурухананы көтеруге барын салды. Нағыз патриот еді. Интернеттен шетелдік жаңа­лықтарды бақылап, егер операция жасау­дың жаңа үлгісі, жаңа методикасы шықса, дереу сол елге барып, оны үйреніп, осында енгізуге тырысатын. Бізді үйрететін. Мұн­дай жігіттер бүгінде кемде-кем. Қазір еш­кімді ешкім үйретпейді. Тіпті біліп тұрса да, оны қолданудың жолдарын айт­пайды. Се­бебі ертең өзіне бәсекелес болып, зияны тиеді деп қорқады. Ал Нұртас қайта жастар үйренсе екен, білсе екен, соңғы техноло­гия­ларды меңгерсе екен деп жүгіріп жүре­тін. Халықаралық конференциялар ұйым­дастырып, шетелден білікті мамандар ша­­қырып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік жа­сайтын. Бір ерекше қасиеті, ол атақты адамдардың бәрін танитын, тіпті аты-жөн­деріне дейін жатқа білетін еді.

Мәселен, кешкі уақытта үйіне қайтарда ауру­хананың бесінші қабатынан төртіншіге түскенде үл­кен жазушы немесе ғалымды көрсе, мін­детті түрде сәлем беріп, жағдайын сұрап, мә­селесі болса, дереу шешіп бере­тін. Үшін­ші, екінші, бірінші қабатқа түскен­де де со­лай. Жалпы, ол аурухананың қақпасына же­тем дегенше бір-екі сағат уақыт кететін. Алдынан шыққан адамның барлығының халін сұрап, егер мәселесі болса, шешпей кет­пейтін...

Дулат ИСАБЕКОВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

Медколледжге атын берсе, құба-құп

– Нұртастың қазасымен бірге еліміздің денсаулық сақтау саласының бүтіндей бір қабырғасы опырылып түскендей болды. Өте өкінішті. Оның орнын басатын жігіттер жоқ деп айта алмайсың, бар шығар. Бірақ дәл Нұртастай бола ала ма, жоқ па? Атадан келе жатқан қасиеті бар еді, тектілігі бар еді. Азаматтығы жүрегімізде мәңгі сақта­лады. Үлкен ғалым, үлкен маман, үлкен аза­мат еді. Оны ұлықтау үшін атына бір көше берсе де, артық болмас еді. Оның жасаған еңбектерін талдау, оны жұртқа түсіндіру мақсатында өз алдына жеке монография жазса да орынды. Сол сияқты Алматыда аты жоқ медициналық колледж­дер толып жатыр. Солардың біреуіне атын берсе, құба-құп болар еді.

Қалай болғанда да Нұртас Қазы­баевтың атын мәңгіге есте қалдыратындай бірдеңе жасау керек және ол соған тұрады.

Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ, ҚР Халық әртісі:

Нұртасқа қарап сабаға түсетін едік

– Адамгершілік қасиет азайып бара жат­қан мынадай қасқыр мінез, қасап заманда, қайырымсыз кезеңде Нұртастай азаматтар көп болса, еліміз де баяғы атадан балаға дәстүр болып келе жатқан жақсы мінезіне қайтып оралар еді ғой, тәйірі. Бүгінгі жас­тарымыз шыбық тимес шыңқ етер. Осы Нұртастар, міне, соларға үлгі бо­ла­тындай еді. Мысалы, өзіміздің де міне­зіміз жетісіп тұрған жоқ. Бірақ сол Нұртасқа қарап са­баға түсетіндей едік.Нұртаспен дидар­ла­сып, оның үнін тыңдап отырып, «қазақтан ұлылық, тектілік кеткен жоқ, міне, біздің осындай азаматтарымыз бар» деп шү­кіршілік айтушы едік. Осының бәрін ой­лаған кезде ішің ауырады, жүрегің қан жы­лайды.

alashainasy.kz

Сурет: Нұртас Қазыбаевті еске алуға арналған facebook.com-дағы арнайы парақшадан

Р. Роза