Бүгін журналистиканың тарланы, тау тұлға – Марат Кәрібайұлы Барманқұловтың туған күні. Егер бүгін арамызда болғанда, 78 жасқа толар еді. Марат Кәрібайұлын танымайтын қазақ баласы кемде-кем. Оқыста, «ол кім еді?» деп сұрап қалсаңыздар, ол – филология ғылымдарының докторы, профессор, түрколог, публицист, қазақ журналистиканың негізін қалаған ірі тұлғалардың бірі.
Марат Кәрібайұлы 1937 жылы 13 ақпанда Алматы облысы, Талғар қаласында дүниеге келген. ҚазМУ-ды (қазіргі Қазақ ұлттық университеті) және Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген. Бұқара халыққа ақпарат таратуды мақсат еткен Марат ағамыз ҚазҰУ қабырғасында бірталай жыл еңбек етті. Тарқата айтсақ, журналистика факультетінде ассистент, деканның орынбасары, кафедра меңгерушісі, декан, 1986 жылдан кафедра меңгерушісі болған. 1980 жылы «Қауымдастық және баспасөз, теледидар, радиохабар жанрларының ерекшеліктері» («Общность и специфика документальных жанров печати, телевидения и радиовещания») атты докторлық диссертациясын қорғаған, «Телевизия: бизнес әлде билік»(«Телевидение: деньги или власть?»), «Ғарыш телевизиясының мүмкіндіктері» («Возможность космического телевидения») атты тағы басқа еңбектері жарық көріп, осы салада ізденген мамандарға бүгінгі күнге дейін таптырмас тұздық болып жүр. Артына мол мұра, өшпес із қалдырған Марат Кәрібайұлы 2000 жылдың 9 мамыр күні дүниеден озған еді.
«Ақынның заты өлгенмен, хаты өлмейді» демеуші ме еді?! Бүгін де артындағы елі, ұрпағы ол жайында ғасыл естеліктер айтып, жиі еске алып отырады. Әділдік сүйген қасиеті оны өзге жандардан ерекшелеп тұратын. Өтірік айтпау - оның өмірлік ұраны боп келген. «Ар-намыс – журналисттің басты қаруы» деп, студенттеріне қанат бітірген кемеңгер тұлға намыс пен шындықты қатар алып жүрсе ғана тілшінің оқырман санының артатынын айтқан. Қазақ телерадио журналистикасының негізін қалаған Марат Кәрібайұлы кемеңгерлік тұлғасымен ел жадында мәңгі сақталады. Елі үшін еміреніп, ерінбей еңбек еткен журналистика тарланының жақсылықтары жайында сыр шертсек, айтылар ойдың шегі жоқтай. Айтып тауысамын деу де бос әурешілік, тек кем түсіп қалмасақ екен деген бір тілек қалам сілтеуге қадам бастырды.
Сара сөзден сыр ұғуға тырысқан ағалар салып кеткен сара жолынан жаңылмай жүріп келе жатқан Массагет порталының ұжымы Марат Барманқұловтай тау тұлғасын қабырғасы қайыса еске алады. Қашан да осындай халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, маңдайына біткен ардақты да арда азаматтарының қатары көбейе берсін!
Сурет: massaget.kz