Бүгін, яғни, 10 сәуір орыс поэзиясының ең сұлу өкілі Белла Ахмадулина тірі болса 80 жасқа толар еді.
Белла Ахмадулина есімі — өткен ғасырдың 60-жылдарындағы поэтикалық толқынның символы. Шығыс шынарына тән нәзіктігіне қарамастан Роберт Рождественский, Андрей Вознесенский, Евгений Евтушенко сынды ақындар қатарынан өз орнын ойып тұрып алған батыр қыз.
Ақындықтың сара жолына Белла ерте келді, ал 22 жасында өзінің ең танымал өлеңін тыңдарман қауымға ұсынған еді:
По улице моей который год
Звучат шаги — мои друзья уходят.
Друзей моих медлительный уход
той темноте за окнами угоден.
Көптеген советтік әдебиет сыншылары Белланың әсем мәнерлі поэзиясына «ескі», «қарабайыр» деген баға берсе де, идеологиялық өлеңдерден шаршаған әдебиет сүйер жұртшылық оны ыстық ықыласпен қабыл алды.
Ақындық жолы Борис Пастернак, Анна Ахматова мен Владимир Набоков сынды корифейлер заманымен сәйкес келген жас қыз өзінің “ақын” атына шынымен де лайық болуы тиіс еді. Тума талант Белла үшін бұл еш қиындық тудырмады. Ол бар болғаны 19 жасында Горький атындағы Әдебиет институтына оқуға түсе салысымен баршаның көңілін өзіне аударып алды. Ақын ару көпшілік назарын тек өлеңдерімен ғана емес, оларды оқудағы ерекші мәнерімен, сондай-ақ, өз-өзіне деген сенімлігімен жаулап алған болатын. Студент Белла туралы прозаик Кирилл Ковальджи былай деп еске алады: «Ол өз-өзін орыс әдебиетінің үлкен өкілі боларын білетін адамдай ұстайтын».
Белланың әдебиет тарихында аты қаларына ешкім күмән келтірмеді. Иосиф Бродскийдің өзі «Лермонтов пен Пастернактық поэзия ағымының мұрагері» деген баға берген болатын. Ақын әрі драматург Павел Антокольский жас қыздың талантына тәнті боп: «Сәлем саған, Белла есімді ғажайып!» - аталатын арнау жазды.
Поэзия падишасы Белла Ахмадуллинаның мерейтойына орай оның орыс тілінен қазақшаға Ақсұңқар Ақынбаба тәржімалаған өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз.
«Сатқын біткен ар азабын тартады»
Айырмасыз өмір сүру күн сайын,
неткен сұмдық бәрі өліп қалғандай.
Масаң аптап миды ашытқан құрсау мұң,
секілдімін бос тойхана, аңғардай.
Қолға үйренген құбыжықтай жат үйдің,
көз ұясы тамшылардан құрғамай,
санатына кірмей ойдың, ақылдың,
жетектегі тілден тұрмын шыға алмай.
Азабымның думанына шомылып,
құмарлана табалатып жасимын,
санамда жоқ болса-дағы, зорығып,
бақылаймын жұлдыздардың шалшығын.
Бұйдақталып жат еркінде жас әнім,
бас салбырап, келем жалғыз мұз басып.
сұрқы қашқан гүлзарлардан қашамын,
балалар мен хайуандардан жүз жасып.
Өршелене басып,теуіп тепкішті,
кезем жалғыз кең әлемді, өмірді.
ал өзімсіз?Ештеңе емес.Тек,күшті-
қазатын кез болды емес пе кенімді?
Ыстық кектің абалатып ашуын,
Қиын емес қайта тұру жардан сыз.
Айбынды ердің панасына жасырын,
Енсем бе әлде жары болып аңдаусыз?
Сатқын біткен ар азабын тартады,
бірақ,әккі соқырлықпен көреген,
толтырады және түнгі бақтарды,
бос сөздердің қисынына ерленген.
Қандай жұмбақ ғашық маған?
Солғанда-
құтылғаным неге керек біле ме?
ал, маңдайға жазылғаны сол ғана:
құрбан болу ашкөз, тасыр жүйеге.
Міне, мұнда теректер мен өзендер,
ашатындай құпиясын ғасырлық.
жалын ертіп ертедегі мерген қол,
келе жатыр балауызға асығып.
Қарындаштың қалтылдаған жүрісі,
мәңгі құрбан болу үшін асығып
келе жатыр. Суық сезім дыбысы,
тұрғандайын ай нұрына асылып.
Көк пен Жерді тілгілеп көз сұғымен,
жан біткенге жатқа айналған пұттаймын,
тұмандағы ханның тым зор түрінен-
ешкім оның көрген емес түп-жайын.
Таң алдында ар-ұяттан жұрдай боп,
жаңа күнді өкінішсіз қарсы алам.
маңдайымды сипай сүртіп дымдай боп,
онан сайын ойға батам, тамсанам.
1967
***
«Жаңбыр туралы ертегі»
(дастаннан үзінді)
11
Шарап құйды қожайын,
Жылытпақ боп суық шалған бойымды.
Хош, бол Жаңбыр!
Қандай ғажап, қандай нұр,
тілмен тату аяз қатқан тоңыңды.
Раушан гүлдің жұпары аңқып шараптан,
Жүзім жүзіп өтіп жатыр қанымнан,
Раушангүлдер майдандасты бал аққан,
кінәлі емес бірақ, шарап дәл бұған.
Бал шарабым, мен адасқан төреңмін,
басын иген екі ағашқа телі едім.
Бөл біздерді!Қорықпа еш!Мейлі енді,
мені өзімнен бөлсін ажал көнемін!
Үсті-үстіне жасай берем жақсылық,
Қожанасыр секілдімін! Кек, күшсіз.
Тәжім етем алдарыңда бас ұрып,
Терезе,есік арасы ауа өткісіз.
О, Тәңірім, неткен мұнша мейірім!
Бол тездетіп! Бүк тізеңді!Ағыз жас!
Сүйемін мен! Қымсынбайды көңілім,
Бозғылттанып, қисайып жақ, аузым аш.
Не істей алам, сендер үшін бір рет?
Ренжітіңдер! Өкпелетіп аямай,
Міне, терім-жас баладай, ірі бет:
Бейне сәнді кенеп және аядай.
Ұятты да, өлшемді де ұмытып,
Мен сендерді сүйемін!
Құшағым кең: жерді құшқан аспандай.
Барлығымыз бауырласпыз, білемін,
Жаңбыр ұлым! Кел тезірек жасқанбай!
1962
***
Мамыр айы болатын,
менің айым,
еңсерердей көруші ем жеңіл бәрін,
жердің үстін әп-сәтте жаулап алып,
көкке қалқып шығардай жеңіл жаным.
Жомарт едім,кең едім,тауым шыңдай,
бар бақыттан дәмелі дабылшыдай,
ой да жеңіл,бой жеңіл кербездене,
шомылушы ем ауаға қауырсындай.
Шүкір, Алла, байыздап сезім, көңіл,
көп нәрсеге жеткен соң көзім кейін,
әр адымым қиындап, әр ұшқаным,
ауыр тарта бастады сөзім, демім.
Жұмбағымен күндердің жымдастым да,
Маған құлпы ашылды құпияның.
Шолам енді,жан-жақты көпті көрген,
қарияның көзімен сырты жауыр.
Қара қардың үстінде қан басқан күн,
құзғындардың көремін таласқанын,
әйелдердің көңілсіз көздерімен,
киіз басып жатқанын,тарасқанын.
Қай бір жақта шуылдап,думандатып,
шырқын бұзып бәрінің үйді айналып,
балалары басқа үйдің өтіп барад,
гүлзарлар мен бақтардан сырнайлатып.
1959
***
Марина Цветаеваға
Ширек ғасыр: Елебұғы жұмағы,
Маңдайыңда тыныс алып тұрғалы,
Бірақ,сенің теңесе алмас зарыңа,
Жұмақ та аз! Марина.
Қалай сенің соншалықты азабың,
айналды екен бақытыңа шынында,
қосайын ба қалпын бұзған «жаңа жыр»,
мен қайталап жырлап шыққан мұңыңа?
Екі ойсыз-бірі өлік,бірі өлген,
екі шөлейт, еріндері түнерген-
ханшатырлық бақшалардың талдары,
таушатырлық құзарлардың қолдары.
Екеуінің күш қосқанда қос үні,
сөз біткеннің болашағы тосылды.
жақ та талды,себеп те жоқ енді ерен,
қайта-қайта оны жырлай бергенмен...
Бостандық та, тентектік те бар онда,
сот жоғалтқан таңғажайып үнде едім.
ақ парақты масқаралап қоғамда,
ұялмақпыз алдарында кімдердің?
Сүйдің сонша! Ант бермей. Неге –ді?
қоштасусыз қалды қанша жанған түн.
махаббаттың арқасында сендегі,
есімдері кетті алысқа олардың.
Сенің күллі азабыңның ішінде,
екі бірдей жұбанышың бар еді:
екі өлімді білмей кеттің, құр сүлде,
екі өмірді жырлап кеттің мендегі.
1966