Бүгін Би-ағаң – Бейімбет Майлиннің туған күні

Дәл бүгін қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі – Бейімбет Майлиннің туған күні. Кедей өмірін бір үлкен цикл етіп жазған оның «кедей» мотиві толықтай ашылып, заман шындығын көрсеткен. Қысқа әңгіме жанры шеберінің шығармалары бүгінгінің де адамгершілік, әлеуметтік мәселелерін қаузайды, қамтиды. «Маңдайына түскен шашын сұқ саусағына орай ширата отырып, жазудан бас алмайтын» жазушының «Арыстанбайдың Мұқышы» әңгімесі туралы ақын Жәркен Бөдешұлы былай толғаныпты: «Арыстанбайдың Мұқышы» осыншалық қарапайым, осыншалық қысқа шығармаға адам сынды алып, күрделі табиғаттың ішкі, сыртқы пошымы қалай сыйды екен. Ішіне үңілсең тұңғиық көгілдір иірім, сыртына қарасаң мысқылға бөккен іс-қимыл. Күлеріңді де, жыларыңды да білмейсің». Ендеше сізді де, Massaget.kz оқырманы, Би-ағаның әңгімесін қайта бір оқып шығуға шақырамыз...    

Сәбит Мұқанов: «Жұмысының көптігі мен өнімділігі жағынан Бейімбетке тендесетін қазақ жазушысы, әсіресе қазақ журналисі аз болатын»

Ғабит Мүсірепов: «Бейімбет Майлин – әрі теңдесі жоқ әңгімеші ретінде де, әрі прозадағы сүйекті шығармаларды жасаушы ретінде де біздің тұңғыш зергер прозашымыз»

 

Арыстанбайдың мұқышы

Төртбақ, теке көз, шалбар бет қараны көрсең, бұл Арыстанбайдың Мұқышы екен де қой. Мұқыш екенін сездіруге өзі де құмар. Қызмет басындағы адамды көрсе, шырғалап соның маңынан шықпайды.

– Жақсы келдің, шырағым, сені көруге құмар болып отыр едік, – деп өзіңе жастық қоя сені мақтай сөйлейтіні де бар.

– Кеңес өкіметінің жұмысына қасық қаным қалғанша дайынмын! – деп белсенділік көрсететіні де бар.

Онда да түсіне алмай томырықтық істесең: Арыстанбайдың Мұқышы дейтін белсенді кедейің мен боламын! – деп төсін қағып қоюдан да тайынбайды.

Осының бәрін жаудырса, «Мұқыш осы екен ғой» деп өзің де қол қоясың.
Мен Мұқышты бірінші рет ауылдық кеңесте кездестірдім. Ауылдың белсенділерін, комсомолдарын жинап алып колхоздың өндіріс жоспарын істеп жатқанбыз. Екпінімен сең бұзғандай болып біреу кіріп келді.
– Әлгі өкіл қайда? Сіз боласыз ба? – деп маған төне түсті.
Ал жұмысыңыз...

– Жұмысым: белсенді кедей едім. Осы елдегі «Арыстанбайдың Мұқышы» дейтін мен боламын. Батырақтар көрісінен колхозымызға орын келген екен, соған мені жібер десем, бастығымыз жібермейді. Бастығымыз оңбаған неме: Әкесінің әкесі Бәдел қажыға барған кісі. Өзін түсіртіп тастамасам болмас...
Түсіне алмай қайта сұрап едім. Мұқыш шатаққа салды.

– Сіздің мұныңыз «төрешілдік», мұныңыз «оңшыл мен солшылдық»! Мен ізденетін жерді білем, сіздің үстіңізден де іздене аламын, – дейді Мұқыш.
Колхоз өз жұмысына өзі ие, шеттен келген өкіл билеп-төстей берсе, колхоз жұмыс істей ала ма. Мен осы жағдайды айтайын десем, Мұқышым: Мұныңыз асыра сілтеу! – деп шалқаяқтайды. Біреу қисынсыз жала жапса, ісің ақ болса да бетің бір күрең тартпақшы ғой.

Мұқыш кеткен соң отырған жолдастардан сөз тартып көріп едім, біріне-бірі қарап жалтақтасты.

Неге айтпайсыңдар? Айтсаңдаршы, – деді Досан дейтін батырақ.

– Өзің неге айтпайсың? – деп, былайғылары оған түйлікті.

Досан жан-жағына бірер қарап алды да, Мұқыштың кеткеніне әбден көзі жетіп:
– Мұқыштың осы еркелегені жетер. Мұқыштың күманын ашу керек! Мұның кім екенін білесіңдер ме? – деді.

– Білеміз ғой, – деп отырғандар күрсінді.

Сөз аралап кетті. Жұмыс тығыз. Егіс басталғалы жатыр. Жоспарды бүгін қайтсек те бітіру керек. Мұқыш жайындағы әңгіме екінші кезекке ысырылып қала берді.

Орталық партия комитетінің қаулысын түсіндіру туралы ауыл-ауылды өкіл қаптады. «Еңбек» колхозына жағалап мен де келдім. Бір бөлмелі ағаш үйді колхоз басқармасы кеңсеге алыпты, кеңсенің іші жағалай орындық. Басқарма ағасы Сәлім жас жігіт екен. Дүрдиген салалы саусағын созып амандасты. Басынан аяғына шейіп сүзе бір қарап шығып, «нәтің батырақ болар-ау», –деген қорытындыға келдім. Оным дұрыс шықты: басқарма мүшелерінің анкетін қарағанымда, Сәлім кісі есігінде 10 жыл өмір өткізген болып шықты.
– Хат танимын. Малайлықтан босанғаным былтыр ғана еді. Колхоз мүшелері тапсырған соң болып отырмын, – деп Сәлім жайын айтып мұңайды.

Қала модысымен киінген қызыл шырайлы жігіт – колхоз мүшелерінің сауатсыздығын жою үшін келген мұғалім болып шықты.
– Сәлім жолдастың қолы босамайды, жұмыс көп... Әйткенмен, түнге қарай оқытып, ептеп хат танытып келемін, – деді ол.

Үстел үстінде бір қағаз жатыр, «Рапорт» деген сөзді бас жағына ірі қылып жазып қойыпты. Бұл – ауылдық кеңеске жолданылатын «Рапорт». «Еңбек» колхозы егіске әзірлік жұмысын жүз процент дайын қылып, енді, серт орнына бергелі отырған рапорт осы. Рапорттың аяқ жағында арбиған бір жазу тұр. Бұл – Сәлімнің қойған қолы. Өмірі айыр мен күректен босанбаған мына дүрдиген саусақ бүгін жаңа жұртшылықтың серт қағазын сендіріп, мөр орнына шимай таңбасын салып отыр!

– Мұқыш дейтін белсендіміз болатын, естуіңіз бар шығар, – деп Сәлім күлімсіреді.

Елең ете қалдым:

– Ал, ол қайда?

– Ол үйінде, колхоздан шыққан, жеке шаруа, – деді Сәлім.

Ауылдың жалпы жиылысы шақырылды. Мұқыш та келді. Алғашқы көргендегімдей екпін жоқ, бәсең. Әйтсе де, шырға тартып жақындап:
– Жақсы келдіңіз, сізді ынтығып күтіп отыр едік, – деді.

Баяндамадан кейін бірінші сұрауға Мұқыш жабысты:

– Колхоздан шығып, жеке шаруа болып отыруға ерік пе?

– «Ерік емес» деп айтқан адам болып па еді, – деп Сәлім ілінісе түсті.

Мұқыш сұрланып сала берді. Көзі шапыраштанып, ұясынан шығып кететіндей болды. Шарт жүгініп алып, басындағы елтірі бөрікті жерге алып ұрғанда, жамаулы құрым киіздің тозаңы түтін құсап бұрқ етті.

– Сәлім мені ауызға қақты, сөйлетпейді. Мұнысы «Асыра сілтеушілік!..» Мұнысы «Төрешілдік!..» Мен ізденемін! – деді.

– Нені ізденеді: зорлық көрсеткен бар ма? Қысым көрсеткен бар ма?..

«Еңбек» колхозының мүшелері талай жиылыста керісіп ысылып қалғандар екен, Мұқыштың сөзбен дода-додасын шығарды. Додаланған сөзден шыққан қорытынды мынау болды:

1) Арыстанбай атқамінер, қу, ел жегіш парақор болған; Мұқыш соның ізімен жүрген.
2) Колхоз болғанға шейін Мұқыш осы ауылды бір шыбықпен айдап келген.
3) Колхоз боларда 18 ірі қарасы бар екен, колхозға кіргенде үш-ақ қарасы бар. Өзгесін сатқан, сойған, ыдыратқан.

4) Колхозға мүше болып тұрған кезінде жұртты бірімен-бірін байланыстырып, күнде дау туғызып берекені кетірген.

5) Орталық партия комитетінің хатын өзінше түсініп, басқаларды да өзінше түсіндіріп, 12 үйді колхоз қатарынан өзімен бірге алып шыққан.

6) Колхоз құрылысы туралы адам нанбастық өсектер таратқан...

Осының бәрін жалпы жиылыс Мұқыштың мойнына мөлдіретіп салып берді.

Бұл – «Оңшылдық пен солшылдық». Бұл – әкімшілік қолданғандық. Бұл асыра сілтеушілік. Бұл – жеке шаруаға тізе көрсеткендік! Мен бұған көнбеймін, мен ізденем! – деп Мұқыш бурадай бұрқылдады. Тап бетін ашқан кедей-батырақ Мұқыштан именбейді, жауапты қысқа берді.

– Онан арман ізден, қараңды батыр! – деді...

Мұқыштың азғырып алған 12 кедейі жиылыста қатесін мойнына алды:

– Бізді орталарыңа ал! – деді.

– Алайық! – деді жиылыс.

Мен сол ауылдан шыққанымда, тор төбелдің орта беліне жарбиып Мұқыш та аулынан шықты. Былай шыға жолымыз түйісті: көзі ежірейіп, қырықпа сақалы шошаңдап, тор төбелмен сабалап жортып келеді екен.

– Жолдас, мұның асыра сілтеу болды: жеке шаруалардың арасына іріткі салдың, оларды колхозға қайта қуып тықтың, – деді мағап тұнжырай қарап.

Мұқыштың ойынша елге үгіт жүргізу – асыра сілтеушілік болыпты! «Асыра сілтеу», «Оңшыл, солшыл» деген сөздерді қабаттап, көрінгенге жапсырып, талайдың мазасын алған қу-ау дедім.

Апрель 1930 жыл

writeFlash({"src":"https://www.youtube-nocookie.com/v/gTML0CrF0jM?version=3&hl=ru_RU","width":"450","height":"300"});  

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: wikipedia.org, photocentra.ru