Бүгін – "тұтқын баланың" туған күні

Бүгін – "тұтқын баланың" туған күні

Бүгін – мемлекет және қоғам қайраткері, Түркістан Республикасы Халық комиссарлары Кеңесінің төрағасы, Түрксіб құрылысының негізін салушылардың бірі Тұрар Рысқұловтың дүниеге келген күні.

Алаштың арда азаматы 1894 жылы Верный уезіне қарасты Шығыс Талғар болысында (қазіргі Алматы облысы) туылған. Әкесі Рысқұл Жылқайдаров 1904 жылы желтоқсанда патша үкіметінің зорлық-зомбылығына қарсы шыққаны үшін он жыл каторгалық жұмысқа кесіліп, Сахалинге жер аударылады. Он жасар Тұрар да Верныйдағы түрмеде әкесінің қасында болады.

1907-1910 жылдары Тұрар Меркедегі орыс-қазақ бастауыш мектебінде, 1910-1914 жылдары Бішкектегі ауыл шаруашылық училищесінде оқып, бау-бақша мамандығын алады. 1914-1916 жылдары Меркеде және Ташкент түбіндегі бау-бақша ісімен айналысады. 1916 жылдың жазында Әулиеата оязында отаршылдыққа қарсы қарулы көтерілісті ұйымдастырғаны үшін қамауға алынады. Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы жас интеллигенттердің саяси сауаттану мектебі болды және олардың тағдырын айқындап берген ұлы қозғалыс еді. 1917 жылғы революция кезінде патшаның тақтан құлағанын естіген Т.Рысқұлов Ташкенттегі оқуын тастап, Әулиеата оязындағы Мерке ауданына келеді. Онда еркіндік пен тәуелсіздік үшін күресу мақсатында 1917 жылдың басында «Қазақ жастарының революциялық одағын» құрады. 1918 жылы Әулиеата оязы Совдепі төрағасының орынбасары қызметін атқарады. Қазан айында Кеңестердің VІ съезінде ТүркОАК құрамына кіреді. Одан кейін Түркістан Республикасының денсаулық сақтау халкомы болып тағайындалады. Түрлі қызмет атқарып, 1920 жылы Түркістан Компартиясы ОК-нің мүшесі, Түркістан АКСР ОАК төрағасы болып сайланды.

Тұрар Рысқұлов – терең ойлы, болашақты болжай білген әлемдік деңгейдегі реформатор тұлға. Ол – экономика, мәдениет, дипломатия, тарих, ғылым, білімнің әр саласын жете меңгерген аса талантты адам. Тұрар түркітілдес халықтардың конфедерациясын жариялы түрде ұсынып, экономикалық-саяси жақтан тәуелсіз болуды армандаған. Қанаушылықты, отаршылдықты, шовинизмді, ұлттық саясатты бұрмалаушылықты орталық үкіметке ашық жеткізген. Ол шаруашылықтың барлық саласына ұтымды ұсыныстар айтты. 

Тұрар Рысқұлов ұлттық экономиканың, өнеркәсіптің, тіпті тұрғын үй және коммуналдық шаруашылықтың, т.б. әлеуметтік-саяси маңызы бар өндірістік салалардың дамуына ұшан-теңіз еңбек сіңірген. 

Оның қаламынан ондаған кітап-кітапша, 100-ден аса мақала шығып үлгерген екен.

1937 жылдың мамыр айында Мәскеуде қамауға алынған. 1934 жылы құрылған «Бүкілодақтық біріккен орталықты» ұйымдастырушы деген айып тағылған. 1938 жылдың 10 ақпанында ату жазасына ұшыраған. Алматыда ірі даңғылдардың бірі Рысқұлов есімімен аталады.

Тұрар Рысқұлов – басшы бола білмектің, басқара білмектің, ел мен жерге, халыққа қызмет етпектің, зиялылық пен зияттылықтың үлгі-өнегесін көрсете білген тұлға. Түркі ұлттарының түгел тағдырын тым-тым тереңнен ойластыра алған, елінің маңдайына біткен азамат. Және оның есімі қазақ халқының жүрегінде мәңгілікке сақталатын болады.

 

Материалды дайындау барысында ғаламтор беттеріндегі деректер пайдаланылды.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаев

Сурет: alashainasy.kz