Бүгін – қазақтың маңдайына біткен ұлы әрі әйгілі жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің туған күні. "Соңғы көш" романымен қазақ әдебиетінің классикалық жанрына тыңнан сүрлеу салған жазушының айтқан ойларын ұсынып отырмыз.
Кейде қызық .... Өткен өмірді қайтарып әкелу мүмкін емес, әрине. Бірақ оның кейбір тоғыз тарау түйіндерін қайталап бастан кешіруге әбден болады. Кейде тіпті өмір бойы шеңбер айналып жүргендей әсер аласың. Бұрын басып өткен таныс жолдар, таныс суреттер бір бүйірде қалып бара жатады...
Тарихтың аты тарих. Сен оны ұнатасың ба, ұнатпайсың ба, бәрібір өшіріп тастай алмайсың. Өмір дегеніңіз жарамсыз жерін қиып тастайтын кинопленка емес қой... Бақыт дегенің – өмірді өкінбестей етіп сүру.
Жігіттің басы сыйлы болса, атақ-дәреже өзі келіп табады. Ер-азамат ең алдымен адамгершілік, ізгілік жолын қуса жарасады. Шамаң келсе, өз еліңе зәредей болса да жақсылық жасаудың қамын ойла...
... Мына бір ән не айтады? Осынау өмірдің баянсыздығын, қамшының сабындай қысқалығын арман етеді. Соның ішінде әсіресе оң жақта отырған қыз ғұмыры қандай қысқа, қыз жолы қандай жіңішке?! Көктемде күн көзіне бой созып, қаулап шыққан қызғалдақтай, кемді күн көздің жауын алып, үкісі бұлаңдап жүреді де, бір күні амалсыз бейтаныс жат жерге ұзатылып кете барады...
"Тектілік сияқты, Сатқындақ та тұқым қуалайтыны рас шығар".
Дүниеде сөзден көне, сөзден берік ескерткіш жоқ.
Осы өмірдің мәнін білмей тұрып, қалай тіршілік етуге болады? Ауылға бару деген идея маған осылай туды. Су басынан тұнады. Осы ағып жатқан өмір өзенінің басына барып көргім келеді. Қайдан шықтық, қайда кетіп барамыз? Соған көзім жетсе, көңілім де тыншығар...
«Қазақ тілі – өзінің даласындай кең пішілген жайдары да жалпақ тіл. Оған қысылып-қымтырылу, ерін ұшынан шүлдірлеп-былдырлау мүлде жат. Қазақ нені айтса да ауызды толтырып айтады. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей еркін есіп тұрады. Қазақ тілінің биязы мақамы – домбыраның күмбір қаққан сазындай. Асқақ әуенділігі шырқап салар әніндей. Шешендерден шыққан қарасөздің өзінде өлеңге бергісіз келісім, іштей үйлескен ырғақ болады. Сөз бен сөз,дыбыс пен дыбыс өзара ұйқасып, жымдасып жатады. Тыңдаушысын бірден үйытып әкететін осы үндестік пен әсем ырғақ құлақ түбіне хрустальдай сыңғырлап, қазақ тілін сұлу да сиқырлы етіп көрсетеді. Кейде қазақ болып туғаның үшін және әлемдегі ең бай, ең сұлу тілде сөйлегенің үшін өзіңді бақытты сезінесің»